Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев: «Фермерлерге субсидия уақытылы берілуі керек»

WhatsApp Image 2018 01 26 at 13.56.20 e1516963353690 Жаңалықтар

Аймақта ветеринар мамандардың жетіспеуі, мал ауруы, ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың Қызылқоға ауданында өткізген көшпелі мәжілісінде айтылды. Бұл туралы Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

WhatsApp Image 2018-01-26 at 13.56.20

Жергілікті атқарушы органдардың қолдауы арқасында мұнайлы аймақтағы ауыл шаруашылығы саласында соңғы жылдары оң өзгерістер болды. Агроөнеркәсіп кешенінде жаңа жобалар жүзеге асып, бұрын өңірде қолға алынбай келген дайын өнім шығару мен өңдеу ісі бастау алды. Өткен 2017 жылы облыста мал басы көбейді. Соның ішінде түйе мен жылқы саны 13,5 және 3,6 пайызға дейін артты.

Облыс әкімі мал ауруының, соның ішінде бруцеллездің алдын алуда нақты шаралар қабылдау керектігін айтты. Осы салада мамандар дайындау, тарту, медициналық препараттар мен вакциналар алу, мал сою цехтарын салу, тұрғындар арасында санитарлық мәдениетті арттыру бойынша кешенді бағдарлама жасауды тапсырды. Мәліметтерге сәйкес мал ауруының 80 пайызы жеке қолдағы төрт түлік арасында кездеседі.

«Бізге мамандар тарту керек. Студенттерді оқытуға грант бөлу жүйесі бар. Қанша грант керек болса, сонша береміз. Бастысы, осы салада білім алуға талаптанатын жастар болуы керек. Жауапты адамдарға ветеринар мамандарды тұрғын үйді жеңілдікпен алушылар қатарына қосатын, басқа да әлеуметтік жәрдемақылар төленетін санатқа қосу мәселесін шешуді тапсырамын»,-деді Нұрлан Ноғаев.

WhatsApp Image 2018-01-26 at 13.56.21

Мемлекеттік қолдау шараларына келсек, аймақта ауыл шаруашылығын субсидиялау 10 бағдарлама бойынша жүргізіледі. Сол арқылы 720 шаруа қожалығы 2,6 млрд. теңге сомасында мемлекеттік қолдауға ие болған. Бұл бағыттағы жұмыстар Махамбет, Қызылқоға, Құрманғазы аудандарында жақсы жүзеге асып жатыр. Биыл ауыл шаруашылығын субсидиялауға 2,9 млрд теңге бөлінді. Облыс әкімі осы реттегі жұмыстардың қатаң бақылауда болатынын да атап айтты.

«Бұл өте маңызды мәселе, сондықтан баршаңыздың да жауапкершілікпен қарауларыңызды сұраймын. Шаруалар субсидияны уақытылы алып отырулары керек. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын қолдау қажеттігі жайлы үнемі айтады. Біз қолдаудың қажет кезде және қажет уақытында болуына жағдай жасайық. Кәсіпкерлер проблемаларының шешілу мерзімі ұзап кететініне, субсидия әбден жұмысты бітіріп болған соң ғана берілетініне шағымданбасын. Субсидия шаруаларға әбден аяқталғаннан кейін емес, нақты жұмыс барысы кезінде керек»,-деді облыс әкімі.

Бүгінде аймақ картопқа деген қажеттіліктің 46 пайызын, көкөністерге деген қажеттіліктің 154,8, бақша өнімдерінің 129,3 пайызын өзі қамтамасыз етіп отыр. Алдағы уақытта картопқа қажеттілікті жергілікті өнімдер арқылы толық жабу жоспарда бар, ол үшін егін шаруашылығында жаңа технологиялар енгізуге көңіл бөлінуде.

Айқара Ғұмар

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз