Атырауда азық-түлік тапшылығы бар ма?

06 Жаңалықтар

Atr.kz/15 мамыр, 2020 жыл. Өңірімізде карантин уақытында қала және аудан тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде? Қордағы азық-түлік мөлшері қандай? Қазіргідей егін егу, мал төлдеу науқаны кезінде шаруагерлердің блокбекеттерден өтуіне рұқсат берілді ме? Жалпы, төтенше жағдай режимінде ауыл шаруашылығы саласында нендей жұмыстар атқарылуда?

МОНИТОРИНГ АРҚЫЛЫ БАҚЫЛАНУДА

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта азық-түлік қорының мөлшері күнделікті мониторинг жүргізу арқылы қатаң бақылануда. Осыған сәйкес, бүгінгі күні қорымызда сақталған тұтынуға аса қажетті тауарлар мөлшері 6800 тоннаны құрап отыр. Бұл шамамен 35 күнге дейінгі мерзімге жетеді.

Осымен қоса, 1-22 сәуір аралығында көршілес Астрахан (Ресей) қаласынан 120 тонна әртүрлі ассортиментті тауарлар, 69,8 тонна – көкөніс, 60 тоннаға жуық жеміс-жидектер әкелінді. Сондай-ақ, ет өнімдерімен қамтамасыз ету бағытында 459 бас – ірі қара малы, 148 бас – жылқы, 222 бас – қой, 3 бас түйе сатып алынды. Бұл төрт түлік Атырау қаласындағы мал сою бекеттерінде сойылып, қаламыздағы дүкендерге таратылды.

Бұған қоса, карантин кезеңінде алты кәсіпкер ет өнімдерін тұрғындардың үйлеріне жеткізіп беру қызметімен айналысып отыр. Осы жұмыстарды ұйымдастыру барысында оларға тиісті рұқсат қағаздары берілді.

ҚОРДА 485 ТОННА ҰН БАР

Төтенше жағдай кезеңінде қала базарлары уақытша жабылғанымен, өңіріміздегі басқа азық-түлік сататын супермаркеттер мен дүкендер қалыпты қызмет көрсетуде. Осы уақытқа дейін басқармаға олардың тарапынан тауар жетіспеушілігі бар деген ақпарат түспеген екен. Ал, тұрақтандыру қорындағы әлеуметтік маңызы бар тауарлар қазіргі кезеңде қаламыздағы «Лидер-Детский мир», «Лидер-Нұрсая», «Лидер-Жұлдыз», «Лидер-Жұмыскер» дүкендерінде сатылуда. Шаһардағы 9 наубайханаға жеткізіліп тұрған бірінші сұрыпты ұнның қордағы мөлшері – 485 тонна. Мамандардың айтуынша, бұл шамамен екі ай мерзімге жетеді деп болжануда.

Осымен қатар, елдегі азық-түлік тауарларының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы «Идеал» ЖШС-не 400 млн. теңге көлемінде нысаналы қарыз (займ) беру жөнінде екі жақты келісімшартқа қол қойды. Осы келісімге сәйкес, көптеген дүкендер желісі бар «Идеал» ЖШС ендігі жерде әлеуметтік маңызы бар 15 түрлі азық-түлік тауарын нарық құнынан төмен бағамен сататын болады. Бұл тауарларға: күріш, қант, рожки, қарақұмық, күнбағыс майы, сары май, нан, айран, сүзбе, тұз, жұмыртқа, сүт, тауық еті, сиыр еті (жауырын-төс бөлігі), бірінші сұрыпты ұн жатады.

Әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарының қалған төрт түрі – көкөніс тауарлары. Кәсіпкерлік корпорация оларды алдағы уақытта форвардтық әдіспен жергілікті шаруа қожалықтарынан сатып алатын болады. Ал, тұрақтандыру қорына биылғы жылы 500 тонна картоп және 150 тоннадан пияз, қырыққабат, сәбіз сатып алу жоспарлануда.

ЕГІС КӨЛЕМІ ҰЛҒАЙДЫ

А у ы л ш а р у а ш ы л ы ғ ы басқармасының мәліметінше, биыл облыс диқандары карантин жағдайына қарамастан қара жерге дақыл егуді дер кезінде қолға алды. Жоспар бойынша аймағымыздағы егілер егістіктің жалпы көлемі 9 222 гектарды құрайтын болды. Бұл былтырғы көрсеткіштен 300-дей гектарға артық.

Қазіргі уақытта егіс алқаптарының 1460 гектарына тұқым себілді. Оның ішінде, 510 гектарға – көкөніс, 105 гектарға – картоп, 225 гектарға – бақша өнімдері, 620 гектар алқапқа мал азығы дақылдары егілді. Бұл жоспарлы түрде атқарылар жұмыстың 16 пайызын құрайды. Осы көктемгі дала жұмыстарын атқаруға егінмен айналысатын 307 ауыл шаруашылығы құрылымындағы 1536 адам және 783 ауылшаруашылық техникасы жұмылдырылуда. Науқан алдында 15 шаруашылық 25 ауылшаруашылық техникасына өтініш беріп, оның барлығы толықтай қанағаттандырылды. Науқан кезінде облыс аумағындағы 14 суару-суландыру жүйесінің 12-і қолданысқа берілді.

Сондай-ақ, аймағымызда егіске қажетті минералды тыңайтқыштарға байланысты «КазАзот» және «Казфосфат» кәсіпорындарымен келісім-шарт жасалып, осы науқан кезінде 1200 тонна минералдық тыңайтқыш сатып алу жоспарланса, күні бүгін оның 623 тоннасы егіс алқаптарына жеткізілді.

ШАРУАГЕРЛЕР МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАПТЫ

Карантин кезінде азаматтардың жүріп-тұруын шектеуге байланысты блок-бекеттерден өту қиындығына қатысты фермерлерден көптеген шағымдар түскен. Олар қала маңындағы жеке шаруашылықтарына шыға алмай, қиындыққа тап болған.

Төтенше жағдайға байланысты құрылған шұғыл штабтағы ауыл шаруашылығы басқармасының ресми өкілі Алшынбек Мұқанғалиевтың айтуынша, бүгінгі күні шаруагерлерді сарсаңға салған бұл мәселе оң шешімін тапты. Яғни, фермер жеңіл көлікпен (бұрын тек жүк көлігімен өтетін) де блок-бекеттен емін-еркін өте алады. Бұл Бас санитарлық дәрігердің 17 сәуірдегі №34 қаулысына және Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «көктемгі егіс науқанында ауылшаруашылық қызметкерлеріне ешқандай тосқауылдар қойылмасын» деген мәлімдемесіне сәйкес жүзеге аса бастапты.

ірақ, бір ескерер жәйт, шаруагер блок-бекеттерден өтер кезде құзырлы орынға заңды тіркелген шаруашылығын растайтын құжат пен жеке куәлігін міндетті түрде ұсынуы шарт. Ал, егер фермер
жұмысшыларымен бірге жүрген жағдайда оларда шаруашылық атынан берілген анықтама қағазы болуы тиіс.

Сонымен қатар, құжат толтыру мәселесін оңтайландыру мақсатында ауыл шаруашылығы саласының «қолдау.кz» сайтында шаруагерлерге электронды рұқсат беру жүйесі іске қосылды. Мұның бір ерекшелігі, өтініш берушіге ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан рұқсат берілген жағдайда, бұл деректер автоматты түрде «Сергек» базасында тіркелетін болады.

Сондай-ақ, қ а л а д а а у ы л шаруашылығына қажетті тыңайтқыш заттар, тұқымдар, құралдар сататын «АгроӘлем» дүкені шектеулерге қарамай заң жүзінде рұқсат алып,
қызмет көрсетуде. Бұл арнайы дүкен сонымен қатар «жеткізіп беру» жүйесі арқылы да жұмыс істейді.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз