Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді

img 20200427 wa0226 COVID-19: Соңғы поштадан...

Аtr.kz/28 сәуір, 2020 жыл. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов коронавирус инфекциясымен күресте алдыңғы сапта жүрген дәрігерлер және медицина қызметкерлерімен онлайн сұхбат өткізді.


Тікелей байланысқа коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен жұмыс жасап жатқан облыстық жедел жәрдем станциясы мен инфекциялық бөлімше орналасқан №2 Атырау облыстық ауруханасының мамандары шықты.


Облыстағы коронавирус ахуалына тоқталған өңір басшысы «Қазір сіздер шын мәнінде мылтықсыз майдандасыздар. Өйткені, күнделікті қауіп-қатерге қарамастан қажырлы жұмыс істеп, бүгінгінің қаһармандарына айналдыңыздар!

Қазақстан медицинасының ерлікке толы жаңа тарихын жазып жатырсыздар. Халқымыз өздеріңізге үміт артып, тақым қысып, тілеулеріңізді тілеп отыр. Біздің де басты міндетіміз — ең алдымен сіздерді қолдау», — деді.

img 20200427 wa0224

Облыс бойынша сала мамандары жалақысына үстемақы төлеу үшін 288,7 миллион теңге бөлінген. Өткен айда оның 44,5 миллион теңгесі 373 қызметкердің қолына тиді.


Бұдан тыс коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерді ынталандырудың қосымша жолдары қарастырылды. Атап айтқанда, демеушілер тарта отырып, 634 медициналық қызметкерге көтермелеу қаржы төленді. 164 дәрігер және жедел жәрдем станциясы қызметкерлері қонақ үйлерге орналастырылды.


№2 Атырау облыстық ауруханасының дәрігерлері науқастарды қалай емдеп жатқандарын айтты. Мәселен, инфекциялық негізгі стационарға 27 наурыздан бастап бүгінге дейін 123 науқас қабылданып, 59-ы толық нәтижелі емін аяқтап, ауруханадан шығарылды.

Ал, жедел жәрдем станциясы мамандарының айтуынша, облыста COVID-19 жұқтырғандармен жақын және потенциалды байланыста болған азаматтарды тасымалдауға наурыз айынан бастап 3 арнайы бригада жасақталған.

img 20200427 wa0227

Осы айда қосымша 2 арнайы бригада тағы қосылған. Сонымен қатар, бір киетін маска, арнайы қорғаныс костюмдер, қорғаныс очкилері қорда жеткілікті. Денсаулық басқармасы, демеушілер, еріктілер қорғаныс киімдерімен үнемі қамтамасыз етілуде.


Махамбет Досмұхамбетов дәрігерлерге ең алдымен өздері аса сақ болу керектігін ескертті. «Денсаулық сақтау саласы үнемі басты назарымызда. Облысымыздың әрбір медицина қызметкерінің орны біз үшін ерекше. Бұл індетті бірге жеңіп шығарымызға сенемін! Отбасыларыңызбен тез қауышуларыңызды тілеймін!» деген өңір әкімі медицина қызметкерлеріне облыс халқы мен өз атынан алғыс білдірді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз