Алаяқтың арбауына түспеңіз…

smisivpv 1 Жаңалықтар

Atr.kz/29 қазан, 2019 жыл. «Құттықтаймыз! Джек-пот сізге бұйырды! Жеңімпаз атандыңыз!» немесе «Бірнеше мың рубль ақшалай сыйақыға ие болдыңыз!» делінген хабарламалар кім-кімнің де электрондық поштасына күн сайын келетіні белгілі.

Көзі қарақты оқырман мұның жалған екенін, белгіленген парақшаларды ашқанның өзінде ең кемі компьютерді бұғаттап тастайтын вирус болатынын жақсы біледі. Десек те, ауадан ақша жасауға еті үйреніп, әбден дағдыланған алаяқтар жұртты алдаудың неше түрлі әдіс-тәсілін «ойлап» тапқан. Қазір электронды пошталарда ғана емес, халық жиі қолданатын «olx», «krisha.kz», «koleso.kz» секілді танымал сайттар мен әлеуметтік желілерде айлакерлер ойындағысын іске асырып жүр.

Иә, уақыт өткен сайын бұрын-соңды болмаған жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Бұған дейін адами фактордың көмегімен жүзеге асқан жұмыстардың орнын енді «ақылды» қондырғылар мен құрылғылар алмастыра бастады. Тіпті, дамыған елдер бірнеше функцияны бір өзі-ақ атқара алатын роботтарды ойлап шығаруда. Бірінен-бірі асып түсетін «ақпараттық дәуірдің» мүмкіндіктерін алаяқтар да кәдеге жаратқанға ұқсайды. Ақпарат көздерін қарасаңыз «айлакерлердің арбауына түсіпті» деген жаңалықтарды жиі кездестіреміз.

Атырау қаласының тұрғыны Нұрбике Ерғалиева да алаяқ құрбаны бола жаздағанын әлі ұмытар емес.

– Менің әлеуметтік желіме белгісіз адам кіріп, әріптесімнен 100 мың теңге көлемінде қарызға ақша сұраған. Әріптесім келісіп, бірақ, ескерту мақсатында дереу маған қоңырау шалды. Абырой болғанда, алаяқ құрығынан аман қалдық,- дейді ол.

Ал, Нұрбике секілді қала тұрғындарының атынан хабарлама жіберіп, айласын іске асырғандар қаншама? Облыстық полиция департаменті қызметкерлері де соңғы уақытта интернет алаяқтық деректерінің көбейіп кеткендігін растап отыр. Жыл басынан бері Атырау қаласының өзінде 276 (!) интернет алаяқтық фактісі тіркелген.

– Алаяқтарға алданған адамдарға көп жағдайда қырағылық жетіспей жатады. Облыстық полиция департаменті қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізіп, оның нәтижесі бойынша азаматтардың жеке мысалдары негізінде қылмыстың алдын алу жалғасуда. Алайда, полиция алаяқтардың «Сіздің ұлыңыз өзін жайсыз сезінуде, қаражат аударыңыз» немесе бұрынғы аккаунт арқылы жалған хабарламалар жазатынын ескертеді.

Қазір инстаграмм желісінде жалған жарнамалардың фактілері жиілеп кеткені рас. Алаяқтық «olx», «krisha.kz», «koleso.kz» қолжетімді бағасы бар тауардың фотосуреті қойылған жерде көптеп кездеседі. Алаяқ сенімді түрде азаматтардың ақшасын алып, кейін байланыстан ажырап, қылмыстық ісәрекеттерін жүзеге асырады. Бұл жүйемен жұмыс жасап көрмеген азаматтардың тез алданып қалатынын осыдан-ақ байқауға болады, – деген облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Назымгүл Қайсағалиева аталған деректер бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабымен бірнеше қылмыстық істер тіркелгенін атап айтты.

Тағы бір мысал, жақында Түркістан облысында да орын алды. Жәбірленушінің арызы бойынша құрықталған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы бойынша тіркелген. Орын алған жайтты анықтау барысында күдікті өзіне тиесілі ұялы телефоны арқылы ғаламторда «olx» парақшасының «жұмыс беремін» бөлігінде өзінің жарнамасын
қалдырады. Яғни, Атырау және Созақ қалаларына вахталық әдіспен, жалақысы 200 000 – 300 000 теңге болатын жұмысқа шақырады.

Хабарландыруды орналастыру кезінде өзін әр түрлі есіммен таныстырады. Бүгінгі таңда екі қолына бір күрек таба алмай, жұмыссыз жүрген азаматтардың назарына бұл «жарнама» бірден ілігеді. Күдікті болса, арам ойын іске асырып, жәбірленушілердің сеніміне «еніп», «Qiwi» әмияны арқылы ақшаларын аудартып алған соң ұялы телефонын өшіріп тастайды. Қазір күдіктінің бұрын сотталған жергілікті тұрғын екендігі анықталып отыр.

Алаяқтың осы кезге дейін алты азаматты құрығына түсіріп, 2 миллион теңгеге жуық шығын келтіргендігі белгілі болды.

Ал, өткен жаз айларында Нұр-Сұлтан қаласында Instagram желісі арқылы алаяқ құрбаны болған әйел туралы хабарлама тарады. Мұндағы картина былайша өрбиді: Елорда тұрғыны әлеуметтік желіде жалған парақша ашып, онда косметика тауарларын сататынын жазған. Бір әйел осы ұсынысқа алданып, сатушының «Qiwi» әмиянына 280 мың теңге ақша аударған. Алайда, ол тауарын ала алмаған. Осыдан кейін полицияға түскен арыз бойынша жалған парақша ашқаны үшін сатушының үстінен алаяқтық дерегі бойынша іс қозғалған.

Заңгерлердің айтуынша, бірнеше жыл бұрын қоғамда кезексіз пәтер алып беремін деп, алдап соққандар көптеп кездессе, бүгінде интернет-сауданың зардабын тартып отырғандар қатары артқан. Бұл орайда заңгер Рысты Қалиева әлеуметтік желіде сауда-саттық жасамас бұрын ең алдымен қандай мәселелерге назар аудару керектігін ұсынды.

– Негізі заңды жұмыс істейтін интернетдүкендер тауарды қолға алған кезде ғана ақша төленетінін парақшаларында жазып қояды. Ал, кез келген өнімді алмас бұрын оның ақшасын төлеу дегеніміз – нағыз білместік. Қасақана өзіңді алдаумен тең. Әлеуметтік желіде парақша ашып, оған «Qiwi» әмиянды жалғап, клиенттерден алдын ала төлем алатындар жазадан сытылып кетуі мүмкін. Ол аударылған ақшаны қарыз немесе басқа да қызмет үшін аударылды деп айта салуы мүмкін. Ал, алаяқтық жасаған адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін дәлелдер керек. Дәлел ретінде сатып алу туралы ұялы телефон арқылы алмасқан хаттар жарайды. Өйткені, дәлелсіз ешқандай қылмыстық іс қозғалмайды, – дейді ол.

Маманның пікірінше, әлеуметтік желі немесе интернет-дүкендер арқылы алаяқтықпен айналысатындардың тағы бір құйтырқы әрекеті бар: Онлайн сауда жүргізетіндердің кейбірі тауарды пошта бөлімшесінен қолға алғаннан кейін ғана төлем жасайтынын айтып сендіреді. Осылайша, олар алаяқтыққа бармайтындығын айтады. Бірақ, пошта бөлімшесінде тауар алу үшін ақшасын алдын ала толықтай төлеу қажет. Ал, ол тауардың қандай екенін тек орамасын ашқаннан кейін біле аласыз. Кейін қорап немесе ораманың ішінде тауар жарнамадағы суреттегідей емес, мүлде басқаша болуы мүмкін.

– Егер сатушы алаяқ болса, кейін онымен байланысқа шығу мүмкін болмай қалады. Полицияға арыз жазғанмен, сатушы ұялы телефон нөмірін сөндіріп тастайды. Сондай-ақ, «Qiwi» әмиян немесе төлем картасына жіберілген шоттары да басқа адамның атына жазылған жағдайлар көп кездеседі. Мұндай қылмыстық істерді ашу полиция қызметкерлеріне қиынға соғады. Ал, сатушы шетелде болса, мәселе тіптен қиындап кетеді. Ондай жағдайда ақшаны қайтару мүмкін емес. Шет елдерде осындай онлайн саудамен айналысатындар өте көп, – дейді заңгер.

Оның үстіне, көп ретте алданып қалған адам 10-15 мың теңгеге бола құзырлы органдарға арыздана бермейді екен. Дегенмен, желге ұшқан ақшаның адал жолмен келгені есіңізге түссе, көңіліңіздің көтеріле қоймайтыны анық. Сол себептен, алаяққа алданып, сан соғып қалмас үшін құқық қорғау органдарының өкілдері кез келген сауда-саттық жасарда қырағылық таныту керектігін қатаң ескертеді.

− Қылмыстың осы түрін азайту және болдырмау мақсатында тәртіп сақшылары тауарларға интернет арқылы тапсырыс берер кезінде лицензияланған дүкендерді пайдалануды, хабарландыруларды мұқият тексеруді қаперлеріңізге береді. Сонымен қатар, қаражатты кез келген жолмен аударуға сақ болуға шақырады. Өйткені, қандай да бір сауалнамалық деректерді енгізбестен, абоненттік нөмірді көрсету күдіктілерді іздестіруді қиындатады, – дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Назымгүл Қайсағалиева.

P.S:

Айналып келгенде, айла-шарғының «арқасында» пайда тауып, «кәсібін» дөңгелентіп жүргендерге жол беріп отырған өзге емес, өзіміз. Сондықтан, заңгер Рысты Қалиева айтқандай, алаяқтарға ұрынбас үшін арнайы сайттағы тауармен толық танысып шығу керек. Ал, ақшасын затты алып, қараған соң немесе киімді өлшеген соң курьерге төлеген жөн.

Егер тауар дұрыс келмей, күткеніңіздей болмаса, курьер арқылы кері қайтаруға болатынын да жадымыздан шығармауымыз қажет. Сол кезде ғана сауданы онлайн жасай беруге болады. Ал, сайты жоқ, «Qiwi» әмиянға ақша «жіберу» арқылы қателіктерге бой алдыруыңыз ғажап емес. «Сақтансаң, сақтармын…» деген мәтел осындайда айтылса керек.
дерде

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз