ҚАЛАДА – «НҰР ОТАННЫҢ» ЖАҢА ҮЙІ

Күннен-күнге облысымызда жаңа үйлер мен балабақшалар, мәдениет ошақтарының саны артып, сәулетті ғимараттар бой көтеруде. Осының барлығы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауының жүзеге асып жатқанының, «Қазақстан-2050» стратегиясындағы сара жолдан ауытқымай, еліміздің ілгерілеуіне бағытталғанының айқын көрінісі.
Сейсенбі күні «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Атырау қалалық филиалының жаңа ғимараты ашылып, атыраулық «нұротандықтар» ерекше қуанышқа бөленді.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен облысқа іссапармен келген ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин қатысты.
– «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы – Елбасы Н.Назарбаевтың салиқалы саясатын халыққа жеткізуде ерекше еңбек етіп келе жатқан партия, – деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов салтанатты шарада. – Аталған партия ел ішіндегі тыныштықты, экономикалық даму жауапкершілігін өз мойнына алып отыр. Сондықтан, біз «Нұр Отан» ХДП-ның қалалық, аудандық филиалдарының материалдық-техникалық базаларын нығайту үшін қызмет жасап жатырмыз. Мына бүгін ашылғалы отырған қалалық филиалдың ғимараты – соның бір көрінісі. Бұл жаңа ғимаратта болашақта қала халқының мұң-мұқтажы мен өтініштері қаралып, көптеген мәселелердің шешілуіне септігін тигізеді деген сенімдеміз.
Жаңа ғимараттың кілтін ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Атырау қалалық филиалының төрағасы Серік Айдарбековке табыстады.
Ғимараттың құрылысы шілде айында басталған еді. Халықтың мұң-мұқтажын шешіп, кеңес беріп, әлеуметтік қолдау көрсетіп отырған партия филиалы үшін мұндай екі қабатты ғимарат ауадай қажет болатын. Өңірде Бас партияның қатарында 29 мыңнан астам партия мүшесі бар және 140 бастауыш партия ұйымдары қызмет жасап келеді.
Қалалық филиалдың жаңа ғимаратының алқызыл лентасын салтанатты жағдайда Атырау облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесі мүшесі, ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин қиды.
Салтанатты шарадан соң мәртебелі меймандар ғимаратты аралап, мәжіліс залы, қоғамдық қабылдау бөлмесімен танысты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген
Ерлан СӘКЕМБАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз