Атыраулық әжелер сынға түсті

A didarlyi ZHELER 2 Жаңалықтар

Атыраулық әжелер сынға түсті. Бұл байқау облыс әкімдігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Өнегелі әже» тақырыбында өтті. Ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды жалғастыру мақсатында ұйымдастырылған осынау шараны облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы ұйымдастырды.

????????????????????????????????????

Әже… Жарық әлемнің есігін ашқан әрбір адамға сәбилік сәттен жүрегіне жақын ардақты жан. Олар – өнегелі өмірдің сыны мен сыры жайлы шұрайлы шежіре шертетін тірі тарих. Осындай даналығы дариядай әжелеріміз бұған дейін аудандар арасындағы сайыстан өтіп, аталған ақтық сынға өз аймақтарынан үздік шыққан сегіз үміткер қатысты. Байқауға қатысушылар ережеге сай, бес кезең бойынша өнерлерін көрсетіп, түрлі сындардан өтті. Мәселен, олар сахнаға өз немерелерін әкеліп, бесікке бөлеп, бесік жырын орындады. Одан кейін заманауи  кейіпкерлерді қосу арқылы ертегі де айтып берді. Сонымен бірге ұмытыла бастаған ұлттық тағамдар дайындап, ұлттық нақышта әзірленген бұйымдардың жасалу жолдарын бейнебаян арқылы көрсетті.

Ұлттық ас әзірлеуде, әрине, байқауға қатысушылар бірінен-бірі асып түсті. Қонақжай халқымыздың бір кездегі ерке қызы, кешегіде анасы, бүгінгіде әжесі болған асыл жандардың дайындаған тағамдары тіл үйірді. Олар сүт тағамдарының, үлпершек, бұжы, жаужүрек, үйрек, ет тағамдарының әзірлену технологиясымен таныстырып, мейманға ұсынылуы жайында кеңінен мәлімет берді. Ақ жаулығының астына қазақ әйеліне тән ізгі қасиеттерді сырдай сақтаған 82 жастағы Жаннат әжеміз өз өмірінен өрілген жас кезінде «Қоңыр қыз» қалай атанғанын ертегі нақышында айтып халықтың қошеметіне бөленді. Қолөнер бұйымдарын топтастыруда Қалығыз әжемізге тең келер жан болмады.

Қазақы болмысымызды, нәзікжандыларға тән инабат пен ибалықты, ағайын-туыстың арасындағы бірлікті сақтаушы әйел-аналардың мерейін өсіруді, халқымыздың дәстүр-салтын әжелер арқылы жас ұрпаққа үйретуді мақсат тұтқан байқау өз мәресіне жетті.

Қазылар алқасының шешімімен «Дарынды әже» номинациясын қызылқоғалық Гүлфайруз Қуанышева иеленді. «Аспаз әже» номинациясы жылыойлық Райхан Қапизоваға, «Парасатты әже» исатайлық Мақпал Отароваға, «Өнерлі әже» мақаттық Тамара Оразбаеваға, «Ісмер әже» атағы махамбеттік Қалығыз Көшкінбаеваға бұйырды. Осы аталған сайыскерлерге 50 мың теңге ақшалай және арнайы сыйлықтар табысталды. Ал, жүлделі 3 орынды иеленген Атырау қаласынан Сәуле Қайрошеваға 200 мың теңге ақшалай сыйлық, 2-ші орынды жеңіп алған Индер ауданынан келген Бақытжан Жайымоваға  300 мың ақшалай сыйлық тапсырылды. Құрманғазы ауданының намысын қорғаған 82 жастағы Жаннат Құрманғалиева 1 орынды иеленіп, 500 мың теңге ақшалай сыйлықты қанжығасына байлады.

Кеш соңында Атырау облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Нұрсәуле Сайлауова   алғысын білдірді. Тағылымды шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов бір топ әжені Алғыс хаттармен марапаттады.

Гүлдана ЖАМБОЗОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз