Ардагер қаламгер – Құрметті журналист

1477810741 e news.su 550ea614ea85f114365cf867a0b27655 Жаңалықтар
Atr.kz/21 маусым, 2019 жыл. Атыраулық журналистердің арасында есімі құрметпен аталатын алдыңғы толқын өкілдерінің бірі – Тәжі Ақымов.

 Саладағы еңбек жолын ғасырға жуық тарихы бар өлке баспасөзінің қарашаңырағы – облыстық «Атырау» газетінің редакциясында бастаған ол осында ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарды. Осы ұжымда шыңдалып, шығармашылық пен шеберліктің шыңына шықты. Мол да бай тәжірибе жинақтап, соңынан ерген жастарға тәлімгер болды.

Еңбек адамдары жайында жазылған суреттеме-очерктері, оқиға ортасынан дайындалған репортаждары, қоғам өміріндегі келеңсіздіктер мен кемшіліктерді арқау еткен сын мақалалары, әлеуметтік-экономикалық тақырыптағы туындылары әркез қалың оқырманның талабы мен талғамына сай келіп, басылымның беделін биіктетті.

Басқа жұмысқа ауысып, кейіннен зейнеткерлікке шыққасын да өзін қанаттандырған «Атырау» газетімен байланысын үзбеді. Кәсіпорын өмірінен жағымды жаңалықтарды жеткізіп, түрлі жанрдағы материалдарын жолдап тұрды. Кездесіп, жүздескен сәттерімізде ағалық ақыл-кеңесін айтып, ақсақалдық батасын беруден жаңылған емес. Еңбегі еленіп, көптеген мақтау-марапаттарды иеленді.

Осындай өмір жолы – өнеге, ғұмыры ғибратқа толы Тәжі Ақымов кеше «Қазақстанның Құрметті журналисі» атанды. Ардагер әріптесімізді айтулы марапатымен құттықтап, деніне саулық, ғұмырыңыз ұзақ болып, құрмет пен қошеметке бөлене беруін тілейміз.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз