Атырауда Каспий маңы елдерінің студенттері бас қосты

img 20180926 wa0168 Жаңалықтар

Х. Досмұхамедов  атындағы  Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» мәдени-спорттық кешенінде Каспий маңы мемлекеттері университеттерінің VI халықаралық спорттық ойындары өз жалауын көтерді.

img_20180926_wa0168

Былтырғы жылы осы оқу орнында өткен Каспий маңы мемлекеттері университеттерінің  ХХ Ассамблеясында аталмыш ірі шараны Атырау қаласында өткізу  бірауыздан мақұлданған болатын. Мұндай жарыс осыған дейін өңірімізде 2002 жылы Атырау мұнай және газ институтының ұйытқы болуымен өткізілген еді.

Университет стадионының жанына екі киіз үй тігіліп, шағын этноауыл бой көтеріпті. Отаудың бірінде қазақтың сан түрлі  ұлттық бұйымдары, әшекей-әбзелдері көрініске қойылса, екіншісінде дастархан жайылып, келушілер шұбат, көже тәрізді сусындар мен ыстық бауырсақтан дәм татты. Сонымен қатар, ұлттық нақышта киінген оркестр сазды әуендерін ойнап, қолөнер шеберлері өздерінің бұйымдарын спортшылар назарына ұсынды.

Каспий маңы студенттерінің басын қосқан универсиаданың ашылу салтанаты театрланған қойылыммен басталды. Шарада Х.Досмұхамедов  атындағы  Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Абзал Талтенов, «Теңізшевройл» ЖШС-нің Үкімет және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Ырзабек Артығалиев, Жылыой ауданының әкімі Азамат Бекет қатысушыларға сәттілік тіледі.

Спорттың он түрі бойынша өтетін бір апталық сайыстарға Ресей, Иран Ислам Республикасы, Әзербайжан, Түркіменстан елдерінің және Каспий өңіріндегі қазақстандық 600-ге жуық студент қатысуда.

Ашылу салтанатында қазақ күресінен сайыс өтіп, боз кілемге шыққан жиырмаға жуық балуанның арасынан Х. Досмұхамедов  атындағы  Атырау мемлекеттік университетінің студенті Амандық Абылай жеңімпаз атанды. Ол ақтық сында Ресейден келген спортшы Загиб Магомедовтен басым болды. Ал, жүлделі үшінші орын Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің студенті Серік Нұрахметовке бұйырды.  Қазақ күресі федерациясының өкілдері болашақта осы белдесу түрін де универсиадада өткізілетін спорттық сайыстардың қатарына қосуды көздейтінін жасырмады.

Сонымен, студенттер арасындағы бәсекелер өз бастауын алды. Спорттың  футбол, дзюдо, волейбол, баскетбол, шахмат, каратэ, бокс, үстел теннисі,  суға жүзу, жеңіл атлетика тәрізді түрлерінен болатын универсиада сайыстары 30 қыркүйекте аяқталады.

Мұратбек Төлегенұлы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз