Атырауда аудан әкімі мен экономика және қаржы бөлімінің басшысы сотталды

20120403210508 1 Жаңалықтар

Атырау облысының Исатай аудандық сотында Исатай ауданының экс-әкіміне және аудандық әкімдіктің экономика және қаржы бөлімінің басшысына қатысты қылмыстық іс қаралды.20120403210508

Сотталушылар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 28 бабының 2 бөлігі, 367 бабының 2 бөлігі (Пара беру), 189 баптың 3 бөлігі 2 тармағындағы (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иелену немесе жою) қылмыстарды жасады деп айыпталған.

Сот отырысында анықталғандай, 2016 жылдың қыркүйегінде Астана қаласында Атырау облысы ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілердің жәрмеңке-көрмесі өткен. Аталған шарада Исатай ауданын аудан әкімдігінің ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы К.Е. бастап барған. Сол кезде аудан әкімі Т.Сұлтанбеков жәрмеңкеге қатысушы К.Е.-ге 22 дана «сазан» балығын алып, елордалық ағайын-туыстарына апарып беруді өтінген.

Сөйтіп К.Е. жәрмеңкеде балық өнімдерін ұсынушы «Амангелді» өндірістік кооперативінен 50 000 теңгеге «сазан» балықтарын қарызға жаздырып алады. Атырауға келген соң К.Е. әкімге кооперативке қарызын қайтарып беру керек екенін ескертеді. Әкім оған сыйақы ретінде 83 000 теңге беретінін айтып, өз кезегінде ол 50 000 теңгесіне қарызды төлеп, қалған ақшаға танысының өтініші бойынша «қой» малын алып беруді тапсырады.

Екінші эпизод «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жүзеге асырумен байланысты. Бағдарламаның талабына сәйкес ауданда қызмет етуге бел буған жас мамандарға мемлекет тарапынан тұрғын үй берілуі тиіс. Осындай бір маман Исатай ауданына келіп,  оны бір үйге орналастырады.

Кейін анықталғандай, аталған үй аудан әкімінің жақын туысына тиісті болған. Ал, оның жалдау құны мемлекет тарапынан өтелген.  Бұл факті Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің маманының тексеруі кезінде анықталады. Департамент маманы кемшілікті анықтамаға енгізетінін айтып, Астана қаласына кетіп қалады.

Мәселенің ушығып кетуінен қорыққан әкім, дереу оның артынан Исатай аудандық әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы Р.Қадыржанованы Астанаға жібереді. Ол тексеруші маманға 150 000 теңге қаражатты пара ретінде беруі керек болған. Қызығы, ол параны өз қаражатының есебінен беруі керек, өйткені, әкім келгесін сыйақы жазу арқылы ақшаны қайтарып беруге уәде берген.

Сотта Т.Сұлтанбеков кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процестік келісім жасақтады. Соған сәйкес, сот оған 4 560 150 тенге айыппұл салып, қылмыстық жолмен табылған мүлікті тәркілеп, өмір бойына мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан айырды.

Қылмыстық істің екінші сыбайласы Р.Кадыржанова да кінәлі деп танылып 4 500 000 теңге айыппұл жазасына кесілді. Алайда, рақымшылық заңының қолданылуына байланысты жазаны өтеуден босатылды.

Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз