Атырау телеарнасы: жаңа маусым жаңалығы

atyrau Жаңалықтар

Жаңалыққа толы жаңа маусымның ашылу салтанатында «Қазақстан телерадио корпорациясы» басшылығы атынан құттықтау тілекті «Балапан» телеарнасының бас режиссері Қарлығаш Әбдібаева жеткізді. Тарихтың алпыс жылдық белесін бағындырған ұлттық арна ұжымының биылғы ұстанған бағыты – «Әр шаңырақтың төрінде – ұлттық арна!» деп аталады.

atyrau

Елбасының халыққа Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мақсатында бірқатар жаңа жобалар мен телевизиялық тың бастамаларын көрермендеріне тарту етпек. Отандық өнімді қолдап, 16 телехикая ұсынбақшы.

– «Қазақстан телерадио корпорациясы» АҚ құрамында төрт телеарна мен 14 облыстық филиал жұмыс істейді. Ұлттық арна соңғы жылдары халықтың тарапынан қолдау тапқан мегажобаларды қолға алып келеді. Әсіресе, «Мен қазақпын»  «Шаңырақ», «Қызық екен», «Дара жол», «Қарекет», «Мәселе» бағдарламалары көрермендердің көзайымына айналды.  Биыл да осы үрдіс жалғасын табады. Жаңа маусымда «Қазақстан» ұлттық арнасы мен филиалдарында ерекше бағдарламалар көрерменге жол тартпақ, – деді Қарлығаш Әбдібаева.

«Қазақстан» ұлттық арнасының шығармашылық ұжымы бұл маусымда ұлттың ұйысуына, тарихи сананың қайта жаңғыруына себепкер болмақ ниетте екен.

– «Атырау» – облысымыздағы өзіндік орны бар телеарна. Мемлекеттік саясатты насихаттауда, Елбасының халыққа арнаған Жолдаулары мен мемлекеттік бағдарламаларды жұртшылыққа түсіндіруде, облыстың қол жеткізген табыстары мен түрлі саладағы кемшін тұстарды дөп басып, атқарушы биік органдарына жеткізуде ширек ғасырдан астам уақыттан бері жұмыс жасап келеді. Облыстық телеарнаның  ұлттық құндылықтарға, танымдық, тәрбиелік маңызға ие хабарлары – қашан да халықтың назарында. Облыстық әкімдік тарапынан телеарнаның материалдық-техникалық базасын нығайтуға, қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге септігін тигізіп отырады. Жаңа маусым көрермені көп хабарларға, тың туындыларға толы болсын, – деді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың атынан құттықтауын жолдаған облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев.

Мерекелік кеш қонақтары «Інжу-маржан» халықтық би ансамблінің өнеріне, «Мұнайлы астана» әнін ерекше шабытпен шырқаған өңірге танымал әншілер Ақмарал Машимовның, Венера Машқалиеваның, Медет Қарамырза мен Хамил Сүйекбаевтың, «Мен қазақпын» халықаралық мегажобасына жолдама алған қызылқоғалық Берік Амантаевтың орындау шеберлігіне тәнті болды. Телеарнада ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға үлес қосып жүрген, Ұлы даланың мұраттарын әуенге сыйдырған, бар болмысын аспаппен бейнелеген «Сармад» фольклорлық ансамблінің өнеріне жұртшылық риза көңілмен қошемет көрсетті.

Сонымен, облыстық телеарнаның жаңа маусымында тұсауы кесілген жаңа бағдарламалары көрерменге жол тартты.

табылды

Сіз не дейсіз?

Илья ЖАҚАНОВ, композитор, жазушы, музыкатанушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:

Телеарнаның қазіргі бағытына, хабарлардың көркемдік-идеялық мазмұнына көңіліміз толып отырады. Тележурналистердің білім-біліктілігі, сөйлеу, хабарды жүргізу мәдениеті қуантады. Облыстық арнаның жаңа маусымында тұсауы кесіліп, көрерменге жол тартып жатқан жаңа жобаларының ғұмыры ұзақ болсын!

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі:

Телевизиялық хабарлардың танымдық-тәрбиелік мән-мағынасы өте зор. Көгілдір экранға қарап біз көп жағдайда ой түйеміз, бой түзейміз. Арна арқылы жас та, кәрі де өз өміріне қажетті асыл қасиеттерді бойына сіңіреді. Соңғы жылдары телеарнада көңілге қонымды хабарлар жиі ұсынылып жүр. Өңірімізден шыққан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, мұнай-газ өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы, ғылым, білім, әдебиет пен өнер майталмандарының, еңбек адамдарының жасампаз істері туралы түсірілген хабарларды сүйсіне қараймыз. Бұл үрдіс алға қарай да жалғаса бергей!

 

 

Бақытжан ЖҰМАТ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз