Атырауда Нұрсая ықшамауданында ашылған 900 орындық мектеп алғашқы шәкірттерін қабылдады

IMG 20190902 WA0039 Білім

Atr.kz/2 қыркүйек, 2019 жыл.  Білім күнінде Атырау қаласы Нұрсая ықшамауданында жаңадан бой көтерген  900 орындық N40 жалпы білім беретін орта мектеп есігін айқара ашты.

Білім ордасында «Сәлем саған, сүйікті алтын ұя мектебім!» атты алғашқы қоңырау салтанаты өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева қатысып,барша педагогтар мен оқушыларды,ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

– Бұл күн – ел өміріндегі мәні зор, маңызды шара. Білім күні – әр сәбидің жүрегіне аппақ армандар ұялататын, биік мақсаттарға қол созатын мереке. Әлемдік өркениетке бет алған еліміздің болашағы білім мен тәрбиенің алтын ұясы мектеппен тікелей байланысты. Осы орайда аймақта еліміздің даму қарқынына жауап бере алатын мектеп инфрақұрылымын дамыту, білім нысандарындағы орын тапшылығын жою және сапалы білім беруді дамытуда бірқатар жұмыстар жүзеге асуда. Биыл бес балабақша мен осынша мектептің құрылысы аяқталып, іске қосылды. Қазір 6 балабақша мен 11 мектеп салынуда. Білім алушылар саны өткен оқу жылында 123 063  болса, биыл 8 181 оқушыға артқан. Биыл 15 853 оқушы мектеп табалдырығын алғаш рет аттап, 1-сыныпқа қадам басты, – деген Айгүл Теміртасқызы жаңа оқу жылында білім реформасына енгізілген өзгерістер туралы да айтты. 

– Биыл «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасы Үкіметте қолдау тапты. Бұл құжатта оқушының жұмыс дәптерін тексеру үшін сынып жетекшілеріне екі есе ақы төлеу, мұғалімдердің еңбек демалысын 56 күнге дейін ұзарту, магистр дәрежесі үшін қосымша қаражат төлеу секілді қолдаулар жүзеге асады.Сондай-ақ, салтанатты жиында ардагер ұстаз Хамза Ғабдолла білім ордасының алғашқы қарлығаштарына жаңа оқу жылында сәттілік тілеп, ақ батасын берді. Іші кең де жарық, мұнтаздай таза, осынау зәулім мектеп құрылысын жүргізген мердігер мекеме «НұрКапСтройГаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұролла Каримов білім ошағы директорының міндетін атқарушы Жанаргүл Атчибаеваға ғимараттың символикалық кілтін табыстады. Сонымен қатар, салтанатты жағдайда мектептің лентасы қиылып, сыңғырлап алғашқы қоңырау соғылды. Өнерпаз оқушылар ән мен жырдан шашу шашты. Мектеп директорының міндетін атқарушы Жанаргүл Ерсайынқызы  жаңа мектеп сапалы білім беруге толықтай дайын екенін айтып, барша жиналған шәкірттер мен ұстаздарға сәттілік тіледі.

«Қазіргі уақытта мектепке барлығы 1237 оқушы қабылданды. Оның ішінде 163-і – бірінші сынып оқушылары. Бұған дейін үш ауысымда оқыған N37 орта мектептің оқушыларының бірқатары жаңа білім нысанына ауысты. Сондай-ақ, N16, 5 мектептерден келген оқушылар да бар. 52 мұғалім қызметке қабылданды. Оның ішінде үшеуі жоғары оқу орнын бітірген жас мамандар болса, қалғаны – тәжірибелі, білікті мұғалімдер. Мектепте 2 физика, 2 химия, 6 лингафон, 2 мультимедия, 2 информатика кабинеті және бірнеше сынып бөлмелері,  300 орындық асхана мен акті зал бар. Бұдан басқа, бастауыш және жоғары сыныптар үшін 2 спорт зал салынған. Стадион мен жүгіру жолағы да бар. Көгалдандыру мәселесі де қолға алынған. Ендігі уақытта ел тұтқасын ұстар шәкірттерге сапалы білім беріп, ғимартты күтіп ұстап, айналаны одан әрі абаттандыруға жұмыла қызмет етеміз» деді Жанаргүл Ерсайынқызы.

IMG 20190902 WA0041
IMG 20190902 WA0037
IMG 20190902 WA0038
IMG 20190902 WA0035
IMG 20190902 WA0040
IMG 20190902 WA0042
20190901 105041 1 e1567404191713
IMG 20190902 WA0059
IMG 20190902 WA0043
IMG 20190902 WA0045
IMG 20190902 WA0046
IMG 20190902 WA0050
IMG 20190902 WA0051
IMG 20190902 WA0053
IMG 20190902 WA0054

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз