Атырауда аймақтық пән олимпиадасы өтті

rparapra Жаңалықтар

Atr.kz/8 қаңтар, 2020 жыл. Атырауда мектеп оқушылары арасында облыстық пән олимпиадасы өтті. Облыс орталығындағы №16 мектеп-лицейде ұйымдастырылған білім додасына аймақтың әрбір түкпірінен  647 оқушы қатысып, сынға түсті.

Екі күнге созылған олимпиада Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» спорт кешенінде қорытындыланды.  Жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау шарасына облыстық білім беру басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы  Жансұлу Төремұратова қатысып, барлық жеңімпаздарды құттықтады.

Олимпиада қорытындысында   80 оқушы – ІІІ, 60  оқушы –  ІІ,  34 оқушы  І дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал, 51 оқушы білім беру басқармасының   Алғыс хатына ие болды.  

Сондай-ақ, 11 сынып оқушылары арасында І орын иегерлеріне биология, химия, информатика, математика, шет тілі пәндерінен Астана халықаралық университетіне оқу гранттары табысталса,  физика, химия, информатика, математика пәндерінің жеңімпаздарына Қазақ-Британ техникалық университетіне 9 оқу гранты  берілді.  Бұдан басқа,  ІІ орын жеңімпаздарына – 50, ІІІ орын алғандарға 30 пайыздық жеңілдікпен оқу гранттары да ұсынылды.  

Аталмыш басқарманың дипломымен командалық ұпай саны бойынша облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты – ІІІ, Атырау қаласының командасы – ІІ, облыстық  «Білім- Инновация» лицейі І орынды иеленді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

rparapra
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз