Атырауда оркестр онлайн концерт берді

c4c178998849eaab4fbe98768b2e9f33 scaled Жаңалықтар

Аtr.kz/25 мамыр, 2020 жыл. Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі жұртшылыққа онлайн концерт ұйымдастырды. Қалың бұқараның рухын биіктетіп, сабырға шақыруда оркестрдің онлайн режимде өткізген концерттерінің рөлі зор болғаны анық.

Аталған өнер ұжымының домбырашысы, күйші, халықаралық, республикалық конкурстардың жеңімпазы, телевизиялық «Мен қазақпын» мега жобасының Бас жүлде иегері Жәнібек Жәмиев пен оркестрдің әнші-термешілері, республикалық конкурстардың лау­реаты Берік Амантаев пен Бакытбек Сәрсеновтың онлайн концертін көрермендер жылы қабылдады. Қазақтың қара домбырасының қасиетін асқақтатқан аталған шаралар тыңдармандарды да бейжай қалдырмағаны анық. Оны Facebook, whatsАpp әлеуметтік желілеріне келген пікірлер мен сәлемхаттардан анық аңғаруға болады.

Сондай-ақ, республикалық конкурстардың лауреаты, оркестрдің дом­быра тобының концертмейстері Ринат Ғимранов, оркестрдің домбыра­шылары Айболат Ізжанов, Ерболат Хайроллаев, Айтжан Аяпбергенов, Манаргүл Кисманова, Азамат Аққалиев, Бейімбет Кәрімовтердің онлайн концерттері жұртшылықтың қандай кезеңде де өнерге, рухани дүниені байытуға мән беретіндігін көрсеткені рас.

Оркестрдің көркемдік жетекшісі, әнші-термеші Қайрат Какимовтың, оркестрдің домбырашысы Ерболат Хайроллаевтың және «Sarmad» этно-фольклорлық ансамблінің әлеуметтік желілер арқылы қашықтан берген концерттері көрермендер ықыласына бөленді. Республикалық конкурстардың лауреаты Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің әртістері Берік Амантаев пен Бақытбек Сарсенов қашықтан берген концерттерін дуэт түрінде өткізгені айтарлықтай жаңалық болды.

Халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің жеке домбырашысы Жәнібек Жәмиевтың және «Sarmad» этно-фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі, мультинструменталист, өңдеуші, композитор Бауыржан Ақтаевтың лекция концерті ұлтымыздың бойындағы көкбөрі рухты оятып, жан дүниеде сілкініс тудырғаны ақиқат.

Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің әншісі Аманжан Басығариев пен оркестрдің әртісі Жеткіншек Бисембиевтің әлеуметтік желі арқылы қашықтан берген концертіне көрермен разы болып, таңданыстарын жасырмады. Республикалық конкурстардың лауреаты, Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің әртісі Қайрат Жұмағалиевтың онлайн концерті де тыңдармандарын тәнті қылды.

Ал, оркестрдің әртісі, қобызшы, этноөнертанушы, этноаспаптанушы, білім беру менеджменттің магистрі Ақнар Шәріпбаеваның лекция концертінде көрермен киелі қара қобыздың шежіресімен, қобыз атасы Қорқыт, Ықылас Дүкенұлының өмірлерімен, күйлерінің тарихымен танысты. Бұл бір өзгеше сарындағы, қазақы рухты көтеріп, өнердің сәулесін шашқан күн болғаны даусыз.

Ақнар Шәріпбаеваның орындау шеберлігі, ағыл-тегіл білімі мен тыңдарманды баурап ала­тын қасиеті қашықтан берген концертінде де көрініп тұрды. Жұртшылық қазақтың қасиетті қара қобызын жанына серік етіп, сан ғасырдан бергі күй мұрасын зерде­леуден жалықпайтын қобызшы қызға қолдау пікірлер мен сәлемхаттар арқылы разылықтарын білдірді. Оркестр онлайн режимінде жұмысын жалғастыруда.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз