Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев: «Депутаттар сайланған округтерінде тұруы керек»

sessiiasy e1516691847801 Жаңалықтар

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс XX сессиясында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев депутаттардың жұмысын сынға алды. Аймақ басшысының пікірінше, халық қалаулылары қызметтік міндеттерін толық орындамайды.

Мәслихат сессиясы

«Сіздерді облыс халқы сайлады. Сайлаушылар аудандарының әл-ауқатын жақсарту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп, ұсыныс айтуларыңызды күтеді. Президенттің тапсырмаларын, халықты толғандырған мәселелердің шешімін табу үшін жұмыстану керек. Өкінішке қарай, Жылыой, Мақат аудандары әкімдерінің жылдық есеп беру жиындарында болғанымда облыстық, аудандық мәслихат депутаттарының жұмыстарын көрмедім. 27 облыстық депутаттың 15-і аудандардан сайланған, соның біреуі ғана ауданда тұрады, қалғандары қалада. Сайлаушыларын жылына бір-екі рет қана көреді. Халықпен сөйлеспесеңіздер, ортасында болмасаңыздар, жағдайды қайдан білесіздер? Елдің жағдайын білмесеңіздер шешім қабылдап, проблемаларды шешу бойынша  нақты шараларды қалай ұсынасыздар?»,-деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы жергілікті атқарушы органдар азаматтардың өмірлерін жақсартуға бағытталған саясатты жүргізіп отырғанын, осы ретте депутаттық корпус көмек көрсетуі керектігін атап өтті.

«Мәслихаттардың қызметіне күн сайын араласа алмаймыз, тыс қалуға да құқымыз жоқ. 27 депутаттың 25-і «Нұр Отан» партиясынан ұсынылған. Партияның облыстық филиалының төрағасы ретінде депутаттардың жұмыстарына, міндеттеріне деген қарым-қатынастарына көңілім толмайды. Сайлаушылар да қанағаттанбайтынына сенімдімін»,-деді Н.Ноғаев.

Облыс әкімі депутаттарды сол округтерде тұратын адамдардан таңдауды ұсынды. «Елді мекеннің мұң-мұқтажын білетін, сайлаушылармен күн сайын сөйлесетін, болып жатқан өзгерістерге баға беріп, мәселелердің шешілуіне нақты идея бере алатын адам депутат болуы керек. Партия алаңында депутаттардың жұмыстарын тыңдауды ұсынамын. Алда бізді үлкен жұмыстар күтіп тұр. Мемлекет басшысының тапсырмаларын бірге орындауымыз керек. Бұл жұмыстар немқұрайлы болмауы тиіс»,-деді аймақ басшысы.

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар Ерсайын Дүйсемәлиев пен Бөріхан Беркімбаев өкілеттіліктерінен өз еріктерімен босатуға өтініш жасады. Атырау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асау Ибрашев депутаттардың басқа облыстарға қоныс аударуына байланысты осындай шешімге келгендерін айтты.

Айқара Ғұмар

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз