Атыраудың шұңқырлы жолдары тақтайдай тегіс көшеге айналып жатыр

06 AV85 AV95 ACE 2013 78 ECIv2cmykU Original 427733 Жаңалықтар

Жүргіншілер жолы да қатар салынып, пайдалануға берілуде. Осынау өзгеріске қала мен оның маңындағы елді мекендер тұрғындары ерекше қуанулы. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, былтыр облыс орталығында ұзындығы 200,9 шақырымды құрайтын 268 көшеге тас жол төселген.

06_AV85_AV95-ACE_2013_78_ECIv2cmykU_Original_427733

Қаланың шығыс бөлігіндегі Жұлдыз 1,2,3 ықшамауданында 5 мыңнан астам адам тұрады. Ақжар, Тасқала, Жаңаталап, тағы басқа елді мекендерде үй салып, қоныстанушылардың қатары да өсуде. Қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары халық санының көбеюіне байланысты инфрақұрылымды жасақтау бағытында кешенді жұмыстар жүріп жатқанын айтады. Өткен жылы қала аумағына қарасты елді мекендердегі 146 көшеге (ұзындығы 106,9 шақырымды құрайды) тас жол төселіпті. Қара балшықтан арылған ықшамаудандардың арасында аталған елді мекендерден өзге Дамбы, Бірлік, Геолог, Талғайраң, Мұнайшы, «Жұлдыз-3» пен Көкарна ауылдары бар.

Былтыр қала бойынша қосымша ұзындығы 193,5 шақырымды құрайтын 226 көшеге (Ақжар-2, Ақсай-2, Атырау-1, Жаңаталап-1, Еркінқала-2, Водников-2, Томарлы-2, Бірлік-2, Дамбы-2, Тасқала-3 елді мекендері) автокөлік жолдары құрылысын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталыпты. Оның ішінде жалпы ұзындығы 94 шақырымды құрайтын 122 көшенің (7 елді мекенге Ақжар-2, Атырау-1, Жаңаталап-1, Еркінқала-2, Водников-2, Томарлы-2, Бірлік-2 елді мекендері жатады) тас жол төсеу жұмыстары жүргізілген.

Жол салу көп қаражатты қажет етеді. Оған жергілікті бюджеттен бағытталған қаржының көлемі жеткіліксіз болған еді. Сондықтан, «Атырауинжстрой» ЖШС өз қаражатымен жалпы ұзындығы 37,5 шақырымды құрайтын 58 көшеге (Ақжар-2, Атырау-1, Жаңаталап-1, Еркінқала-2, Водников-2, Томарлы-2, Бірлік-2, елді мекендері) толықтай асфальт жабындысын, жалпы ұзындығы 56,5 шақырымды құрайтын 64 көшеге асфальт жабындысының төменгі қабатын төсеп берді.

Жұртшылықтың талап-тілегіне байланысты автокөлік жолымен қатар, жаяу жүргінші жолы да қатар салынуда. Бұл халыққа қолайлы жағдай туғызады, әрі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Былтыр облыс орталығына қарасты елді мекендердегі ұзындығы 18,1 шақырымды құрайтын 13 көшеге жаяу жүргінші жолын төсеу жұмыстары жүргізілді. Қалған іс-шара биыл да жалғасын табады. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 99,5 шақырымды құрайтын 104 көшеге тас жол төсеу жоспарлануда. Ал, Баймұханов, Тайманов, Владимирский көшелері қайта жаңғыртудан өткізілді. Сондай-ақ, қаладағы басты 11 көшені (Маденов, С.Датов, Құрманғазы, Бейбарыс, Ғабдиев, Азаттық, Амандосов, Ғұмаров, Әуезов, Уәлиханов және Гагарин көшелері) қайта жаңғыртудан өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.

Бұған қоса, Атырау қаласы мен қала аумағына қарасты елді мекендер мен ауылдық округ әкімдерінің ұсыныстарына сәйкес ұзындығы 71,2 шақырымды құрайтын 141 көшеге жол құрылысын жүргізу жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттары жасақталуда. Қазір Атырау қаласында жолға қатысты проблема 75 пайыз деңгейінде шешімін табуда. Әсіресе, әлеуметтік нысандар мен негізгі жолдарға басымдық берілгені байқалады.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз