Атырау облысының әкімі жұмыс сапарын мұнайлы Мақаттан бастады (+ФОТО)

Аудан хабарлары Басты жаңалық Жаңалықтар Жаңғырту 3.0 Жолдау Саясат Қоғам

Халқының саны 30,4 мыңға жетіп, өндірісі өркендеген, қойнауынан «қара алтыны» мен «көгілдір отыны» тасқындаған, тоғыз жолдың торабындағы теміржол тасымалы тәулік бойына дамыл таппаған Мақат ауданының  бүгінгі әлеуеті тәуелсіз еліміздегі мемлекеттік бағдарламалар бағытымен межелі биіктерді бағындыруда. Елбасының халыққа Жолдауы жүйелеген тапсырмалар, ұлт рухын көтеріп, Ұлы даланың жеті қырын дәріптеу мақсатындағы мақалалары аясындағы жобаларды жүзеге асыру бағытында мақаттықтар да белсенділік танытып отыр. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жаңа жылдағы аудандарға жұмыс сапарын мұнайлы Мақаттан бастады. Алдымен аймақ басшысы «Нұр Отан» партиясының  аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді.

_J8A0250

Назардағы нысандар

Бұдан соң облыс әкімі аудан орталығындағы әлеуметтік нысандарды аралап, олардың жай-күйімен, жұмыс барысымен танысты. 2016 жылы күрделі жөндеуден өткен қос қабатты балалар өнер мектебінде 350 өнерлі өрен сурет салу, ән, би, музыкалық аспаптарды үйрену  бойынша 32 ұстаздан дәріс алады. Аймақ басшысы республикалық, халықаралық байқаулардан жүлдемен оралып жүрген талантты балалардың өнеріне тәнті болды.

Осыдан қырық бес жыл бұрын теміржол ауруханасына арналып салынған, ал, 2001 жылдан аудандық қорғаныс істері бөліміне берілген ескі ғимараттың төбесінен тамшы ағады, тар бөлмеде екі-үш дәрігердің болашақ Отан қорғаушылардың денсаулығын тексеруден өткізуіне тура келуде. Осы жайттарды көзімен көрген облыс басшысы әскер қатарына шақырылатын жастардың дене шынықтырумен, спортпен айналысуының маңызды екендігін ескертті. Алдағы жылдардың еншісінде жеті ауданның қорғаныс істері жөніндегі бөлімдеріне типтік жобадағы жаңа ғимараттар салу көзделген.

«Шапағат» шипажай балабақшасының тыныс-тіршілігіне қаныққан әкім Мақаттың теміржол вокзалы маңындағы «Туған жер» аллеясына келді. Өткен жылдың күзінде әлеуметтік серіктестік жобасы аясында «КТК-К» компаниясының демеушілігімен пайдалануға беріліп, коммуналдық меншікке өткен аллеяда аудан тарихынан сыр шертетін құнды мәліметтер мәрмәр тасқа жазылған. Ұлттық нақыштағы 3D форматындағы суреттер де келушілер назарын аудармай қоймайды. Тұрғындарға жоғары жылдамдықтағы талшықты байланыс желісі арқылы ұйымдастырылған тегін Wi-Fi тарататын мұнара орнатылған. Жоғарыда аталған компанияның қаржылай қолдауымен халық игілігіне айналған «Жеңіс» саябағында Ұлы Отан соғысына қатысып, майдан даласынан оралмаған 1625 мақаттық боздақтың есімі жазылған. Облыс әкімі мәңгілік алауға келіп, боздақтар рухына тағзым етті.

Бұдан соң Мақаттағы кәріз су тазарту ғимаратының құрылысымен де танысты. Жобалық құны 3 млрд. 772 млн. теңгеге бағаланған нысан халық үшін аса қажет. Құрылыс жұмыстарының жайынан хабардар еткен облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Амановтың айтуынша, 2017 жылдың жазында басталған кәріз жүйесі жыл аяғына дейін іске қосылмақшы.

_J8A0008

Жылыту маусымы жоспарлы жүруде

Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аймақ басшысының қатысуымен өткен көшпелі мәжілістің күн тәртібінде облыста жылу беру маусымының жүру барысы және жылыту қазандықтарының жағдайы туралы мәселе қаралды. Алқалы басқосуда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Иғалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, қазір өңірдегі өзекті мәселенің бірі – көпқабатты тұрғын үйлердің пәтерішілік орнатылған жылыту қазандықтарының талапқа сай қондырылмауы. Құзырлы комиссияның тексеруі нәтижесінде қала мен аудандардағы кейбір көпқабатты тұрғын үйлерде орналасқан пәтерішілік жылыту қазандықтарының, мұржаларының орнатылуы газ қолдану талаптарына сәйкес келмейтіндігі, 7517 пәтерде қазандықтардың заңдастырылмағандығы анықталды. Тек Құрманғазы ауданында бұл тапсырма толықтай орындалған болып шықты.

Облыста 520 шақырымдық жылу жүйесіне түгендеу жүргізу нәтижесінде 31,4 шақырымдық иесіз жылу желісі анықталды. Жылу беру маусымының дайындығына 8,4 млрд. теңге бөлінген. Халықты таза ауыз сумен қамтудың жайына тоқталған М.Иғалиев Құрманғазы, Махамбет және Исатай аудандарының бірқатар елді мекендерінде «Ауыз су» бағдарламасымен салынған нысандарды күтіп ұстау шараларының уақытылы жүргізілмеуінен мерзімінен бұрын істен шыққандығын айтты. Қазір өңірдегі 34 елді мекен халқы ауыз суды жер астынан немесе автокөлікпен тасымалдап пайдаланып отыр. Арнайы мамандандырылған мекемелердің жоқтығынан бірқатар су тазарту қондырғылары жұмыс жасамайды. Тұтынушыға ауыз су сағаттап беріледі, оның сапасына зертханалық бақылау тиісті дәрежеде емес, суды залалсыздандыру технологиясы игерілмеген.

Облыстық басқарма басшысы халықты газбен, электрмен қамтудағы жұмыстардың жай-жапсарына да тоқталып, ұсыныстармен бөлісті. Жиында Мақат ауданындағы жылу беру маусымының жайынан хабардар еткен аудан әкімі Жұмабай Қарағаевтың айтуынша, бұл бағытта жұмысшы тобы құрылып, тексеру және түсінік беру жұмыстары ұйымдастырылған. Кемшіліктерге жол берген пәтер иелеріне ескерту жасалып, бір ай мерзім ішінде қазандықтарын талапқа сәйкестендіру міндеттеліпті. Облыс әкімі қалыптасқан жағдайға байланысты Жылыой, Махамбет, Индер аудандары әкімдерінің орынбасарларынан түсінік талап етті. Көшпелі жиында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Сағынбек Өмірзақов жылу беру маусымында төтенше оқиғалардың алдын алу жөніндегі жұмыстарға тоқталды.

– Облыста жылу, су, газ және электр жүйелері арасында иесі жоқ нысандар кездеседі. Бұлай болуға тиісті емес. Жылыту қазандықтарын заңдастыруды, техникалық жай-күйіне тексеру ұйымдастыруды тиісті құзырлы мекемелер мен басқарма басшыларына, қалалық, аудандық әкімдіктерге тапсырамын. Қазақстанның өзге аймақтарында болып жатқан төтенше жағдайлардан сабақ алу керек. Адамдардың өміріне, қауіпсіздігіне нұқсан келетін жайттардың алдын алу, халық арасында түсінік жұмыстарын жүргізу, бұған бұқаралық ақпарат құралдарын тарту қажет, – деді талқыланған мәселені қорытындылаған Нұрлан Ноғаев.

Аудан әкімі Ж.Қарағаев өткен жылғы есеп беру жиынында облыс әкімі тарапынан берілген 23 тапсырманың 19-ының толық орындалып, біреуі орындалу үстінде екендігін мәлім етті.

_J8A0265

Әкім қызметіне – оң баға

Жұма күні аудандық мәдениет үйінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен «Мақат ауданының 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алдағы атқарылатын міндеттер туралы» аудан әкімінің халық алдындағы жылдық есеп беру жиналысы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, басқармалар, департаменттер мен аудандық дербес бөлімдердің басшылары, округ әкімдері, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, ардагерлер, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері  қатысты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі былтыр 78 млрд. 922 млн. теңгені құрады. Аудан бойынша 509,5 мың тонна мұнай және 30,3 млн.текше метр ілеспе  газы өндірілді. Ауданның негізгі капиталға жұмсалған инвестициялар көлемі 11,8 млрд. теңге құрады.

Аудандық жергілікті бюджеттің кірістер бөлігі жоспарланған 2 млрд. 55 млн.теңге орнына 2 млрд. 283  млн. теңге түсті. Өндірісті ауданда төрт түлік мал басының өсімі 10-20 пайызды құрайды. Былтыр  516,8 тонна ет, 1196,0 тонна сүт өндірілді. Ауданда  атқарылған  істер мен межелі жұмыстар  жайлы баяндама жасаған аудан әкімі Жұмабай Қарағаев индустриалдық-инновациялық даму бағыты бойынша, ауданға қарасты Қарабатан стансасында құны 36 млрд. теңге болатын «EAST TRADE SOLUTIONS» ЖШС «Сұйытылған көмірсутек газын қабылдау, сақтау және тиеу кешені» жобалау жұмыстары жоспарланып отырғандығын жеткізді. Жобалау жұмыстары 2019 жылы басталып, 2021 жылы аяқталады деп күтілуде. Осы құрылыс кезінде 500 адамды және құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін 100 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Жобаның қуаты жылына 750 мың тонна сұйытылған көмір сутегі газын қабылдау. Нәтижесінде аудан бюджетіне жылына 700 млн. теңге түсім түседі деген болжам бар. Теміржол бойымен жүк тасымалдау көлемі  2017 жылғыдан 6,2 пайыз өсті.

Ана мен балаға көрсетілетін алғашқы медициналық көмекті заманауи талаптарға сай келтіру үшін бірнеше медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды: Доссор кенттік ауруханасында жаңадан мейіргерлік күтімі бөлімшесі ашылды. Өмірге 700 сәби келіп, жеті шақалақ шетінеді. Осы уақытта ана өлімі тіркелген жоқ. Дегенмен, қатерлі ісік дертіне шалдыққандар қатары алдыңғы жылмен  салыстырғанда 11 адамға өскен. Ауданның білім беру, денсаулық сақтау салалары бойынша мамандардың жетіспеушілігі сақталып тұр. Қазір мектептердегі қазақ сыныптарына –10, орыс сыныбына 15 мұғалім қажет. Ал, адам жанына арашаға түсетін жалпы тәжірибелі дәрігер, эндокринолог, лор, педиатр мамандықтары бойынша дәрігер тапшы. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде  өткен жылы ауданға келген тоғыз жас маманға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында әрқайсысына 168 мың  теңгеден көтерме жәрдемақы төленіп, екі жас мұғалімге әрқайсысына құны 3,6 млн. теңге болатын тұрғын үй  берілді. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы арқылы мемлекеттік грантқа үш кәсіпкер 240, 5 мың теңге қайтарымсыз қаржы алып, тігін цехын, қол өнерге және наубайхана ашу үшін арнайы қондырғылар алды. Жыл ішінде ауданда 8 шағын кәсіпкерлік  нысаны ашылып, халыққа түрлі қызметтер көрсете бастады.

_J8A0269

   Алға қойған міндеттер:

Ауданда ауыл шаруашылығын дамытуға, «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларын жүзеге асыру үшін халықтың төрт түлік мал өсіруіне жағдай жасау;

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу;

Мектептегі білім беру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жолға қою;

Халық денсаулығын нығайту және сақтау бағытындағы іс-шараларды көбейте отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру;

Мәдениет пен өнерді дамыту арқылы жастардың бойына ұлттық құндылыққа деген құрметті арттырып, салт-дәстүрді сіңіру;

Қазіргі қоғамның өзекті мәселесі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды күшейту.

_J8A0292

Шағын  және  орта  кәсіпкерлік

2019 жылға жоспарланған жобалар:

Доссорда үш қабатты 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы басталады.

С.Шәріпов атындағы мектеп-интернаты және Л.Шахатов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Доссорда кентішілік 5,8 шақырым автокөлік және 3,4 шақырым жаяу жүргінші жолдарын қайта жаңғырту.

Мақат кентінің 5,6 шақырым кентішілік автокөлік және 3,2 шақырым жаяу жүргінші жолына күрделі жөндеу  жүргізу.

Доссорда жаңадан 280 орындық балабақша бой көтереді.

Доссорда 100 орындық шипажай типтік балабақша пайдалануға беріледі.

Мақат – Доссор кенттері аралығында жолаушылар тасымалдау автобусы, халыққа қолжетімді бағамен өз жұмысын бастады.

Ақтөбе – Астрахан магистральдық автокөлік жолындағы ұзындығы 17 шақырым болатын Доссор-Мақат бағытындағы автокөлік жолы пайдалануға беріледі.

Ұсыныс. Пікір. Тілек

Қаби ТАЛПАҚОВ,

аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

– Мақат кентінің «Теміржолшылар», «Телемұнара», «3-ауыл» шағынаудандары тұрғындары үшін бір балабақша, 60 пәтерлік тұрғын үй салу қажеттігі туындап тұр. Сонымен қатар, Мұса Баймұханов атындағы орта мектепке дейін жаяу жүргіншілер жолын салуға қаражат бөлінсе, біраздан бері айтылып жүрген тұрғындардың ұсыныстары қанағаттандырылар еді.

_J8A0406

Адайхан ЕЛЕУБАЕВ,

еңбек ардагері:

– Кеңес заманында салынған шатырлы үйлердің төбе шиферлерін жаңғырту, көшелерінің қасбетін жөндеу, сәулеттендіру  шаруаларын қолға алатын да уақыт жетті. Екіншіден,  малы бар тұрғындар үшін жайылымдық, шабындық алқаптар үшін жер аумағын ұлғайтуға болмас па еді?

_J8A0395

Хозе-Дияс МӘЖЕНОВ,

Бәйгетөбе ауылының тұрғыны:

– Жауынды күндері мұнай айдаушылар ауылынан балалардың мектепке жетуі тым қиындап кетті. 800 метрден жерге асфальт жол төсеуге жергілікті бюджеттен қаржы бөлінсе. Осыдан қырық жыл бұрын тұрғызылған электр бағаналары шіріп, қазір апаттық жағдайда. Қатты желде сымдары үзіліп, мал-жанға қауіп төндіріп тұр. Осы мәселені  әкім назарына алса деген тұрғындар өтініші бар.

_J8A0469

Діңғали ДӘУЛЕТБАЕВ,

ардагер-мұнайшы:

– Доссордағы «Энергетиктер» шағынауданы тұрғындарының темір жолдан өту  қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін  жаяу жүргіншілер  көпірін салу қажеттігі туындап тұр.

* * *

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Мемлекет басшысының өткен жылы Атырау облысына сапары кезінде берілген тапсырмалардың орындалуы барысына тоқталды. Жиында тұрғындар көтерген мәселелерге орай пікірін білдіріп, сауалдарына жауап берді.  Аудан әкімінің атқарған қызметін оң бағалаған облыс әкімі Елбасының қойып отырған тапсырмаларын орындауда мақаттықтарға табыстар мен сәттіліктер тіледі.  

_J8A9969

Жұмыс іздеуші ретінде уәкілетті органға хабарласқандар – 1809

Жұмысқа орналастырылғаны – 1750

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысқандар – 366

Тұрақты жұмысқа орналасқаны – 121

Бақытжан ЖҰМАТ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *