Атырауда «Birgemiz»: «Bilim» атты жаңа жоба бастау алды

depositphotos 2351378 happy volunteering hands Жаңалықтар

Atr.kz/2 сәуір, 2020 жыл. Биылғы Еріктілер жылына орай, елімізде, республикамызда ерекше жобаларды жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар қолға алынып отыр.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мамандарының мәліметінше, елімізде, соның ішінде өңірімізде волонтерлік қызметті өркендету, қоғам игілігі үшін ерікті еңбек бастамаларын насихаттау және оларды әлеуметтік маңызды проблемаларды шешуге жұмылдыру жолымен жастардың бойында жоғары адамгершілік қалыптастыруға негізделген бұл жобалардың мақсат-мазмұны түрліше болғанымен, көздеген мүддесі бір.

Ол ­– өскелең ұрпақты елге пайдалы, қоғамға қажетті қызметке тарту, жастардың қабілеті мен күш-мүмкіндіктерін соған топтастыру. Атап айту керек, бұлардың бәрі Мемлекет басшысы меңзегендей, өз бастауын «Birgemiz» жалпыұлттық волонтерлік жобасынан алады.

Солардың бірі ­– ауылдық елді мекендердегі орта мектептердің жоғары сынып оқушыларына волонтерлердің көмегімен білім беру қызметтерін ұсынуға бағытталған «Birgemiz»: «Bilim» жобасы. Екіншісі ­­– денсаулық сақтау саласына еріктілерді тарта отырып, стационарлық режимде дәрігерлік қызмет көрсететін медицина мекемелеріне (хоспистер, онкологиялық диспансерлер және т.б.) көмектесуді көздейтін «Birgemiz»: «Saylyq» жобасы болып табылады. Үшіншісі ­– «Birgemiz»: «Sabaqtastyq» деп аталады.

Атауына сай, бұл жобада балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне және өмірде қиын жағдайға тап болған жастарға еріктілердің тәлімгерлік тәжірибесін үйрету арқылы оларды халықты әлеуметтік қорғау саласының қызметіне араластыру, сөйтіп ұрпақтар сабақтастастығы үрдісін жалғастыру  мақсат етілген.

Еріктілер жылында жүзеге асырылуы жоспарланған ерекше жобалардың қатарында бұдан бөлек, «Birgemiz»: «Taza Qazaqstan», «Birgemiz»: «Asyl mura», «Birgem[z»: «Qamqor» және «Birgemiz»: «Umit» жобаларын атауға болар еді.

Атауларынан-ақ аңғарылып тұрғандай, бұлардың бірінде қоршаған ортаны қорғау мен аймақтың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге назар аударылса, екіншісінде тарихи-мәдени мұраны сақтау және молайту, көненің көзі саналатын ескерткіштер мемориалдық кешендерді қалпына келтіруге көңіл бөлінеді.

Кейінгілерінде халыққа әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мен мүмкіндіктерін ұлғайту, сондай-ақ, хабар-ошарсыз жоғалып кеткен адамдарды іздестіру, жер сілкінуден, зілзаладан, жол апатынан, басқа да табиғи-техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шеккен жандарға жәрдемдесу қарастырылған.

Қазіргі уақытта аталған жобалар аясында белгіленген іс-шараларды орындауға аймақтағы жастар бірлестіктері мен еріктілер ұйымдарының белсенділері тартылуда.

Дәулетқали АРУЕВ

http://atr.kz/bez-rubriki/karantin-atyrau-%d2%9balasyna-kiru-zh%d3%99ne-shy%d2%93u-toly%d2%9b-shekteldi/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз