Атырау мұнай және газ университетінің гранты – Айсұлуда!

pav Білім

Atr.kz/ 25 наурыз, 2019 жыл. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры міндетін атқарушы Әлібек Көшековтің басшылығымен кәсіптік бағдар беру және еңбекке орналастыру басқармасы мектеп пен колледж түлектеріне арнап «Ашық есік күнін» өткізді.

Алдымен, стратегиялық даму және көшбасшылық жөніндегі проректор Ербол Нұрпейісов университетте жасалып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды. Шара барысында «Жалпы техникалық пәндер» кафедрасы мен жоғарыда аталған басқарманың бірлесе ұйымдастырған пәндік олимпиада жеңімпаздары марапатталды. Айта кетейік, жуырда ғана мәреге жеткен білім сайысында 11 сынып оқушылары математика пәнінен бақтарын сынаған болатын.

Нәтижесінде, №17 мектеп-лицейден Алексей Котов пен И.Тайманов атындағы орта мектептен Гаухар  Альжанова үшінші орынға табан тіреп, дипломмен және аталмыш университетте білім алуға 15 пайыз жеңілдік сертификатымен марапатталды. Сәйкесінше, екінші тұғырдан көрінген Атырау қалалық мектеп-лицей  оқушысы Мақсат Шағыров 30 пайыз жеңілдікке ие болды. Ал, дәл осы білім ұясының шәкірті Айсұлу Жұбаниязова ректор грантын ұтып алды.

Жүлдегерлердің ұстаздары Жанар Шанина, Ғалия Құрманғазиева, Елена Зубова және Айжан Хисметоваға құрмет-қошемет көрсетілді. Сондай-ақ, белсенділігімен көзге түскен №19 Қаныш Сәтпаев атындағы мектеп-гимназиясы, №15 Абай атындағы орта мектеп және №34 көп салалы мектеп-гимназиясына алғыс білдірілді.

Алпамыс ҒИЛЫМОВ,

кәсіптік бағдар беру және еңбекке орналастыру

басқармасының маманы. 

pav

Айсұлу Жұбаниязова ректор грантын ұтып алды!
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз