Атыраулықтар 500 теңгеге тамақтана ала ма?

1409385100 1376311293 Жаңалықтар

Алматы қаласы әкімінің есепті кездесуі барысында 500 теңгеге тамақтану туралы айтылды. Бұл біраз талқылауға тамызық болғаны анық. Бірі шаһар басшысын жақтап, бірі даттап, жұрт екіге жарылып жатқан тұста, сәтті маркетингтік қадам жасаған дәмхана иелері де пайда болды. Яғни, әкімдерінің айтқанын ақиқатқа айналдырғандар 500 теңгелік мәзір ұсынып, келушілердің көңілінен шыға білді.

1409385100_1376311293

Ал, Атыраудағы ахуал қандай? Осы сауал көпті мазалайтыны анық. Яғни, қалтаңызда 500 теңге болса, қайтпексіз? Көңіліңіз қалаған тағамға тапсырыс бере аласыз ба, әлде тіскебасар тағамдарды талғажау етуге мәжбүр боласыз ба?

«Біз Алматы емеспіз. Бірақ…»

Негізінен, бұл ақшаға кешенді түскі ас ішуге болады. Өйткені, өңірімізде тамақтанудың осы түрінің бағасы 500 теңгеден басталады. Алайда, мұндай мейрамханалар саусақпен ғана санарлық.

500, 600, 880, 1000, 1200, 1500, 1700, 2000, 2100, 2150 теңге. Бұл – Атыраудағы кешенді түскі ас пен бизнес ланчтардың бәсі. Негізгі баға 800-1500 теңге аралығын құрайды.

Аталған мәселеге орай, әлеуметтік желіде сауал тастаған болатынбыз. Алайда, ана тілімізде жазылған сұраққа жауап беруге ниет білдіргендер болмады. Сондықтан, «Фейсбуктегі» арнайы мейрамханалар қызметі, деңгейіне қатысты топтың әкімшісінің көмегіне жүгініп, сауалды ресми тілде жарияладық. Сонымен, 196 адам өз пікірін білдірді. Жауап бергендердің басым бөлігі, яғни, 76 дауыс иесі «бұл мүмкін емес» десе керек, жай ғана күлкісі келетінін білдіріпті. Ал, 33 адам үйде тамақтануды жөн санаса, жоғарыда атап өткеніміздей, маркетингтік сәтті қадам жасап, «500 теңгеге бізден тамақтан» ұстанымымен жұмыс жасап жатқан «Beluga» мейрамханасы – фаворит. Сол жерден дәмді, әрі тойымды тамақтануға болатынын көрсеткен 27 адам аталған мейрамханада түстік ас ішуге болатынын айтады.

Сондай-ақ, ұсынылған нұсқалар қатарында «Дина» базарынан тамақтануға болатын шығар» дегенді көрген соң, сауда нысанындағы ахуалды да бай-қамақ болдық. Бұл жерде кешенді тамақтану деген қарастырылмаған екен. Алайда, біз бас сұққан екі дәмханада да 500 теңгеге тұрарлық тағам (ыстық тамақ) таба алмадық. Қуырдақ 1000 теңге, борщ 600 теңге дегенді көрдік.

599 теңгеге – палау!

Ұсынылған жауаптар қатарында «өзің пісіріп, үйден тамақтанған дұрыс» деген нұсқа да біраз дауыс жинағанын жоғарыда атап өттік. Әрине, мұны дұрыс десек те, қолыңызда 500 теңге ғана болса, қандай тағам пісіріп ішуге болады? Осы ойдың жетегімен жақын маңдағы супермаркетке бас сұқтық.

Қолымыздағы аз-ғантай ақшаны тиімді жұмсау мақсатында сөредегі самсаған азық-түліктер ішінен арзанын іздеп айналшықтағанымыз рас. Сонымен, ойға алған азық-түлік құрамына ет қосып пісірудің еш мүмкін еместігін бағамдаған соң, 257 теңгеге құс етін таңдадық. Онда да ең кішкентайын алуға мәжбүр болғанымызды өзіңіз де шамалап отырған боларсыз.

Атыраудағы азық-түлік бағасының арзандағанын, соның ішінде сәбіз бен жуаның төмен бағада екенінен құлағдар болғандықтан, «неге палау пісірмеске?» деген ойдың сап ете қалғаны. Сонымен, «еті аз болса да, дәмі келіссе екен» деген мақсатпен 22 теңгеге сәбіз бен 28 теңгеге жуаны екі-екіден алдық. Әрине, басты атрибут – күріш. Оны 292 теңгеге алдық (аталған сауда нысанындағы ең арзаны осы болды). Сонымен, өзіміз жоспарлаған сомадан сәл артық бағаға сауда жасап, 599 теңге 28 тиын төлеп, палау пісіруге аттандық.

Айтпақшы, аталған тағамға қажетті өсімдік майы, тұз секілді өзге де қосымшалар үйіңізде бар екеніне көз жеткізіп алғаныңыз артық болмас. Ал, біз сатып алған азық-түліктен керемет палау жасауға мүмкін болмаса да, өзің үйде дайындаған, жеуге тұрарлық тағамға қол жеткізеріңіз анық.

Айдын Сыралбек, студент:

– Әрине, ауылдан келген студент болған соң, тамақты өзіміз сатып аламыз, үнемдеуге тырысамыз. Дәл қазіргі жағдайда 500 теңгеге бір жерге отырып, тамақтануға болады дегенге өз басым сенбеймін. Бұл ақшаға тек самса, донер алуға ғана болады деп ойлаймын. Ал, осы ақшаға азық-түлік сатып алсақ, бір күндік тамақ пісіріп ішуге болатынына сенімдімін.

Қамажай Т., кеңсе қызметкері:

– 500 теңге… Мүмкін 1500 теңге шығар? Сіз атаған сомаға менің жұмысым орналасқан «Стройконтора» маңында тамақтанатын орын жоқ секілді. Кешенді түстік астың ең арзаны қазіргі таңда 600 теңгеден басталады ғой. Құдайға шүкір, еңбек еткенімнің арқасында кез келген қалтаға лайықталған дәмхана, демалыс орындарына бара аламын.

Зарина Өтемұратова, жас ана:

– Бұл тақырыпты Байбектің айтқанынан кейін көтеріп отырғандарыңызды түсінемін. Атырау – мұнайлы астана. Біздің қаламызда тек қалталы, мұнайшы-магнаттар ғана тұрады. Бұл сырт көздің біз туралы қалыптастырған пікірі. Ал, шын мәнінде олай емес қой. Екінің бірі күн сайын мейрамханаға барып, тамақ ішуге қаржылық жағдайы көтереді дегенге сенбеймін. Негізінде, ең дұрысы – үйден тамақ ішу.

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз