Атырауда мектепке орамалмен келетін оқушылар саны азаймай отыр

Мектептегі киім үлгісі Білім

Мектеп – тәрбие орны. Онда оқушы өзінің жасына сай әдемі, жинақы киініп сабаққа келуі керек. Алайда, мектептердегі сабаққа орамал тағып келетін оқушылар саны азаймай отыр. Өткен жылы олардың саны 160 болса, биыл 200-ге жеткен. Осындай мәселе Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен талқыланды. Онда облыстық білім беру басқармасы мен Атырау облысы бойынша білім саласындағы бақылау департаменті, облыстық дін істері басқармасының басшылары журналистер сауалдарына жауап беріп отырды.

Мектептегі киім үлгісі

Айта кетейік, мектеп формасына қатысты қағидалар он жылдан бері білім жүйесінде кеңінен қолданылып келеді. Білім және ғылым министрлігі араға жыл салып, яғни, 2007, 2011, 2015 жылдары оқушы формасына қатысты ережелерді айқындай түсті. Кейін оны бөлек құжатқа біріктіріп, талаптар ретінде жүйелі жариялады. Сондықтан, биылғы  мектеп формасына қатысты туындап жатқан пікірлердің астарынан қандайда бір саяси ақпар іздеудің қажеті жоқ.

 

Сіз не дейсіз?

Қайролла КӨШҚАЛИЕВ,

облыстық дін істері

басқармасының басшысы:

– «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңда: «Ешкімнің де өз діни наным, себептері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ»  деп белгіленген. Сондықтан, мемлекеттің әрбір азаматы заң талаптарын сақтауы керек. Мектепке орамал тағып келу – заңға қайшы. Өткен жылдың қыркүйек айында үш кезең бойынша түсіндіру жұмыстарын бастаған едік. Бірінші кезеңде жетілдіру, қаладағы мектеп оқушылары мен психологтары, ата-аналарының қатысуымен түсіндіру, ақпарат беру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, орамал таққан 136 оқушының тоқсаннан астамы кәдімгі мектеп формасын киді. Екінші кезеңде жеке кездесу жұмыстарын өткіздік. Оқу жылы біткенше жұмыс жүрді. Оның да оң нәтижесі болды. Үшінші кезеңде әкімшілік құқық бұзушылық талаптары бойынша шара қолданылады. Шариғатта: «Қай мемлекетте тұрасың, сол елдің заңын ұстану керек» деген  қағида бар.

 

Нұрсәуле САЙЛАУОВА,

облыстық білім беру басқармасының басшысы:

– Зерттеу-зерделеу жұмыстары нәтижесінде оқушылардың арасында «Менің таққым келмейді, ата-анам ұрысады» дегендері бар. Кейбірі балаларына әбден үйретіп тастағандықтан, өз еркімен тағатынын айтып қасқайып тұрды. Қай мектеп екенін айтпай-ақ қояйын, бірақ, сабақ аяқталар кезде мектептерге рейд жасап шыққанымда, тоғызыншы сыныптың бір оқушы қызы спортзалдан шығып келеді. Оранған орамалы малмандай су, оны көріп: «Ауыстыратын киімің бар ма, салқын тиіп ауырып қаласың ғой» деп жанына барып сөйлестім. Әлгі оқушы: «Өзім таққым келмейді, анам ұрысады ғой» деп ыңғайсыздана берді. Сол оқушы қазір колледжге оқуға түсіпті. Орамал тақпайтын болыпты.

Ата-ана баланы еркінен тыс мәжбүрлемеуі керек. Қазіргі мектептердегі қыздардың киіп жүрген белдемшесі қысқа емес. «Білім туралы» Заңда көрсетілгендей, тізеден түсіп тұрады. Сондықтан, қыздар орамал тақпай, шашын түйіп, жейде киіп келсе, өте жарасымды болар еді.

«Мектеп формасын сақтау» дегеннің өзі «басқа ешбір атрибутты қолданбау» дегенді білдіреді. Діни атрибуттарға ғана емес, басқа да ерекшеліктерге тыйым салынады. Мәселен, бала мектепке еркін киім үлгісімен, сәнді немесе спорттық киімдермен, жарқыраған әшекей бұйымдармен келе алмайды ғой. «Форма» ұғымы соның бәрін реттейді.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз