Атырауда Әбу Сәрсенбаевтың ескерткіші ашылды (ВИДЕО)

2019 03 06 085846203300 Жаңалықтар
2019 03 06 53681204 408643936578550 4124826122233839616 n

Бүгін Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, ақын Әбу Сәрсенбаев ескерткішінің ашылу салтанаты өтті. Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, сөз сөйледі.

https://youtu.be/7twSmd2I0gk

Сондай-ақ, салтанатты шарада жазушының бауырлары мен туыстары, халық қалаулылары, қоғамдық ұйым өкілдері, мәдениет қайраткерлері мен жастар бас қосты.

– Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында аймақта ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, Каспий өңіріндегі тарихи тұлғаларды ұлықтауға бағытталған шаралар атқарылып жатыр, – деді Нұрлан Ноғаев. – Бүгінгі шара халқын сүйген, туған жерін қастерлеген ақынға, жазушыға деген құрмет. Оның шығармаларындағы кейіпкерлер елдің, қазақ халқының тағдырымен тікелей байланысты қарапайым адамдар болды. Тағдыр Әбу Сәрсенбаевпен таныс болу бақытын бұйыртқан адамдарға, шығармашылық мұрасын бүгінге дейін жеткізген туыстары мен жақындарына алғыс айтамыз. Осы шараға қатысып тұрған баршаңызды ақынның шығармашылық мұрасын зерттеуге, насихаттауға шақырамын.

Ашылу салтанатында сөз алғандар Әбу Сәрсенбаевтың кейіпкерлері қарапайым адамдар болғанын атап өтті. Оның шығармаларында балықшылар өмірі туралы көп айтылады.

Айта кетейік, мәңгілік туынды «Алмагүл» шағын ауданындағы саябақтан орын тепті. Авторы – еліміздің Суретшілер академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері Айдархан Қалмаханов. Ескерткіштің биіктігі – 3,5 метр. Оның құрылысына қажетті қаражат «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен бөлінген.

2019 03 06 53110945 1264753573692117 298810946481029120 n

Әбу Сәрсенбаев ескерткіші
12bet f28

Әбу Сәрсенбаев 1905 жылы 15 қазанда қазіргі Атырау облысы Құрманғазы (Теңіз) ауданы Мақаш ауылдық округінің Алға ауылында дүниеге келген. 1929 жылы Астрахань кеңестік партия мектебін бітіріп, 1932-1934 жылдары Алматыдағы Комвузда оқыған. 1934-1936 жылдары «Түрксіб» газетінде редактор, 1936-1942 жылдары Қазақтың мемлекеттік баспасын басқарды. 1942-1947 жылдары Кеңес Әскері қатарында қызмет етіп, Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1947-1953 жылдар аралығында Қазақтың мемлекеттік оқу-педагогикалық баспасының директоры болды.

Әдебиетке 1930 жылдардың орта тұсында келді. «Еділ толқыны» (1937), «Жүрек сыйы» (1938), «Ант» (1939), «Ақша бұлт» (1947) жыр жинақтары оның ақындық қарымын танытса, «Туған өлке» (1948), «Махаббат жыры» (1949), «Отан таңы» атты кітаптары Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдардағы еңбек қаһармандарының бейнесін жасауға арналған. Оның прозалық шығармаларының ішінде Каспий теңізшілерінің қазіргі еңбегіне, өміріне арналған «Теңіз әуендері» (1969) романының орны ерекше болса, «Толқында туғандар» (1953) кітабында байырғы қазақ балықшы-жұмысшыларының ауыр тіршілігін шыншылдықпен бейнелейді.

«Арбасу» (Қ.Жұмалиевпен бірлесіп, 1948), «Теңіз махаббаты» (1975) атты пьесалары, «Әдебиет хрестоматиясы» (Е.Исмайыловпен бірге құрастырған, 3 сынып үшін, 1938), «Оқу кітабы» (үлкендер мектебіне арналған, 1941), «Ана тілі» (3 сынып үшін, 1948, 1959) атты оқулықтары жарық көрген. Әскери новеллалар мен эсселер жинақтары да бар. Шығармалары орыс, эстон, түрікмен, тәжік, болгар, т.б. тілдерге аударылған.

А.Пушкин, М.Лермонтов, Ш.Петефи, Н.Некрасов, Фаиз шығармаларын қазақ тіліне аударған. Жазушының әдебиетке қосқан еңбектері еленіп, 1987 жылы Қазақстанның Халық жазушысы атағы берілді. Октябрь (Қазан) Революциясы, I дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталған. 1995 жылы 25 қарашада өмірден өтті.

Аман ШАМАР

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз