ӘКІММЕН ӘҢГІМЕ: Мақат ауданының әкімі Шәкір КЕЙКИН

apraraprara Жаңалықтар

Atr.kz/14 қараша, 2019 жыл. Ырыздығы мен несібесі мол мұнайлы мекен халқы үшін жағымды жаңалық бар.

Ұзақ жыл бойы мақаттық тұрғындардың тілегі ғана болып келген пошта ғимараты жуырда жұртшылыққа есігін айқара ашады. Жеке кәсіпкер инвестициясына салынып жатқан жаңа нысан қараша айының соңында пайдалануға беріледі.

Шілдеде басталған құрылыстың жалпы көлемі 400 шаршы метрді құрайды. Бұл – қойнауы құтқа толы қазыналы аймақта ел игілігі үшін жасалынып жатқан жұмыстың бірі ғана. Ал, биыл жүзеге асқан маңызды жобалар жайында Мақат ауданының әкімі Шәкір КЕЙКИНМЕН арадағы сұхбатта толығырақ баяндалады.

– Шәкір Кейкінұлы, әңгімемізді бірден пошта торабы төңірегінде бастасақ. Өйткені, аудан тұрғындары алқалы басқосулар мен түрлі деңгейдегі жиындарда жаңа нысанның қажеттігі жөнінде ұсыныс айтатын…

– Бұл бұрын-соңды болмаған жоба «Утеулиева Р.А.» жеке кәсіпкерлігінің көмегімен жүзеге асып жатыр. Бүгінгі таңда «Қазпошта» акционерлік қоғамы Атырау облыстық филиалы бизнес иесімен салынып жатқан ғимаратты Мақат ауданындағы пошта торабына беру туралы өзара Меморандумға қол қойды. Бұған дейін мақаттықтар пошта қызметін алу үшін «Қазпоштаның» шағын дүңгіршегіне баратын. Енді аудан халқы қызметті кең, әрі жайлы ғимараттан алады.

Ал, Доссор кентінен «Теңізшевройл» компаниясының демеушілігімен 280 орындық балабақша салынуда. Жобаның жалпы құны 725,3 млн. теңгені құрайды. Бұл нысан да келесі айда пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Мақат кентіндегі көп салалы спорт кешенінің құрылыс жұмыстары және 3000 шаршы метрлік су қоймасының қазанына, жастар орталығына, көрмеге және музейге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Доссор кентінен бой көтеріп жатқан үш қабатты 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы келесі жылы аяқталады. Бұрын халықты баспанамен қамту мақсатында ауданда осындай 60 пәтердің кілті табысталған еді. Осылайша, құт дарыған мұнайлы мекенде қоныс тойын тойлаушылар қатары көбейеді.

– Аудан халқының әлеуметтік мәселелерін шешу бағытында атқарылған ісшараларға тоқталсаңыз…

– Халыққа әлеуметтік қолдау көрсету – аудан басшылығының басты назарында. Осы орайда МақатДоссор, Бәйгетөбе, ПМС ауылдарының бағыттарына қолжетімді бағамен ауылішілік автобустардың шығуы тұрғындарды қуантқаны рас.

Сонымен қатар, жұртшылық тілегі бойынша Мақат кентінде балалардың ойын алаңы салынды. Ауданда наурыз айында жартылай стационарлық үлгідегі ұйым оңалту орталығына ауыстырылып, жұмыс уақыты 4 сағаттан 8 сағат жүйесіне көшірілді. Қазіргі таңда бөлімше үлкейтіліп, 24 бала ыстық тамақпен қамтылуда.

Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда жұмыссыздар саны қысқарып, тұрақты жұмысқа орналасқандар қатары көбейді. «Жастар тәжірибесіне» 102, әлеуметтік жұмыс орындарына 47, кәсіби даярлау, біліктілігін арттыру және қайта даярлауға 118 адам жіберілді. Ал, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек алушы 151 отбасына 11 млн. 850 мың теңге төленді.

Мемлекеттік бағдарламалар арқылы 16 мақаттық несие алып, өз кәсіптерін ашты.

Сондай-ақ, Доссорда заманауи талапқа сай 150 орындық балабақшаның ашылуы түйін тарқатуға септігін тигізгені сөзсіз. Бұрын 100 баланы ғана қамтуы жоспарланған типтік үлгідегі шипажай нысаны ерекше жобаға алмастырылып, бала санын да еселеп қабылдауға мүмкіндік алды. Ауданның көркеюіне, өркендеуіне, дамуына ықпалы тиетін осындай жобалар алдағы уақытта да жалғаса береді.

– Көгалдандыру жұмыстарында біраз жоба жүзеге асырылып, орталық алаңдар мен саябақтардың заман талабына сай өзгеріп жатқанынан хабардармыз…

– Көшелерге көшеттер отырғызылып, тамшылатып суару әдісімен бүр жарған талтеректер ауыл ішіне көрік беріп тұр. Әсіресе, бұрын-соңды елді мекенге жерсінбеген айлант ағашының тұқымы тамыр жайып, көгалдандыру абаттандыру жұмысы ерекше қарқын алғанын ауыл тұрғындары жақсы біледі. Мәселен, суару технологиясы сағат түнгі 00.00-де қосылып, таңғы сағат 06.00-ге дейін жұмыс жасайды. Осы уақыт аралығында егілген ағаштарға тамшылату арқылы нәр беріледі.

Осылайша, су үнемдеу технологиясын өндіріске енгізу қолға алынуда. Қазіргі таңда көшелерде 660 түп айлант ағашы өсіп тұр. Бұл ағаштың басты ерекшелігі – зиянкестер мен ауруларға төзімділігінде. Тез өседі. Ылғал жеткілікті болса, ұзындығы 2-5 метрге дейін өсетін 100 жылдық ағаш түрі. Демек, сортаң табиғатты, ауасы құрғақ біздің аудан үшін таптырмас өсімдік.

Ал, тамшылатып суару – өсімдіктің тамырына суды, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын агрохимиялық заттарды дәл әрі біркелкі жеткізу үшін қолданылатын өндірістік әдіс. Мұндай жаңа тәсіл ауданда көгалдандыру жұмыстарының жандануына оң әсер етері сөзсіз. Әңгімелескен:

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз