Атырауда 324 миллиард теңгеге несие алынған

l photo 175854 Жаңалықтар

Atr.kz/15 қараша, 2019 жыл. «Теңге – еліміздің Елтаңбасы, Гимні, Туы секілді аса бағалы, ерекше құнды елдік нышандардың бірі. Ол – мемлекеттің қаржылық тәуелсіздігінің бүгінгі символы. Ендеше, Ұлттық валютаны ұлықтау – мемлекеттігімізді ұлықтаумен бірдей.

Төл ақшамыз дамудың жаңа деңгейіне жол ашып, нарықтық экономиканың құрылымдарын қалыптастыруды қамтамасыз ете алды. Экономикалық байланыстар үзіліп, өндіріс құлдыраған кезеңде енгізілген ұлттық валюта экономикалық егемендікке қол жеткізуге мүмкіндік берді» деді Ұлттық банктің Атырау филиалы директоры Бақыт Когулов.

Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлығы негізінде ескі ақшаны теңгеге айырбастау 1993 жылдың 15 қарашасында таңғы сағат 8.00-де басталып, 20 қараша күні 20.00-де аяқталды. Бұл Тәуелсіздікті тұғырлы еткен, абыройды асқақтатқан айрықша сәт еді. Бүгінде теңге аймақтық қаржы айналымында ықпалға ие, экономиканың қозғаушы күші, ұлттық ақша бірлігі ретінде қалыптасып отыр.

Қазір Атырау облысында екінші деңгейдегі 20 банктің 21 филиалы жұмыс жасайды. 59 үй жайы, 74 айырбастау бекеті халыққа қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері жергілікті банктер халыққа 324 млрд. теңге көлемінде несие берді. Мерзімі өткен берешектің көлемі 4,6 пайызға азайып отыр. Оның ішінде заңды тұлғалардікі 5,9 және жеке тұлғалардыкі 1,9 пайызға дейін төмендеді.

Облыстық статистика департаменті ұсынған дерекке қарағанда, биылғы қыркүйектегі тұтыну бағаларының индексі тамызбен салыстырғанда 100 пайызды құрады. Тұтыну бағаларының индексі азық-түлік бағаларына 99,9 пайыз, азық-түлік емес тауарларға 100,2 және ақылы қызметтерге 100 пайыз деңгейінде қалыптасты.

Ұлттық банк Атырау филиалының бас маман-экономисі Ерболат Ақтанбаев төлем карточкалары жиі қолданылатынын айтып отыр. Қазір оның саны 1537,3 мың бірлікті, карточка ұстаушылардың саны 1354 мың адамды құрайды. – Облыста 720 төлем терминалы, 594 банкомат, 4984 POS-терминал жұмыс жасайды, – деді ол.

Ұлттық банк Атырау филиалының жетекші маман-экономисі Махамбет Маденовтың айтуынша, қазір елімізде Ұлттық банктің төлем жүйелері арқылы 597,2 трлн. теңге сомаға 30,6 млн. транзакция жүргізілді.

Бұл ретте күн сайын ұлттық төлем жүйелері арқылы жалпы сомасы 3,3 трлн. теңгеге 167,7 мың төлем жүргізіледі. Яғни, минут сайын операциялық күндері 5,4 млрд. теңгеден астам ақша өтеді.

– Қазақстанның төлем нарығында барлығы 17 төлем жүйесі жұмыс жасайды. Оның ішінде операторы Ұлттық банк болып табылатын ұлттық төлем жүйелері және ақша аударымдары жүйелері, төлем карточкалары жүйелері жататын жеке төлем жүйелері бар,- деді жетекші маман-экономист Махамбет Маденов.

Экономикалық санкция, халықаралық дау-дамай алпауыт елдердің өзін қаржылық дағдарысқа ұшыратуда. Ұлттық төлемдері инфляцияға ұшырап, халқының тұрмыстық әл-ауқаты кемуде. Осындай қым-қиғаш заманда Қазақ Елі дағдарыстан жол тауып, төл теңгенің құнын төмендетпей келеді. Бұл ұлттық төлем құралының өміршеңдігін, болашағының баяндығын байқатса керек.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Биыл облыста берілген несие көлемі – 324 млрд. теңге. Теңгемен берілген несие – 294,6 млрд. теңге. Ұлттық валютадағы салымдардың үлесі – 53,3 пайыз (168,1 млрд. теңге). Теңге салымдары бойынша орташа сыйақы мөлшері – 8 пайыз.

Биыл банк клиенттерінің ағымдағы шоттарына түскен қаржы – 11035,7 млрд. теңге. Жыл басынан бері елімізде электрондық ақша аудару жүйесі арқылы жүргізілген сома – 443,5 млрд. теңге. Қолма-қол ақшасыз төлемдер мен ақша аударымдарының жалпы көлемі – 8,9 трлн. теңге. Өсім – екі еседен астам.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз