Атырау – Польша әріптестігі

Атырау 1 1 Жаңалықтар

Польшаның құрылыс экспортшылары кластері мұнайлы өлкедегі бизнес иелерімен бірлескен кәсіпорындар ашып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға дайын. Бұл туралы Атырауға жұмыс сапарымен келген польшалық делегациямен кездесу барысында белгілі болды.

Атырау

Екі ел арасында әуелден-ақ қалыптасқан достық қарым-қатынас экономика және инвестиция саласындағы әріптестікке ұласты. Қазір Атырау облысы мен Польшаның тауар айналымы 118 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Елуден астам елмен келісім-шарт жасасып, зауыт, кәсіпорын ашып, құрал-жабдық тасымалдаумен айналысатын құрылыс кластері бірнеше жобаның жүзеге асуына мұрындық болған.

– Қазақстан Республикасының Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы Польшаға сапары барысында тың жобаларды бірлесіп іске асыруға мүмкіндік мол екенін айтқан болатын. Бұл ретте біз Қазақстан нарығымен жақынырақ танысып, екіжақты тиімді келіссөздер жүргізуге дайынбыз, – деді Польшаның құрылыс экспортшылары кластері басқармасының тете-президенті Анджей Козловски.

Ал, «Электрум» өндірістік кешенінің операциялық директоры Мариуш Луто құрылыс экспортшылары кластерінің қызметімен толығырақ таныстырды. Оның айтуынша, кешен құрамына осы салаға маманданған 21 компания кіреді. Жалпы, бұл кәсіпорындарда 16 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Соңғы екі жылда кластер ауқымы мен қуаттылығы артып, әлемнің өзге елдерінде де тың бастамалар жүзеге асырылған. Мәселен, энергетика саласында 224 жоба қолға алынған. Мұнда электр стансасын салумен қатар оған техникалық қызмет көрсетіледі.

Атырау Ц Польша

– Сондай-ақ, жаңа жылу электрстансасының, 400 КВ-тың желілер құрылысын жүргіздік. Польшадағы сұйытылған табиғи газ терминалын да біздің компанияларымыз салды. Мұнай терминалында инфрақұрылым жүргізуде тәжірибеміз бар. Бұл салада 503 жоба, теміржол бағытында 144 бастама іске асты. Бұдан басқа, тұрғын үй құрылысы, кіші аяқ доп аренасын тұрғыздық, – деген ол қоршаған ортаны қорғау бойынша бірнеше халықаралық деңгейдегі сертификаттары да бар екеніне тоқталды. Құрылыс кластерінде тәжірибеге бай кешен Қазақстан аумағында да ауқымды шараларды қолға алуға әзір.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Диас Жәнібеков жобаларды инвестициялау жөнінде сауалын жолдады. Өз кезегінде Польшаның құрылыс экспортшылары кластері басқармасының тете-президенті Анджей Козловски бұл бағытта бірлесіп жұмыс жасауға шақырды. «Әрине, қай инвестор болса да, бірден қаражат жұмсамайды. Алдымен, нарықты зерттеп алу керек. Біртіндеп мұнда біздің кәсіпкерлер де келеді» деді ол.

Атырау Ц Польша __р¦птест¦г¦

Кездесу барысында Польша Ұлттық Банкінің сарапшысы Иоанна Мулярчик қаржыландыру мүмкіндіктері туралы түсіндірді.

– Польшалық экспортшылар тарапынан инвесторларға қаражат ұсынудың түрлі жолдары бар. Бірақ, оның пайыздық үстемесі, шекті қаржы көлемі жобаға байланысты. Мемлекеттік банк бола тұра құжаттамаларды қарастырамыз. Қазірде Қазақстанның үш банкімен жұмыс жасап келеміз. Алдағы уақытта өзге де қаржы ұйымымен  жұмыс жасауға шақырамыз, – деді ол.

Кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Сүйінішәлиев аймақтың құрылыс саласы бірлескен жобаларды атқаруға дайын екендігін жеткізді. Еуропалық стандарттар енгізілуіне орай бұл бағытта талап та күшейгенін айта келе келешекте бірнеше бастаманың қолға алынатынына сенім білдірді.

Айбөпе Сабырова

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз