Атырауда Ассамблеяның 25 жылдық белгісінің кубогі табысталды

Аудан хабарлары Жаңалықтар Қоғам

Atr.kz/28 ақпан, 2020 жыл. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толуына орай облыста арнайы іс-шаралар кешені ұйымдастырылады. Бұл жұмыс ең алдымен Жылыой ауданынан басталады. Осы орайда Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Алғыс айту күніне орай өткен салтанатты шарада аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов Ассамблеяның 25 жылдығы белгісінің кубогін Жылыой ауданының әкімі Азамат Бекетке табыс етті.

«Бәрі риясыз махаббаттан басталады…» атты прологтан бастау алған жиында Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының актерлары «Бастысы – алғыс айта білу…» әдеби композициясын ұсынды. Этномәдени бірлестіктер өкілдері «Жайнай берсін, мың алғыспен жарық күн!» деп ақ тілектерін білдіріп, қазақ халқына алғыс білдірді. «Вайнах» этномәдени бірлестігінің әншілері «Қазақ жері осындай» атты әнді шырқады. Салтанатты шарада облыс әкімі Махамбет  Досмұхамбетов мерекенің тарихи, саяси, тәрбиелік мәнінің тереңде жатқанын айтып, барша жиналғандарды атаулы күнмен құттықтады.

Алғыс айту күні – еліміздегі тыныштық пен үндестіктің жарқын көрінісі. Бірлік пен достықтың және өзара сенімнің ерекше үлгісі. Бұл – тағдыр тоғыстырған Қазақстан халқының  тағылымды тарихына тағзым ететін күн. Осы ретте биыл еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толғанын айрықша атап өту керек. Себебі, Ассамблея елдегі тұтастықты арттыруда ерекше маңызға ие.

«Бір адам жаққан отқа мың адам жылынады» демекші, Қазақ халқы тағдыр тауқыметімен Отанымызға келген өзге этнос өкілдерін бауырына баса білді. Бір үзім нанды бөліп жеді. Бұл бүгінгі таңда еліміздің түрлі ұлт өкілдерінің арасында адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Сондықтан, осынау күнде бір-бірімізге алғыс білдіріп жүрудің мәні зор, – деді Махамбет Жолдасқалиұлы.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған