Атырауда гемодиализ орталығы ашылды (+ФОТО)

dsc 0030 scaled Жаңалықтар

Atr.kz/13 ақпан, 2020 жыл. Атырау қаласында «БИОС» медициналық орталығының гемодиализ жасау филиалы ашылды. Жыл сайын осы дертке шалдыққандар санының артып отырғанын ескерсек, аталған орталықтың пациенттер үшін маңызы зор.

Медициналық мекеменің дәрігері Святослав Медведовтың айтуынша, гемодиализ – созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі кезінде қанды бүйректен тыс тазартуға арналған.

«Бұл әдістің процедурасы кезінде ағзадан зат алмасудың улы өнімдері жойылады, сұйықтық және электролит балансының бұзылыстары қалыпқа келтіріледі. Науқастың қан айналымы жүйесін «жасанды бүйрек» аппаратына қосу арқылы гемодиализ жүзеге асырылады» дейді С.Медведов. 

Жаңа орталықта медициналық көмектің осындай әдісіне арналған шетелдерден әкелінген заманауи бірнеше аппарат бар. Сондай-ақ, орталық науқастарға арналған креслолармен жабдықталған. Мейірбике бекеті де бар.  Білікті дәрігерлер саны жеткілікті. Аталған орталықтың негізгі филиалы Ақтөбе қаласында жиырма жылдан бері қызмет етеді. Қазақстанның бірнеше өңірінде бөлімшелері жұмыс істейді. Атырау қаласындағы орталықтың жұмыс бастағанына бір ай уақыт болыпты.

dsc 0097
dsc 0066
dsc 0041

Бүгінде мұнда 30 пациент келіп, қажетті емді қабылдап жүр. Олар аптасына үш рет, күніне төрт сағат бойы  гемодиализ алады. Пациенттерді орталыққа әкеліп, үйіне жеткізу қызметі де бар. Сондай-ақ, оларға диеталық бағытта дайындалған ас мәзірі де ұсынылады. Барлық қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген  көлемі аясында  ақысыз көрсетіледі.

Өзін Бауыржан Зейнолла деп таныстарған емделуші мұнда дәрігерлердің қызмет көрсетуі көңілден шығатынын айтты.

«Жасым 42-де. Он бір жылдан бері гемодиализ жасатып жүрмін. Алғашында бүйрегім қатты ауырып, жүруім қиындады. Осы кезде «БИОС» медициналық орталығының Ақтөбе қаласындағы филиалына барып, дәрігер Святослав Медведовтен ем қабылдадым.

Содан бері дәрігердің тағайындауымен гемодиализ жасатып жүрмін. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Мен негізі Ақтау қаласының тұрғынымын. Қазақстанның қай өңірінде жүрсем де, осындай орталықтардың бізге пайдасы мол.  Бір өкініштісі, бүгінде бұл дерт жасаруда, яғни, жастар арасында гемодиализ алушылар саны көбеюде. Қазір мен қызмет барысымен Атырауға келіп, жаңадан ашылған орталықтан ем қабылдадым. Мұнда пациенттер үшін барлық жағдай жасалған» деді ол. 

Облыста бүйрек жеткіліксіздігіне шалдыққан науқастар саны артуда. Қазір гемодиализді қажет ететін 180 адам бар. Жас мөлшерінен ең кішісі 18-19 жасты құрайды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суреттер Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВТІКІ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз