Атырау футболының болашағы бар ма?

prvrv Жаңалықтар

Atr.kz/1 қараша, 2019 жыл. Футболдан Қазақстан премьер-лигасында жасыл алаңға шығып жүрген «Атырау» командасы биылғы маусымда сүреңсіз ойын көрсетуде.

Біріншілік барысында ойын кестесінің соңғы бөлігінен шықпай қойған жергілікті командамыздан жанкүйерлер теріс айналғандай. Бұлай деуге «сенімімізге селкеу түсірген» командамыздың өз алаңында Талдықорғанның «Жетісу» футболшыларымен өткізген соңғы ойынында стадионда қолдау білдірер жанкүйер қарасының тым аздығы дәлел болып тұр. Сол күні «Атырау» командасы кезекті рет ойсырай жеңілді. Біздің қақпаға жауапсыз үш доп соққан қонақтар тағы да атой салды.

Жеңілістен соң жеңіліс бола берген соң көрермендер стадионға құр босқа жиналудан расымен де жалықты. Оларға айтар еш уәжіміз жоқ.

Ойын кезінде команданы қолпаштап тұрар жанкүйерді стадионға кері қайтарудың жалғыз жолы – жақсы әрі нәтижелі ойын ғана. Көрерменнің көңілін көтеретін комбинациялы ойын биыл көзден бұл-бұл ұшты. Соңғы турда жерлестеріміз Қызылордада «Қайсар» командасын жалғыз доп айырмасымен ұтты.

Бірақ, бұл жеңіске атыраулықтар қуана алмады. Себебі, осы ойыннан алған үш ұпай команданың турнир кестесіндегі мүшкіл жағдайына еш өзгеріс әкелмеді. Сонымен қоса, атыраулықтар жуырда дәл осы командаға Қазақстан кубогының финалында есе жіберіп, көпшіліктің «тым болмаса кубокты иеленсе екен» деген үкілі үмітін ақтамап еді. Сондықтан бұл жеңіс олар үшін «төбелестен соң жұдырық жұмсағандай» болып көрінді.

Иә, Қазақстан кубогының финалына командамыз осыменен үшінші жыл қатарынан шықты. Үшеуінде де сәтсіздікке ұшырады. Құр қол қайтты. Бұл жолда екі рет Алматының «Қайратынан» ұтылды. «Бір айналдырғанды шыр айналдырады» дегендей, үш жыл қатарынан «сан соғып» қалдық. Расымен де қатты өкіндірер өкініш болды. Себебі соңғы финалда бір доп айырмасымен алда келе жатқан жерлестеріміз ойынның негізгі уақытының аяқталуына екі-ақ минут қалғанда доп жіберіп алды.

Ал, қосымша уақыттың соңында «қайсарлықтар» қайсарлық танытып, жеңіс добын соғып кетті. Осылайша қолда тұрған Ел кубогы басқаның қанжығасында кетті.

Бағамдап қарасақ, биылғы маусымдағы алғашқы 16 ойынын командамыз сырт алаңда өткізген екен. Оның 6-уы – Атырау жерінде, жергілікті жанкүйерлердің қолдауымен өтуі тиіс болатын.

Алайда, өңіріміздегі футболға арналған алаңдарымыз ФИФА талаптарына сай келмегендіктен өз алаңымызда белгіленген ойындарды Астана, Тараз, Шымкент стадиондарында өткізуге тура келді. «Атырау, алға!» деп қолпаштар көрермені болмаған командамыз «жетім баланың» күйін кешіп, жасқанып ойнады. Әрине, желіктірер жанкүйер болмаған соң жетістік қайдан болсын.

Әу бастан осылай әупірімдеп басталған ойын жанкүйерімен қауышқанда ғана бой түзегендей болды. Жаңа стандартқа сай жаңартылған «Мұнайшы» стадионы пайдалануға берілгеннен кейін, «мұнайшылардың» ойынына аздап қан жүгірді. Ел біріншілігіндегі, кубокжолындағы бірнеше ойындарында жеңіліс таппай жақсы пікір қалыптастырды.

Алайда, ол қуанышы көпке бармады. Команда ойынындағы шашыраңқылық қайта басталып, ойыншылар арасында жинақылық, өзара бір-бірін түсінушілік қалыптаспады. Осы маусым ішінде команда 17 ойыншымен арадағы келісім-шартты бұзып, 20 ойыншы алған. Нәтижелі ойын болмауы салдарынан Виктор Кумыков (1 ұтыс, 2 тең ойын, 6 ұтылыс), Олег Дулуб (3 ұтыс, 3 тең ойын, 8 ұтылыс) сынды команданың бас жаттықтырушылары екі арадағы келісім-шартты өз еріктерімен бірінен соң бірі бұзды.

Бір қызығы, бас бапкерді кезек-кезек ауыстыру жағдайы былтыр да орын алған екен.

Ол кезде команданы маусым басында Вахид Масудов бастап жаттықтырып, оның артынан Андриан Сосновский басшылыққа келген еді. Екеуі де тұрақтамай, тізгінді Виктор Кумыков алып, қауіпті аймақта тұрған атыраулықтардың ойынын біраз жақсартқан-ды. Бүгінгі күні сол жағдай тағы қайталануда. Жуырда «Атырау» футбол командасына Асқар Қожабергенов бас бапкер болды.

Ол өз алаңындағы ойынды жеңіліспен бастап, керісінше сырт алаңда жеңіп, үш ұпай еншіледі. Алайда, бұл бапкер барын салса да бастан тайып бара жатқан бағымызды қайтара алмайтын тәрізді. Себебі, маусым соңына дейін бар жоғы үш-ақ ойын қалды. Командамыз үйде шымкенттік «Ордабасы» командасын қабылдаса, сырт алаңда «Қайрат» пен Қарағандының «Шахтер» командаларымен кездеседі.

Қарап отырсақ, оңай шағылар жаңғақ жоқ сияқты. Ал, биыл командамыз 17 ойында сәтсіздікке ұшырап, 8 ойында қарсыластарымен тең түскен. Тек 5 ойында ғана жеңіс бұйырды. Әзірге 23 ұпаймен турнир кестесінде 11-ші орында. Яғни, бірінші лигаға түсіп қалған «Ақтөбе» командасының кейпін киюге бір табан жақын тұр. Өздерінен бір саты ілгері тұрған «Тараз» командасынан (26 ұпай) үш ұпайы кем.

Осылайша, «Атыраудың» алдағы тағдыры бұлыңғыр күйде. Ендігі жерде тек жарқын жеңістер ғана құтқаратын командамыздың қалған ойындарына сәттілік тілеуден басқа амалымыз қалмады…

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз