Айтыстың шырқы неге бұзылды?

Жаңалықтар

Atr.kz/11 наурыз, 2020 жыл. Бұрынырақта бір ауыз сөз таудай даудың түйінін шешіп, бүтін елдің бірлігін сақтап қалатын болыпты. Тіпті, қара түгіл, ханың да қара сөздің қасиетін мойындаған.

Содан да шығар, «сөз тапқанға қолқа жоқ» десіп, әңгіме төркінін түйсініп, тоқтамға келген ғой. «Бас кессе де, тіл кеспеген» сол халықтың қазірде әсіре мақтауға келгенде «майтамызарлары» көбейіп, сөз ұғарлары азайып бара жатыр десек, көпке топырақ шашты демессіздер.

«Өнер алды – қызыл тіл» деуші едік. Әй, бірақ, сол сырғып-сырғып, өнердің соңғы жағына бір құладыау. Құламаса да, құлдилап барады. Еріксіз осындай ойға келесің кейде. Бүгінде ұлт дәстүрі мен сөз өнерін насихаттап жүрген бірден-бір өнер түрі – айтыс. Онсыз да шоудан аяқ алып жүре алмайтын заманда баба мұрасының да «селтеңі» көбейді. Құнарсыз қалжың, әзілден гөрі әжуаға көп ұқсайтын мақсатсыз мылжың жайлап алған айтыс сахнасын көпшілік көрермен (бәрі дей алмаймын) ойын-сауық отауынан айырып ала бермейтіндей дәрежеге жетті. Өйткені, елге ой салар, салмақты дүниелердің қатары күн санап сиреп бара жатқандай.

Оған не себеп? Ұйымдастыру, қазылық деңгейі. Бәйгеден жүлде дәметпейтін кім бар? Сананы тұрмыс билеген заманда ақындардың бір бүйрегі айтыстың ақшасына қарай бұрылып тұратыны не десеңіз де шындық. Жоғарырақ орын алса, жүлде де қомақтылау, төмендеуіне азаңдау дегендей. Ал, оны шешетін – құрметті қазылар. Оларға кім ұнаса – сол жеңімпаз һәм жүлдегер. Сондықтан, ақындар халықтан гөрі (көбі), қазыларға ұнауға тырысып-ақ тұрады.

Жақында Атырау қаласында Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған облыстық айтыс өтті. Он сегіз ақын, тоғыз жұптан тұратын айтыстан жеті айтыскер Атырау қаласында наурыз айында өтетін республикалық жыр додасына жолдама алды. Енді осы айтыстан түйген ойларымызды ортаға салайық: Қазақ тілінің қасиетін дәріптейтін дәстүрлі өнерде тілді мақсатты түрде шұбарлау, сап алтындай мұрамызды сайқымазаққа айналдыру сәнге айналды бүгінде. Тіпті, көше тентектерінің сөзін айтыстың «көзірі» қылып әкелетіндер көбейді.

Осы айтыста да сол тәсілді қолданғандар кездесті. Ең сорақысы сол – тілді бұзғандардың қазылар тарапынан қолдау тауып отырғандығы. Кезекті жұптардың бірінде Бимырза Әбілқайыров пен Мадияр Бекентаев есімді жас ақындар құрдастар ретінде қалжыңдасқан болды. «Абайдың айтысына келіп жеттік, Абайдағы мостының үстіменен» деп сөз бастаған Бимырза Абайға ұйқас қылып «Гавайға баратын сапарымды осы айтыс үшін кейінге қалдырдым» дегендей ой айтқан. «Қайдағы Га вай саған, айналайын, Проезд тап пай жүріп Геологқа» деп әзілдеген Мадиярдың осы сынды «орысша» қалжыңдарына залдағылар жапатармағай күлісіп жатты…

Құрдастар айтысып болған соң қазылар алқасының төрағасы Саадат Нұрманов жастарға ескерту жасады. «Мосты», «проезд» секілді қазақша баламалары бар сөздердің сахнада сайраң салғаны сауатты ақынға ұнамады. Дұрыс қой. Атыраудың алға ұстайтын, дәл қазіргі аймақ айтысының аға ақыны айтпағанда кім айтады бұл сынды? «Бәрекелді» дестік. Қызық араға бір жұп салып шыққан қыз бен жігіт айтысында басталды.

Айтыс басталардан бұрын некен-саяқ көрініп жүрген Алшынбек Мұқанғалиев деген ақын інімізді Саадат ағамыз: «Жас ақындардың көшін бастап жүрген айтыскеріміз» деп хабарлағанда аңтаң болып, «біреумен шатастырып тұр-ау» деген ойға қалғанбыз. «Мейлі ғой, біз білмейтін бір қырын ол кісі білетін шығар» деп Алшынбек пен атыраулық кішкентай қарындасымыз Фариза Жетпісбаеваның өнеріне ден қойдық. Алшынбек те тілді шұбарлап бастады.

Орысша аулақ бол деп жырақ ой дан, Саадат аға бізге мойын бұра қойған. Мен орысша қазір сөздер қосамын ғой, Алдын ала кешірім сұраймын бұл ағайдан. Самародный сары алтын деп жырлаған, Орысша табылады Ұлы Абайдан, – деді де, артынша Фаризаға бұрылып: «До конца өзіңменен боламын деп, Дос қыздардың бәрімен қош айтыстым» деп көрерменді бір күлдірді.

Одан әрі: Сені сүйем, үйленем дегендердің, Талайы алмай қалды аламын деп, Талайы бармай қалды барамын деп, – деп үйреншікті әдетке салған ініміз: «Мен қасқада серезный отнашение, Сөз беремін жаныңда қаламын деп» дей келіп, «Папым менен апым да күнде айтады, тезірек келін әкел қарағым деп» деген сықылды жолдарды зырылдата жөнелді. Фаризаның сөзін тізбектеп уақыт алмайын. Ал, Алшынбек келесі кезегінде де «алған бетінен» тайған жоқ. Залдан Фаризаның анасын тауып алып, бүйдеді: «Алшынбек деген крассавчик бо ламын мен, Жақсы көріп кетесіз түбі бізді, Смело өзіңізді көргеннен соң, Сразу алғым кеп тұр қызыңызды, айхай- ахооу…»

Абайдың «самародныйын» алып, «бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол ақынның білімсіз, бейшарасы» дегеніне мән бермеген ініміз: «Орысша сөз айтқаным айып емес» деп, онысын Абайдың 25-ші қара сөзіндегі «орыстан білім ал» деген нақылымен түсіндірмек болды. Алайда, ар жағында не айтқысы келгенін өзі де түсінбеген сыңайлы. «Мен әзілге айттым, ал көкелер күніге айтады» деп біреуді даттап, өзін ақтап алған Алшынбек әлгіндегідей емес, енді орыс тілді әкімдерге өзі дүрсе қоя берді.

«Қырық екі әріптің қадірін біліңдер», «Абай білім ал дегенмен, орыстың тілін ал демеді» деген сынды ақылын ақтарды-ай келіп. Онысы дұрыс, енді. Бірақ, ол ақылға алдымен өзіміз лайықты болуымыз керек емес пе? Айтыс соңында жаңа ғана Бимырзаның «мосты-сына» ашынған Саадат ағамыз «мына баланың да сыбағасын береді-ау» деп уайымдай бердік. Бірақ, біз ойлағандай болмады. Ол ол ма, тіпті, осы жұпқа жүлделі үшінші орын тағайындалыпты. «Мен де аң-таң, апам да аң-таң» демекші, таңырқадық та қалдық…

Ұ з ы н с ө з д і ң қ ы с қ а с ы , республикалық айтысқа жеті ақын іріктелді. Олар – бас жүлдегер Жәнібек Садыров, бірінші орын алған Шалқарбай Ізбасаров, екінші орын иегерлері – Серік Қойшығұлов пен Амангелді Панабердиев және үшінші орынға қол жеткізген Өнербек Дәулекенов, Алшынбек Мұқанғалиев және Фариза Жетпісбаева. Сөз соңында ойлы жырлармен облыс айтысында озық тұрса да, шеткері қала беретін Нұрболат Нұғмановтың әлгі балаң ақындардан төменшіктеп қалғанын, нақтырақ айтқанда төменшіктетіп тастағанын айтпасқа лаж жоқ. Нұрболаттың сол айтыста айтқан төмендегі бір шумағының өзі – бұған дәлел.

Өз басым дана Абайға арналған бұл айтыста осыдан асқан шумақ болды дей алмаймын. Бағасын зерделі оқырман қауым бере жатар. Өйткені, сөз қадірін кетірсек, өз қадіріміздің де кететінін ұмытпайық, ағайын! Сонымен Нұрболат былай деп еді: Ақынға өлең оңай болсаң епті, Бабалар қара өлеңге жол сап өтті. Абайды айтсақ, сөз болар «Абай жолы», Әуезов маңдай терін моншақ етті. Бірақ, сол «Абай жолы» орыстарды, Оқыған бойда бірден дел-сал етті. «Мынау – бізге төндірген үлкен қауіп, Дәл осы нұсқасымен қалса» депті. Фадеев деген орыс айтқан екен, Жіпке тізіп нақтылап әр себепті. «Қазақтар бұлай өмір сүрген болса, Коммунизмнің қажеті қанша?» депті.

Ол кездегі цензура талап сондай, Қалай да қолдау керек сол сәбетті. Қазақты бейшара ғып көрсететін, Деректердің біразын жаңсақ етті. Қ ұ н а н б а й м е н Б ө ж е й д і қырқыстырып, Әр рудың арасын алшақ етті. Кедейлер адам құрлы болмасын деп, Дәркенбай қарияны малша жекті. Қазақты билікқұмар қылу үшін, Оразбай болыстықты аңсап өтті. Қазақты діннен безген қылу үшін, Қосыпты шариғатқа қарсы әдетті. Келініне көз сүзіп Қодар кетті, Атасын «аңсаған» боп Қамқа кетті. Образдар былыққа былғанған соң, Кітап та баспаға жол тарта кетті. Абайдың шын бейнесі ашылғанмен, Қоғамдық қатынастар аң-таң етті. Қазақ қашан таниды өзін-өзі, Тарихқа шөліркеп аңқа кепті. Тым жақсы кітап еді мұжық келіп, Мұқаңның идеясын талқан етті. Жазушы тығырыққа тірелсе де, Ебін тауып, қаламы жорта кетті. Көккөздер сұқкөзденіп отырса да, Сыйыстырып жіберді салт-әдетті. Құнанбайды жіберіп құрбандыққа, Дана Абайды Алашқа ортақ етті…

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ,

айтыскер ақын

Исатай ауданы

http://atr.kz/bez-rubriki/atyrauly%d2%9b-ziyatker-sh%d3%99kirtter-abaj-m%d2%b1rasyn-zha%d2%a3%d2%93yrtuda/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз