Атырау перинаталдық орталығында «Қасиетті домбыра» акциясы өтті (+ФОТО)

Жаңалықтар Мәдениет ФОТОГАЛЕРЕЯ

Atr.kz/10 шілде, 2019 жыл. Ұлттық аспап домбыраны ұлықтауға арналған акция облыстық перинаталдық орталықта да қолға алынды. «Қасиетті домбыра» атауымен өткен іс-шараны Атырау облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырды.

Шараға «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Жанат Доскалиева және Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Алтын шаңырақ» облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Галина Повстянко және қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Салтанат Убдянова,  «Светоч» этномәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Биткова қатысты. Олар аталған перинаталдық орталықта аталмыш күні дүние есігін ашқан 18 сәбидің анасына құрмет көрсетіп, мерекелік сый тарту етті.           

«Домбыра – қазақтың ұлттық аспабы. Бұл бала кезден жанымызға жақын, оның әуені әрбір адамның жүрегіне жетеді. Домбыра үні қанымызда бар, санамызда сақталған, ұлттық кодымызда таңбаланған. Сондықтан, осындай айтулы мерекеде аналарымызға және олардың  сәбилеріне, отбасына зор денсаулық, қуаныш пен бақыт тілейміз. Әйел-ана біздің ұлттық дәстүрлерімізді, тіліміз бен рухани құндылықтарымызды қадірлейтін еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеп, өсіріп шығарады деген сенім білдіремін» деді мекеме басшысы Жанат Досқалиева.

Сондай-ақ, аналарға салтанатты түрде гүл шоқтары табысталса, мерекенің басты белгісі – қазақтың қасиетті қара домбырасын алғаш сәбиі дүниеге келген Жақсимовтар отбасына тарту етті. Мұндай шара Жылыой, Мақат, Қызылқоға аудандарында да ерекше аталып өтті.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *