Аллергия асқынып тұр… немесе дәрігер неге «дефицит»?

p1 1 Жаңалықтар

Atr.kz/2 тамыз, 2019 жыл. Жаз басталысымен-ақ көзі жасаурап, тыныс алуы қиындап жүрген адамдардың қатары көбейеді. Бүгінде аллергияға шалдыққандарды көптің арасынан айнытпай танитын болдық. Себебі, аймақта дәл қазіргі уақытта бұл ауру түрі өршіп тұр.

Мамандар осыдан елу-алпыс жыл бұрын аллергия сирек кездескенін айтса, қазіргі кезде орташа есеппен әрбір үшінші адам зардап шегеді екен. Иә, бұл – ХХІ ғасырда ең көп таралған аурулардың бірі. Алайда, біз оның шын мәнінде қандай сырқат екенін білеміз бе? Ол неден пайда болады? Аллергиядан айығудың жолы қандай?

«НАЗИВИН», «ДИАЗАЛИН»…

Аллергияның адамдар арасында көп тарағаны соншалықты, кейбірі түшкіріп, мұрны бітіп, жөтеліп, көзі жасаурағандаақ, диагноз қойып, дәріханадан дәрі сатып алуға асығады. Солардың бірі – Асхат есімді қала тұрғыны.

«Жаз басталысымен көзім, мұрным, тамағым қыши бастайды. Тыныс алу жолдарым бітеліп, еш нәрсеге зауқым болмай, мазасызданамын. Мұндай күйге түскеніме төрт-бес жыл болды. Биыл аллергия тіптен күшейіп кеткендей, ауру асқынғанда дәрі де дәрменсіз болады екен. Дозасын көбейткенде ғана бетім бері қарай бастайды.

Байқайтыным, мен сияқтылардың қатары жыл санап артып келеді. Жақында ғана жолдастарыммен бас қосқан едік. Санап қарасам, үстел басындағы 18 адамның тоғызының мұрны су болып, көзі жасаурап, әлсін-әлсін тыныс ашатын тамшыларды қолданып отырды» деген ол қаладағы дәріханаларда аллергиялық ауруларды емдейтін дәрілердің тапшылығын да алға тартты.

Иә, бұл ауру әбден асқынғанда адамдар «аллергияның дәрісі» дегеннің бәрін алады. Дәріханаларда «Нафтизин» 100 теңге тұрса, «Називин» – 900-1000, «Супрастин» мен «Диазалин» 250-700 теңгенің шамасында сатылады. Десек те, ауру алқымнан алғанда қымбат бағаға да дәрілер табылмай қалады.

АУРУДАН ҚАЛАЙ АЙЫҒУҒА БОЛАДЫ?

Алайда, мұнымен ауру жазыла ма? Бұдан айығудың қандай жолдары бар? Біз бұл сауалдардың жауабын білу мақсатында облыстық аурухананың аллерголог дәрігері Гауһар Сембиеваға жолыққан болатынбыз.

Дәрігердің айтуынша, аллергия – ағзаның бөгде затқа сезімталдығының әсері. Адам ағзасының сезімталдығы артса, ауаның, күннің, сондай-ақ, шаң-тозаң, өсімдіктер, тағамдар, дәрі-дәрмектер, бояғыш заттардың денеге кері әсерінен аллергия пайда болады. Әсіресе, көктем-жаз мезгілдерінде шаңтозаңнан пайда болатын аллергиялық аурулар жиі кездеседі.

«Аллергиясы бар адамдардың балалары да осы кеселге бейім келеді. Яғни, дерт тұқым қуалайды. Екінші фактор – экологиялық жағдай салдарынан жүре пайда болатын аллергия. Негізінен, адамға көз, мұрын, қолқа арқылы білінеді. Мұндай кезде адамдар дертіне өзі диагноз қойып, дәрілерді дәрігердің нұсқауынсыз алып, пайдалана береді. Бұл – дұрыс емес. Кеселдің өршіп кетуіне көбіне осы жағдай себеп болып жатады.

Шілде-тамыз айларында жусан, амброзия сынды далалық өсімдіктер гүлдейді. Солардың тозаңдары адамдардың мұрнына, көзіне түсіп аллергия туындайды. Немесе, қарапайым салауатты өмір салтын сақтамағаннан, темекі мен химиялық қоспасы бар заттарды қолданғаннан пайда болады.

Бірақ, бір байқағаным Атырауда өсімдіктерден аллергиясы бар адамдар көп. Аллергияның түрі сан алуан. Соның бірі дәл қазіргі кезде өршіп тұрған маусымдық аллергиялық ринит немесе аллергиялық конъюктивит деп аталады. Ем түрлері де әртүрлі. Науқасты ең алдымен неден, шөптің қандай түрінен аллергиясы барын анықтау үшін арнайы лабораторияға қан тапсыртамыз.

Алайда, біздің ауруханада мұндай құрылғылар жоқ. Сондықтан, жекеменшік клиникаларға жібереміз. Содан кейін ем жүргізе бастаймыз. Ауру ушығып тұрған дәл қазіргі уақытта ем нәтиже бермейтіндіктен, оны қыс айларында жүргіземіз.

Ал, қазіргі уақытта лаборатория нәтижесі бойынша, түшкіру, мұрын бітелу, көздің жасаурауын ғана дәрілердің көмегі арқылы тоқтатамыз. Қыс мезгілінде арнайы терапиядан өткен науқас мүлде сауығып кетпегенмен, келесі жылдың қазіргідей мезгілінде аллергиядан жеңіл өтеді. Сондай-ақ, климат ауыстырудың да әсері болады», деген маман «Називин», «Нафтизин» секілді мұрын тамшыларын қолданбауға кеңес берді.

Аллергологтың айтуынша, мұндай сұйық дәрілер үнемі қолданғандықтан, мұрын қуысын бітеп, қабыну процесін тудырады. Уақытша жеңілдік әкелетін күшті гормоналдық дәрілер әсерінен адам ағзасы одан сайын тозып, ақыры дәріге үйреніп кетеді. Ауруды толық емдемесе, тым асқынып кетуі ықтимал.

«Мәселен, аллергиялық ринитке гормондық, гистаменияға қарсы арнайы тамшыларды береміз. Басқа да дәрілерді тек маман кеңесімен ғана қабылдау керек. Емдеу шараларының барлығы да медициналық мекемеде аллергологтардың бақылауымен өтуі тиіс» дейді.

Өкінішке қарай, Гауһар Сембиева – облыстық ауруханадағы жалғыз аллерголог. Ауру асқынып тұрған шақта Атырау қаласында екі-ақ аллергологтың барын мәлімдеген облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Аманжол Сағынғалиев:

«Бізге жетіспейтін маманның бірі – аллерголог. Бүгінде өзге дәрігерлер осы сала бойынша оқытылуда, басқа аймақтардан маман тарту мәселесі де қолға алынып, түсіндірме жұмыстары жүруде» деді.

ХАЛЫҚ ЕМІНІҢ ҚАУҚАРЫ ҚАНДАЙ?

Халық еміне сүйенер болсақ, ара ұясындағы балдың бетін жауып тұратын жұқа қабаты бұл ауруды мүлде жойып жібере алады екен. Ол үшін оны сағыз сияқты шайнап, жеп отыру керек. Халық емінде аллергияны емдеуде түрлі дәрілік өсімдіктер қолданылады.

Мәселен, тасдәрі (мумие) – аллергиядан айығуға таптырмас өсімдік. Оның жоғары сапалысын таңдап алып, 1 граммын бір литр суға салып ерітеді. Мұндай сусынның 100 мл-ін күнде таңертең сүтпен бірге ішу керек. Ал, 1-3 жас аралығындағы балаларға 50 мл, 4-7 жастағы балаларға 70 мл ішуге болады. Тасдәрімен көктем және күз айларында емделген тиімді екені айтылады. Емделуді 20 күнге дейін созуға болады.

Бұл дертке бақ-бақ шырынының да пайдасы мол. Алдымен, бақ-бақты үзіп алып, тамырын кесіп, тазалаған соң еттартқыштан өткізеді. Сосын оны матаға салып, шырынын сығып алу қажет. Алынған бақ-бақ шырынын сумен араластырып, қайнатады.

Осылайша, дайындалған шырынды таңертең және түскі уақытта тамаққа дейін 20 минут бұрын 3 қасықтан қабылдауға болады. Әйткенмен, бақ-бақ кейбір адамдарға аллергия беруі мүмкін. Сол үшін бірінші күні 1 қасықтан қабылдау керек. Сондайақ, аллергияны емдеуде балдыршөп пен иттікен, итошағанда дәрі бола алады.

КЛИМАТТЫҢ ӘСЕРІ КӨП

Дәрігер кабинетінің алдында кезегін күтіп отырған Сәуле есімді 64 жастағы тұрғынның аллергиямен ауырғанына отыз жылдан асыпты. Дәрігер, климат өзгертуге кеңес бергендіктен, Бурабай өңірінде өзін сергек сезініпті.

«Барлығы қаражатқа тірелетіндіктен, ұзақ бола алмадым. Бірақ, Бурабайда бірінші күннің өзінде-ақ, таза ауа тынысымды ашты. Ал, Атырауға оралған соң ауруым қайта бастады. Бұрын тек жаз айларында ғана ауыратынмын, қазір жыл бойына бет-аузымды тұмшалап, түшкірумен жүремін. Науқас көп болғанымен, оны емдейтін маман аз. Жолдамасыз, не ақысын төлемей кезекте тұрғандарды қабылдамай жатыр» деді ол.

Иә, Атырауға аллергологтар ауадай қажет. Әйтпегенде, кез келгеннің климат ауыстыруға мүмкіндігі жетпесі анық…

Түйін

Аллергияның азабын ауырған адам ғана біледі. Ал, аурудың жыл сайын жасарып бара жатқаны алаңдаушылық туғызуда. Сондықтан, дабыл қақпасқа амал жоқ. Көп ретте стресс, экологиялық ахуал, дұрыс тамақтанбау аталған дерттің пайда болуына жағдай туғызады деседі. Демек, аурудың алғашқы белгілерін байқасаңыз, дереу дәрігерге көрініңіз. Себебі, дәрігерлер өзіне диагноз қойып, бірден дәріханаға жүгіретіндер ауыруды асқындырып алатынын айтуда.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз