Артық қуат молшылық па, әлде…

20181025160243 Жаңалықтар

Atr.kz/2 шілде, 2019 жыл. Инновациялық бастамалардың барлығы бүгінгі белестің биіктігін көрсете ме, әлде кейде жоспарсыз шығындарға жол аша ма? Экономикалық ахуалымыздың шындап сауыққаны шығар, бұрын қат нәрселер бүгін артылып қалып жатыр. Қарапайым көзқараспен таразылар болсақ, сондай көл-көсірлік керек пе?

Энергетикалық қауіпсіздік туралы Елбасы Атырау жылуэлектр орталығында кезекті қуатты қатарға қосқанда айтып еді. Әсіресе, республиканың оңтүстік өңірінің жарықты көрші елдерден алып отырғаны ойландырған. Бұл – сайып келгенде, тәуелсіздігімізге төнген қатер. Қаншама қарым-қатынасымыз түзу дегенімен, әркім алдымен өз мүддесін көздейтін қазіргі кезде көршілеріміздің кенеттен тосын мінез танытуы ықтимал емес пе? Немесе ойда жоқта өздеріне жетпей қалса, бізге несін береді?

Міне, осы орайда Энергетика министрлігі таратқан ақпаратта соңғы он жылда электр энергиясын тұтыну 28 пайызға артып, былтыр 103,2 млрд. киловатт-сағатты құрағаны мәлімделуі көңілді көншітеді. Егер оның көлемі 2008 жылы 80,6 миллиард болса, онда едәуір өсім бар. Мамандардың пікірінше, бұған өндіріс ошақтарының өрлеуі себеп. Өйткені, тұтыну көлемінің дені кәсіпорындар еншісінде. Рас, жеке азаматтар да үлес қосқан. Халықтың тұрмыстық деңгейінің біраз жақсаруы оларға электр жабдықтарын көбірек пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Енді осындай өскелең қажеттілік қалай қамтамасыз етіледі?

Бүгінде салалық министрлік 2019-2025 жылдарға есептелген болжамды бағдарлама бекітті. Яғни, әбден ескірген көнелерін қолданыстан шығарып, жаңаларын қатарға қосқанда 2025 жылға дейін электр энергиясын тұтыну 18 260 мегаватт шамасында күтілуде. Демек, бастапқы белестен 3566 МВт артық. Сол кезде әлдебір тосын жайға резерв ретінде сақталар екі мың мегаватты есептегеннің өзінде еліміздің Біртұтас энергетикалық жүйесінде 966 МВт қуат артық қалғалы тұр. Мұндай мүмкіндік қазіргі электр стансаларында өнім өндіруді 3 567 мегаваттқа жеткізу және тың нысандарды тұрғызу нәтижесінде тумақ.

Оның үстіне, тұтастай алғанда 1 296 МВт қалпына келтірілетін қуат қатарға қосылмақ. Яғни, күн мен жел және су көздерін көбірек пайдалануға батыл қадам жасалмақ. Сонымен, энергетикалық қуаттарға тапшылық сезілмейтін секілді. Теңіз кенішінің ілеспе газын тұтынып отырған Атырау жылу-электр стансасы да соңғы жылдары бірнеше инвестициялық жобаларды мәреге сәтті жеткізді. Кәсіпорын қуатын одан әрі арттырмақшы. Республиканың өзге өңірінде де осындай оң ахуал қалыптасқан.

Ендеше, артылған электр энергиясын қайда жіберу керек? Тәжірибе көрсетіп отырғандай, ірі компаниялардың дербес қуаттары бар. Орталық желіде іркіліс болса, сонысын қоса қояды. Тіпті солардың кейбірі өз күшімен күн көретін тәрізді. Бұл оларға экономикалық тұрғыдан да тиімді. Бүгін-ертең пайдалануға берілгелі тұрған ірі зауыт тағы жоқ. Бұлар да өндірістік цехтарымен қатар, электр стансасын қоса салуы ықтимал. Ендеше, жылу-электр стансаларының өнімін қажет етер ме екен?

Жел тұрса, жалп ететін жарық

бүгінде Атырауда байқалмайды. Осындай оң өзгеріспен тұтынушылардың өздері де келісетін шығар. Бұдан он шақты жыл бұрын көше сәнін кетіріп, салбырап тұрған сымдар да жоқ. Мұның бәрі – жергілікті энергетиктер жүзеге асырған бірнеше инвестициялық жобаның нәтижесі. Бірақ, соған қаражат қайдан бөлінеді? Турасын айту керек, қаржыландыру көзі аталғанда тариф мәселесі қоса қозғалады. Яғни, әр адам үйінде жарығының үздіксіз жануы үшін өзі де қалтасынан азды-көпті ақша шығаруы шарт. Міне, соны сөз еткенде бәріміз бас көтеріп, қарсылық танытатынымыз жасырын емес.

Әйтсе де, электр энергиясын өндіру бір мәселе болса, оны тұтынушыға тарату – тіпті бөлек әңгіме. Алдағы үш жылға республикалық бюджетке энергетикалық нысандарды күрделі жөндеу мен тұрғызуға 30,9 млрд. теңге бөлініпті. Аз ақша емес. Бірақ, бұдан, байқауымызша, мұнайлы мекенге ауысып жатқан қаражат жоқ. Жоғарыдағылар бізді тым ауқатты санай ма, әлде мұнда еш мәселе жоқ дей ме, әйтеуір, тығырықтан өз күшімізбен шыққанымызды қалайды. Қазір шекаралық аймақ саналатын Азғыр маңы электр энергиясын көршілес Ресейден алады.

Жылыой ауданында да кейбір елді мекен жарықпен көршілес Маңғыстау облысы арқылы қамтамасыз етілген. Ал, облыста энергетикалық қуат артығымен шығарылады. Тіпті, басқалармен бөлісуге де мүмкіндік бар. Алайда, сонау жылдары шырмалып қалған электр сымдарын жазуға қыруар қаражат қажет. Осы орайда бірқатар мамандар электр энергиясын артығымен өндіргенше, оны тарату мәселесін шешкенді жөн санайды.

Расында да, жаңадан қуатты жылуэлектр орталығын тұрғызғанша, республикадағы тозығы жеткен желілерді ауыстыруға ақша бөлген дұрыс емес пе? Энергетика министрлігінің мәліметінше, ескі жабдықтар үлесі 2009 жылы 80 пайыз шамасын құрапты. Бұл әбден тығырыққа тірелгендік қой. Инвестициялық бағдарламалар нәтижесінде оның көлемі былтыр 56 пайызға түсіпті. Әйтсе де, мұның бәрі тарифті көтеру нәтижесінде мүмкін болды. Бұдан әрі халықтың қалтасын қаға берген жарасар ма екен? Елбасы коммуналдық қызмет құнын кемітуді ұсынды. Тіпті, Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысында тиісті тапсырма да берілді.

Соның нәтижесінде республикада орта есеппен 1-18 пайыз аралығында арзандау орын алды. Осы деңгей алдымыздағы жылы сақталмақшы. Ал, содан соң ше? Тағы да ескірген жабдықтарды жаңарту қажеттігі тумай ма? Оған қаражат қайдан алынады? Тарифке өзгеріс ене ме? Онда қазіргі игілік те уақытша ғана болғаны ғой. Жалпы, мұндай қадамның объективті өлшемі де, субъективті себебі де бар. Расында да, монополия мекемелерді де тым қыса берген жараспайды.

Ертеңгі күні жарығымыз жанбай, табиғи газымыз тұтанбай, ауыз суымыз ақпай, бұрынғы таз күйімізге қайта келсек, оны қалпына келтіруге қазіргіден де көп шығынға қалуымыз кәміл. Б і р а қ , т е к с е р у б а р ы с ы көрсеткеніндей, бұл салада да делдалдық орын алған көрінеді. Яғни, екі аралыққа килігіп, тер төкпей табыс тауып жүргендер бар екен. Соңғы екі жылда осындай он компания энергетикалық нарықтан шығарылыпты. Биыл тағы 22 кәсіпорынға қатысты осындай шара алынбақшы.

Тариф демекші, бұдан бірер жыл бұрын күндізгі және түнгі электр энергиясын тұтыну төлемі түрліше төленіп келді. Кейбір кәсіпорындар мұны құптады. Қымбат бағасына сәйкес жабдық сатып алынды, өндірісін қайта құрды. Сөйтіп, түнде өндіретін өнім құны кеміді. Бұл халыққа да тиімді еді. Мәселен, түнгі кезекте төменгі тарифпен пісірілген нан таңертең арзанға сатылуы ықтимал ғой. Алайда, кейін мұндай әдіс алынып тасталды. Неге?

Әлде электр энергиясын тарататын компаниялар пайдадан қағылды ма? Үнемшілдікке үндеп жатқан қазіргі кезде бұл тәсіл тиімді деп табылмады ма? P.S. Энергетикалық қуаттарға қатысты ахуал жақында Парламент Мәжілісінде қаралды. Депутаттардың дені барлық мүмкіндікті қарастырып, коммуналдық қызмет құнын көтермеуді қолдады. Әрине, бұл бағытта қол жеткен жетістіктер мақтан етерлік.

Бірақ, қыруар қаражат шығарып, артық өнімге қол жеткізгенше, соны шалғай мекендерге шығынсыз тарату жайын да ойластырған жөн. Демек, біздің мұнымыз молшылық па, әлде ысырапшылдық па? Оны сыртқа лайықты бағаға сата алмасақ, кәдеге де жарамай, текке тұра бермек пе?

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз