Анықтаманы мобильді қосымша арқылы алыңыз

tson v karmane Жаңалықтар

 Atr.kz/4 ақпан, 2020 жыл.   Бүгінде қызмет алу жолдары оңтайландырылып келеді. Бір құжат алу үшін бірнеше сағаттап кезекке тұрмай-ақ, электронды цифрлы қолтаңба арқылы үйден немесе кеңседен шығарып алатын мүмкіндік туды.

Тіпті, кейбір анықтамаларға мобильдік қосымша арқылы қолдағы смартфонның көмегімен тапсырыс бере аламыз. Десек те, бес саусақтың бәрі бірдей болмайтыны секілді жұртшылықтың компьютерлік сауаттылығы бір деңгейде емес.

Шыны керек, әлі күнге дейін халықтың басым бөлігі халыққа қызмет көрсету орталығындағы мамандардың кеңесіне жүгінгенді жөн көреді. Әзірге атыраулықтар теміржол билеті мен әуе қатынасына ғана электронды түрде тапсырыс беруге, яғни, онлайн алуға ғана белсенді…

Иә, бұл  жолы  бізде тұрғылықты мекенжайымыздың өзгеруіне байланысты басқа емханаға ауысу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына келдік. Сөйтсек, мұндай қызмет түрін пайдалану үшін «өз-өзіне қызмет көрсету» бөліміне баруымыз тиіс екен. Ал, онда аты айтып тұрғандай, бос компьютерге барып, «электронды үкімет» порталы арқылы тапсырыс беру қажет. Қызмет түрін таңдап, қосылу үшін ұялы телефонның нөмірі керек.

 Алайда, біздің тапсырысымыз осы жерде шарықтау шегіне жетті. Сұраныс аяқсыз қалды. Компьютер мен бағыт-бағдар беретін мамандарға кезекке тұруды айтпағанның өзінде, ақыр соңында мобильді телефон тіркелмеген болып шықты. Негізі, байланыс операторы нөмірде ешқандай ақаулық жоқ екендігін айтқан еді. Сонымен, емханадан ауыса алмауыма нөмірдің тіркелмегендігі «кінәлі» болды. Бірнеше сағат уақыт текке жұмсалды.

Дәл осы сәтте «өз-өзіне қызмет  көрсету » бөлімінде тағы бір картина былайша өрбіген еді: «Кәсіпкерлерге мемлекеттік кірістер департаментінен жауапкершілігі шектеулі серіктестік үшін бөлек электронды цифрлық қолтаңба алу керек, есеп беру электронды түрде жүргізіледі» деп айтқасын жаңа қолтаңбаға тапсырыс беруге келдік.

Негізі, бұрын барлық операцияларды жеке электронды сандық қолтаңба арқылы жасайтынбыз. Бұл жолы Сәтпаев көшесі бойында орналасқан «электронды қызмет көрсету орталығына» таңертеңгі сағат тоғыз болмай келдім. Міне, содан бері бір сағатқа жуық уақыт өтті, шаруам әлі тиянақталмады.

Орталық мамандарынан да көңілім қалып отыр. Кезек сақталмай, менен кейін келген адамға қызмет көрсетілді. Оны бақылап жатқан ешкім жоқ», деді Бәтима апай бізге ренішін жеткізіп. Әрине, тек қана біз емес, орталыққа келгендердің бәрі шаруасын лезде тындырып кетуге асық екені түсінікті.

Кейбір тұрғындар «мемлекеттік қызмет түрлерінің электронды жүйеге көшкені қайда?» деп шағымданып жатады. Мұндай пікірлердің негізсіз айтылмағанына өзіміз куә болдық.

 Соған  қарамастан, орталықтан қызмет алуға келушілерде үзіліс жоқ. Бірі келіп, екіншісі кетіп, әйтеуір, тоқтаусыз бірінен соң бірі жалғасып жатыр. Осылайша, жыл басында тұрғындар легінің көбейіп, кезек қалыптасуының өзіндік «сыры» да бар болып шықты. Сұрастыра келе, қызмет алуға келушілердің басым бөлігі мемлекеттік қызметкерлер екенін білдік.

Жыл сайын табысы туралы декларация тапсыратын олар биыл да сол үрдіспен қажетті құжаттар алу үшін электронды сандық қолтаңбасын жаңартады. Айталық, биыл цифрлық қолтаңбаға тапсырыс берген екі мың тұрғын келесі жыл басында қайта оралатыны белгілі. Дәл біз бастан кешкен жағдай. Егер тұрғындарға кеңірек насихатталып, жұмыс орнында түсіндірілсе, әр тұтынушы сандық қолтаңба мерзімін кеңседе отырып-ақ ұзарта алатынын білер еді. Алайда, «баяғы жартас, бір жартас» секілді бұл құбылыс қазқалпында қалып отыр.

Анықтамалар – мобильді қосымшалар арқылы Жалпы, мұнайлы өңірде он екі халыққа қызмет көрсету орталығы  болса, оның бесеуі қалада орналасқан.

Шаһардағы осындай нысандарда екі жүзге жуық маман қызметін ұсынатын көрінеді. Мамандандырылған орталықта көлік тіркеліп, техникалық байқаудан өткізілсе, көші-қон орталығында шет ел азаматтарына аймақта жұмыс істеуге рұқсат беріледі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Атырау облысы бойынша филиал директорының орынба сары Тұрлан Нұржановтан білгеніміздей, аймақтағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында    күніне бес мыңға жуық қызмет түрі көрсетіледі. Елімізде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіміне сай жеті жүзден астам мемлекеттік қызмет  тіркелсе, оның 650-і корпорация арқылы ұсынылады. Былтыр облыстағы филиал арқылы көрсетілген қызмет миллионнан асқан.

Соның ішінде 426 299 құжат электронды түрде алынды. Жалпы, өткен жылы халықты «өз-өзіне қызмет көрсетуге» дағдыландыруға көбірек мән берілген.

– Көрсетілетін қызмет түрлері көп. Сол себептен, халық саны үнемі азаймайды. Былтырғымен салыстырғанда, электронды көрсетілетін қызмет саны 39 пайызға түскен. Біз мүмкіндігіне қарай жұртшылықты өз-өзіне қызмет  көрсетуге үйретіп жатырмыз. Бұл – цифрлық сауаттылықты арттыру бағытында жасалған жұмыстардың нәтижесі.

Былтырдан бастап электрондық цирфлы қолтаңбасыз-ақ алатын қызмет қатары көбейді. Мекен-жай анықтамасы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер қатарынан мүлдем алынып тасталды. Сондай ақ, соттылығы туралы және психо, нарко диспансерлерде есепте тұрмағандығы туралы анықтамаларды алу, емханаға тіркелу және тағы басқа жалпы саны 25 мемлекеттік қызметті ЭЦҚ-сыз алуға болады, -дейді Тұрлан Нұржанов.

Р.S: Цифрландыру – заман талабы. Қайткен күнде де мұны дағдыға айналдырып, бір жүйеге келтіруіміз қажет. Ал, бұл бағытта елімізде қолға алынған жұмыстар аз емес.

Жаңа тетіктер ашылып, қызмет аясы кеңейіп жатыр. Десек те, шешімін күткен бір мәселе бар. Бұл – түсіндіру шараларын күшейту, тұрғындарды мезі қылған ұзынсонар кезекті жою. Біздің тілек те – осы: игілігімізді кәдеге жарата білсек екен.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз