Аса қауіпті “снюс” туралы не білеміз?

Жаңалықтар Медицина

Atr.kz/30 желтоқсан, 2019 жыл. Қоғамды дүрліктірген «Снюс» деп аталатын құрамында никотині бар тауардың Қазақстан аумағында сатылуына Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің қаулысымен уақытша тыйым салынды. 

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта жасөспірімдер, жастар арасында құрамындағы никотиннің дозасы 40 мг-нан 60 мг-ға дейін көп болатын (салыстыру үшін бір темекіде – 1,5 мг) және темекі өнімдері ретінде сатылатын шын мәнінде жеңіл есірткі болып табылатын снюстерді (соруға арналған қоспалар), темекісіз шайнайтын қоспаларды тұтыну кеңінен таралған.

«Құрамында никотині бар қоспаларды сору кезінде тұтынылатын никотиннің дозасы өте көп болғандықтан, нейроуыттылықтың бұзылулары пайда болады. Бұл сананың, мінез-құлықтың бұзылуына алып келеді. Никотиннің өлімге алып келетін орташа дозасы бір килограмм салмаққа 0,5-1 мг құрайтынын ескерсек, балалар мен жасөспірімдердің аз салмағында жоғарыда көрсетілген көп доза өлімге әкеледі» делінген баспасөз хабарламасында.

Халықаралық зерттеулер бойынша пайдалану кезінде снюс қызыл иек пен еріннің арасына салынады. Соның салдарынан ауыз қуысының шырышты қабықшасында тері аурулары, қызыл иектің қабынуы және одан әрі онкологиялық ауруларды тудырады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін қалалық, аудандық темекі және темекісіз өнімдерді сату орындарын ұсынатын барлық жеке кәсіпкерлік субъектілеріне, жеке және заңды тұлғаларға аталмыш өнімді сатылымнан алып тастау туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу  жөнінде қаулы қабылданды.

Осыған байланысты департамент қала тұрғындарына, жасөспірімдерге, жастарға, олардың ата-аналарына дүкен сөрелерінде құрамында никотині бар снюс өнімін көрген жағдайда, шұғыл түрде құзырлы органға жазбаша түрде жүгінуді және  32-41-18 нөміріне хабарлау қажеттігін  ескертеді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *