Атырауда мемлекет пен азаматтық сектордың өзара іс-қимыл жасау мәселесі талқыланды

WhatsApp Image 2018 06 08 at 16.44.29 1 Жаңалықтар

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев жұмыс сапарымен Атырауға келді. Салалық ведомства басшысы облыс әкімдігінің қолдауымен ашылған Қазақстандағы алғашқы Азаматтық орталықтың жұмысымен танысты, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

WhatsApp Image 2018-06-08 at 16.44.29 (1)

Орталықтың негізгі міндеті – үкіметтік емес ұйымға әдістемелік көмек көрсету және ұсынылған идеяларды қолдау.

«Біз осы бағытта өңірде қандай ауқымды жұмыстар жүргізілгенін көріп отырмыз. Бізге іске асырылып жатқан жобаларды таныстырды. Бүгінгі күні азаматтық қоғам деп коммерциялық емес ұйымдардың жасайтын жұмысын ғана айтуға болмайды. Бұл тұрғындардың барлық мүдделі санаттарының жұмысы. Бұл үшін ҮЕҰ құрудың қажеттілігі жоқ», – деп есептейді Дархан Қалетаев.

Бүгінде еліміз бойынша 20 мыңдай ҮЕҰ тіркелген. Алайда, оның жартысына жуығы жұмыс істемейтін көрінеді. Ал Атырау облысында ресми тіркелген 500 үкіметтік емес ұйымның 100-ге жуығы ғана белсенді қызмет етуде.

«Бұл жерде жұмыс жасамайтындарды не істеу керек деген сұрақ туындайды. Олардың қажеті бар ма? Біз ҮЕҰ-ның қайта тіркеуден өтуін талап етеміз бе, әлде әрекетсіз ұйымдарды жоюдың басқа жолдарын табамыз ба? Ойластыру қажет. Қазіргі таңда ҮЕҰ-дың санына емес, олар көрсететін қызметтің сапасына баса назар аудару қажет. Жыл сайын мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру үшін бюджет 19 миллиард теңгеден астам қаржы бөледі. Тағы 5 миллиард теңгесі шетелден қаржыландырылады. Әлеуметтік тапсырыс қаншалықты сапалы орындалуда?» – деп атап өтті Дархан Қалетаев.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірде ҮЕҰ мен мемлекеттік мекемелердің арасындағы өзара іс-қимыл бойынша нәтижелі жұмыстар жасалғанын айтып өтті. Түрлі бағыттарда іске асырылатын жобалар қоғамды алаңдататын өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді.

«Сіз өңірде қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрдіңіз. Біз өз тарапымыздан Мемлекет басшысының азаматтық қоғам институттарын одан әрі жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындай отырып, өзара іс-қимыл жасаудың жаңа жолдарын іздестіруді жалғастырамыз. Тұрғындардың, қоғамның проблемалық мәселелерін терең түсіну үшін біз «Атырау Цифрлық Қабылдау» мобильді қосымшасы мен Telegram «Атырау облысының әкімдігі» чат-арнасын іске қостық. Ақпараттық технологиялар арқылы азаматтар өздерін толғандыратын сұрақтарды қойып, жедел жауап ала алады. Бұл жүйе 6 айдың үстінде жұмыс жасап, өзінің тиімділігін көрсетті. Жұмыс жалғасатын болады, – деді Нұрлан Ноғаев.

WhatsApp Image 2018-06-08 at 16.44.29

Өңірдің үкіметтік емес ұйым өкілдерімен өткен кеңесте Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Асылбек Қожахметов өз пікірін білдірді.

«Бүгінгі күні азаматтық сектордың мағынасы кең. Бұл кәсіподақтар да, діни сектор – мешіттер мен шіркеулер де. Жоғары оқу орындары – зияткерлік байлықтың шоғырланған жері. Олар да үкіметтік емес сектордың осы қуатты қозғалысына тартылуы тиіс. Егер Батыс елдерді алып қарасақ, мысалы, Голландияда ел тұрғындарының 15%-ы үкіметтік емес секторда жұмыс істейді, Қазақстанда бар болғаны 0,3%. Біздің бүгінгі міндетіміз – ҮЕҰ мен мемлекеттік органдардың арасындағы жүйелі жұмысты жолға қою», – деді Асылбек Қожахметов.

Министр Дархан Қалетаевтың айтуынша, Азаматтық альянс мемлекет пен қоғам институттарының арасында азаматтық диалог алаңын ұйымдастыру бойынша негізгі әріптестердің бірі ретінде саналуда. Министр азаматтық қоғамды дамыту саласында заңнаманы жетілдіруде және үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттің өзара іс-қимылын дамыту жөніндегі Ұлттық жоспарды іске асыруда Азаматтық альянстың әлеуетін пайдалануды ұсынды. Оның пікірінше, Азаматтық альянс қазақстандық ҮЕҰ-дың орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаңа білімге оқыту мәселелерімен айналысатын республикалық әдістемелік орталық бола алады.

Сонымен қатар, министр Азаматтық альянсты «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ілгерілету жөніндегі ағартушылық жоба мен жаңа әлеуметтік бастамалар әзірлеу процесіне қосылуға және мемлекетік функцияларды бәсекелес ортаға беру жұмысына қатысуға шақырды.

Жиында үкіметтік емес ұйымның өкілдері де пікірлерін білдіріп, мемлекет пен азаматтық сектордың өзара іс-қимылын жақсарту жөніндегі ұсыныстарын енгізді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз