Атырауда мектепке оранып келетін оқушылар саны биыл 200-ге жеткен

Білім

«Соңғы кезде мұнайлы өңірге еліміздің өзге аймағынан, соның ішінде, Оңтүстік Қазақстан облысынан келушілер көп. Соның салдарынан биылғы оқу жылында оқушылар саны алты мыңға артса, бірінші сынып оқушылары басқа жақтан келушілер есебінен бір мыңға көбейіп отыр» деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте.

ShowImage.ashx_

Бұрынғы күнделік те жарамды  

Ал, оқулық іздеп, дүкен шарлап жүрген ата-аналарға айтарымыз, енді алаңдауға еш негіз жоқ. Өйткені, басқарма тарапынан оқулықтар мен бастауыш сыныптықтарға арналған дәптерлерге түгелдей тапсырыс берілген. Жеткізушілердің салғырттығынан оқулықтар кешеуілдеп қалыпты. Бірақ, күні кеше оқулық түгел Атырауға жеткізілді. Енді мектептерге таратылуда. «Бес күндік оқу бағдарламасына сәйкес баға қойылмайтын күнделіктер қымбаттады» деген тілшілер сауалына орай ол бұрынғы күнделіктерді де пайдалануға болатынын айтты. Мектептердің оларды ауыстыруды талап етуге құқы жоқ. Сондай-ақ, сенбі күнгі факультативтік сабақтарды қою-қоймау туралы сабақ кестесін мектеп басшылығы мен ата-аналар комитеті бірігіп шешуі керектігін ескертті.

Орамалмен оранба, айналайын!

Көпті толғандырар мәселенің бірі – мектеп оқушысының xиджаб киюі. Күн тәртібіндегі өзекті мәселе бойынша облыс көлемінде ата-аналар жиыны өткізіліпті. Өткен жылы мектепке оранып келетін оқушылар саны 160 болса,  биыл 200-ге жеткен.

– Біз олардың діни көзқарастарына қарсы емеспіз. Алайда, оқушылардың барлығы ережелерді, соның ішінде, сыртқы келбетіне қатысты қағидаларды сақтауы тиіс. Ата-аналар сотқа беретіндерін айтып, арыз жазады. Дегенмен, көпшілігі түсіндіру жұмыстарынан кейін біздің дәлелдерімізбен келісуде,-дейді Нұрсәуле Сайлауқызы.

Сабақ 40 минуттан өтеді

Жаңа оқу жылынан бастап тоғыз мектеп оқушыларды үш ауысымда оқытуға мәжбүр болып отыр. Нұрсәуле Сайлауқызының айтуынша, үш ауысымға көшірілгенімен, түстен кейін оқитындар кеш түспей, сабақтан тарайды. Өйткені, бірінші ауысымда оқитындардың сабақтары 12.30-да аяқталса, сағат 13.00-де мектепке дейінгі даярлық топтары білім алады. Cағат 14.30-да түстен кейінгі мезгілде оқитын оқушылар сабағы басталады. Жаңа оқу бағдарламасына сәйкес, сабақтар бұрынғыдай 45 минут емес, қазір 40 минуттан өтеді.

– Үш ауысымды оқытуға көшудің басты себебі, оқушылардың мектептерде шектен тыс көптігіне байланысты болып отыр. Сондай-ақ, демографиялық және миграциялық үрдістің әсері бар. Биыл жаңа оқу жылында 112 мың бала мектепке барды. Олардың 15 мыңы–бірінші сынып оқушылары. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда төрт мыңға көп, – деді Н.Сайлауқызы.

Бір сыныпта – 40 оқушы

Облыс басшылығы осыған байланысты сегіз жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтауды жеделдетуді жоспарлап отыр. Нұрсаядағы №37 мектептің қолданысқа енгізілуі жақын маңдағы ықшамаудан тұрғындарының түрлі пікірлерін туғызғанын білеміз. Олардың көпшілігі мектепте орыс сыныптарының жоқтығын біліп, балаларын әлі күнге дейін №30, 3, 5 және 16-мектептерге тасуда. Бастапқыда мектепті аралас ету жоспарланған. Алайда, орыс тілді мұғалімдердің жетіспеушілігі жоспарды өзгерткен. Былтырғы оқу жылында облыста 340 мұғалім жетіспеді. Биыл кадр құрамы 105 оқытушымен толықты. Дегенмен, олардың 80 пайызы – қазақ сыныптарының мұғалімдері. Сондықтан, қазір орыс сыныптарында 40 оқушыдан оқиды. Осыған байланысты ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектеп-гимназиясының ұжымына ауыртпалық түсіп отыр. Биыл оқушылардың көптігіне байланысты гимназиядан сегіз бірінші сынып ашуға тура келген. Қазір гимназияның бастауыш сыныптарында 900-ден астам бала оқиды.

Қай мектепке барған жөн?

Сонымен қатар, жұртшылық Нұрсаядағы гимназияға қатынайтын  қоғамдық көліктер мәселесін айтып, облыстық білім беру  басқармасына бірнеше мәрте барыпты. Көпшілігі үйінің мектептен алыстап кеткенін айтып келген. Стандартқа сәйкес, басқарма тарапынан гимназия үшін арнайы көлік шығарылмайтынын айтқан Нұрсәуле Сайлауқызы қай мектепте де білікті ұстаздар барына тоқталды. Баланы алыс аудандағы мектептерге апарып сүйрелегенше, үйге жақын орналасқан оқу орындарына берген дұрыс. Тасымалдап оқыту, әсіресе, қыс мезгілінде балаларға да, ата-аналарға да қиындық туғызары анық.

Жаңа жүйемен оқыту бағдарламасы бойынша үш тілде сабақ беретін мұғалімдер қажеттілігі байқалып отыр. Өкінішке қарай, біздің өңірде үш тілде сабақ беретін мұғалімдер болғанымен, олардың ағылшын тілін меңгеру деңгейі арнайы талаптарға сәйкес емес. Олардың әлі де тілді үйренуі керек. Үш тілді жетік меңгеріп, сабақты еркін өткізе алатын жағдайға жеткендердің ғана еңбекақысына үстеме қосылады. Әзірге, үш тілде сабақ беретіндердің арасында үстемақы алатын мұғалімдер жоқ. Информатика, химия, физика, биология пәндерінің 48 оқытушысы тілдік курстардан өтіп, А1, А2 деңгейінің сертификаттарын алған. Тағы 350 мұғалім оқуды жалғастыруда.

Нұргүл Ысмағұлова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз