Атырауда ерлі-зайыпты мүмкіндігі шектеулі жандар пәтер жалдап жүр

invalidy Жаңалықтар

Atr.kz/15 қаңтар, 2020 жыл. Облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің редакциясына мұң-мұқтажын, тағдыр тауқыметін сыр етіп шертіп, көмек сұраған хаттар күн сайын келіп жатады. Соның бірін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

«Құрметті редакция! Мен, Тілекжан Сатыбалдыұлы Қарабалаев 1972 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданына қарасты Көптоғай ауылында дүниеге келдім. Ата-анам сол кездегі жаңа ашылған «Көптоғай» овощ-сүт совхозында қызмет етті. Анам Фазилат бухгалтер болса, әкем Сатыбалды Елтайұлы прораб қызметін атқарды. Мен туғаннан екі аяғымды баса алмай, сал ауруынан мүгедек болыппын. Өте сауатты ата-анам менің болашағыма алаңдап, кішкене к е з і м н е н Ресейдің Астрахан қаласындағы мүгедек балаларға арналған мектеп-интернатына беріпті. Сол жерде сегізінші класты бітірдім.

Алға қарай оқуыма мүмкіндік болмады. Әуелі анам Фазилат, соңынан әкем Сатыбалды қайтыс болып, мен ешқандай жанашырсыз қала бердім. Әрине, сол кезде көмек берген ағайынтуғандарымды ұмытпаймын, Серік ағам мен Клара жеңгем қолына алып, бірнеше жыл сол үйді паналадым. Мүгедек болып туғанмен, адамның жүрегінде асқақ армандар болады. Мен де үйленіп, түтін түтетіп, өз теңімді табуға талпындым. Сөйтіп, 2018 жылы Айгүл есімді арумен тағдыр тоғыстырдым. Ол да – мүгедек жан. Екеуіміздің зейнетақымызды қосып, ай сайын пәтер жалдап жүрміз.

Қазіргі таңда адам жанынан басқаның бәрі қымбаттап тұр. Оны тек басқа түскендер ғана біледі. Менің сұрайын дегенім, екеуіміз бірдей мүгедекпіз, бізге жеңілдіктер қаралған ба? Кезектен тыс пәтер беріледі ме екен? Ол үшін қайда барып арыз берсе болады?»

Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде Атырау облысы әкімінің орынбасары Серік Шәпкеновтың қатысуымен өткен брифингте осы сауалды қойған болатынбыз.

– «Бүгінде Атырау қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған адам саны жиырма мыңнан асып жығылады. Әрине, мүгедектер, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, көпбалалы аналар үшін заңмен қарастырылған арнайы жеңілдіктер бар. Алайда олардың бәрі де заң бойынша кезекке тұруы керек. Кезегі жеткен кезде тұрғын үй беріледі.

Бүгінде әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, мүгедектер заңмен көрсетілген жеңілдіктерін пайдаланып, үй алуда. Арендалық үйлер, коммуналдық үйлер де салынуда. Ипотекамен де үй алуға жағдай бар. Арыз жазып отырған жеке адам Атырау қаласы әкімі атына арыз жазып, кезекке тұрады», – деп түсінік берді ол.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз