Атыраудағы концертте Арман Жүдебаев оркестр былай тұрсын, көрерменге де дирижерлік етті (ФОТО)

EAC5268 Жаңалықтар

Махамбет атындағы қазақ драма театрында мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Арман Жүдебаевтың шығармашылық кеші өтті. Бұл күні классиканы сүюші көрермен қарасы көп болды.

_EAC5268

Кеш шымылдығы Түркештің «Көңіл ашарымен» ашылды. Оны Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Амантай Берғалиев жүргізді. Сондай-ақ, онда күй атасы Құрманғазының «Байжұма», «Серпер», «Адай», «Сарыарқа», «Төремұрат», күй анасы Динаның «16 жыл», Ықыластың «Жез киік», Айтқали Жайымовтың «Ереуіл атқа ер салмай», Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет», «Әлқисса» күйлері Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің шебер орындауында халық жүрегіне жол тапты. Бұл шығармалар тыңдарман жүрегін елжіретпей қоймасы анық.

_EAC5307

Сол сияқты, концертте Евгений Брусиловскийдің «Желдірме», Қаршыға Ахмедияровтың «Той күйі» туындылары жаңа нақышта орындалды. «Ел айырылған» атты халық күйі де қайта күмбірлеп сала берді. Тіпті, атақты сазгер, жазушы, публицист, музыка танушы Илья Жақановтың «Балқантау» әнінің де екінші тынысы ашылды десе де болады. Ал, Мұхиттың «Үлкен айдай» әнінің бұл жолғы орындалысы мүлде бөлек, шеберліктің шыңына шықты. Әсет Бейсеуовтің әндерінен топтастырылған поппури де құлақ құрышын қандырды.

_EAC4772

Бірақ, классика кешінің сүт бетінде қалқыған қаймағы, бұл – қазақтың қара домбырасы мен басқа да ұлттық аспаптарымыздың сүйемелдеуімен көп көңілінен шыға білген шетелдік композиторлардың туындылары болды. Әсіресе, Сервер Какураның «Хайтарма Ай-Петри», Карл Дженкинстің «Палладио», Андерсеннің «Фидл-Фадл», Иоганн Штраустың «Радецкий марш» шығармалары әдетте «классика тыңдамайды, театрға бармайды» деп қоғамның кінәрат тағып жүрген жастарды да бей-жай қалдырмады.

_EAC5185

Бір қызығы, Арман Жүдебаев концерт барысында оркестр былай тұрсын, көрерменге де дирижерлік етті. Көрермендер де оркестрдің әуені мен дирижердің сиқырлы таяғына елтіп, шығармаларды бірге орындап отырды.

_EAC5099

Шара соңында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев кеш ұйымдастырушылары мен оркестр ұжымына алғыс білдіріп, Арман Жүдебаевқа шығармашылық табыстар тіледі.

_EAC5058

_EAC4799

_EAC5045

_EAC4873

_EAC4961

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

(Толығырақ «Атырау» газетінен оқи аласыздар.)

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз