Айналаңда – мейірім шуағы

bukety iz zhivyh cvetov Жаңалықтар

Atr.kz/23 шілде, 2019 жыл. Гүлдер. Табиғат ананың шедеврі. Айналаны қоршаған жасыл желек көңіл көкжиегіне де жағымды әсер сыйлайтыны ақиқат.

Алайда, осы бір табиғаттың ғажайып жаратылысы өзінен-өзі әдемі болып тұрмайтынын, оған күтім керек екенін көпшілік жұрт түсіне бермейді. Гүл де бала сияқты. Гүлдерге күтім таңертеңгі амандасудан басталады. Ертемен тұрып, олардың сабағы мен жапырағын аялап ұстап, «қайырлы таң» тілеңіз. Әрі қарай шаруаларыңызбен айналыса берсеңіз де болады.

Гүлге суды шылқылдатып, күнде құя беруге болмайды. Үстіңгі жағының топырағы кепкенде ғана су құйған дұрыс. Әйтпесе, тамыры шіріп кетеді. Ондай гүл өзөзінен қурап, жапырақтары сарғайып, солып қалады. Осы гүлдердің бәрін бірдей үйде өсіруге бола ма? Осыған тоқталып көрейікші. Өйткені, халық арасында кейбір гүлдерді үйге өсірмеу керектігі жиі айтылады.

Бальзамин

Ең әуелгі сөзімізді бәрімізге жүзтаныс, бала кезімізден көзіміз үйренген, халық арасында «Қалыңдық гүлі», «Воскресник», «Ванька мокрый», «Недотрога» атанып кеткен бальзаминге арнайық. Көптеген гүл өсірушілер айта беретіндей: «Бальзаминді өсіру үшін қалыпты жағдай сақталса болғаны». Қалыпты жағдай дегеніміз не? Ең әуелі, топырақ құнарлы болуы тиіс.

Сосын, әрине, жарық керек. Бірақ, бальзамин тіке түскен күн сәулесін жақтырмайды, жапырағы күйіп, сабағы қурап қалуы әбден ықтимал. Оны терезеден алыстау, бірақ, жарық емін-еркін түсетін жерге орналастырған жөн. Су құю мәселесін жоғарыда айтып өттік. Үстіңгі қабаты құрғап қалғанда ғана су құйыңыз. Бальзамин үйге молшылық, табыс әкеледі деседі. Ол жігіттердің табысқор, жолдарының сәтті болуына ерекше ықпал етеді екен.

Хлорофитум

Сонау Кеңестік кезең естеліктері осынау гүлмен байланысты. Ол кезде әр үйде, мектепте, балабақшада, медпунктте, кітапхана мен клубта да осы өсімдік жайқалып тұратын. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, хлорофитум күні-түні оттегін бөліп тұратын кішігірім зауыт сияқты екен. Кейбір өсімдіктер күндіз оттегін бөліп, түнде көмірқышқыл газын өндіретін болса, біз әңгіме етіп отырған өсімдік адам баласына пайдасы жағынан ештеңе тең келмейтін гүлдің бірі.

Сонымен қатар, ол күй талғамайды. Жарық пен су болса болғаны, қаулай береді. Ол түбіндегі жаңа өскіннің өсіп шығуы арқылы немесе сабағында гүл жарғаннан кейін пайда болатын салбырап тұратын «бөбектері» арқылы көбейеді. «Бөбекті» суға салып қойсаңыз, тамырланады.

Шеффлера

Бұл қонақ бізге субтропиктік елдерден келген. Сондықтан, күн қатты түссе, жапырағы күйіп қалады. Алайда, күн сәулесін, жарықты жақсы көреді. Жарық бөлмеге, терезе алдынан сәл алыстау, күн сәулесі шашыраңқы түсетін жерге қойған абзал. Шеффлера өзінің қожайынының карьерасының биіктеуі үшін тілегін тілейді. Егер ол жақсы өссе, алға қойған мақсаттың бәрі орындалады деген сөз. Ал, өсуі тоқтаса немесе жапырағы сарғайып, қарайып, өзінен-өзі түсіп қалса, жақсылық нышаны емес. Бірақ, оған қатты күйзелмеңіз. Шеффлераны басқа жерге ауыстырып, топырағын тексеріңіз.

Егер ылғалы көп болса, астыңғы жағына газет, қағаз қойып, тез арада суын сорып алуға жағдай жасаңыз. Топырағын кептіріп алыңыз. Егер одан әрі сола берсе, тамырын қарап, басқа құмыраға, басқа топыраққа отырғызып көріңіз. Бір аптадай мазаламаңыз. Сол аралықта жағдайы жақсаруы керек. Жағдай одан әрі нашарласа, Сізге келген пәле-жаланы өз бойына қабылдап алғаны деп түсініп, шеффлераға алғысыңызды айтып, далаға шығарып тастаңыз. Өйткені, оның бұл үйдегі миссиясы аяқталды.

Мүмкін, басқа біреу тауып алып, үйіне апарса, өсіп кетер. Ал, өзіңіз жаңасын сатып алыңыз, әйтпесе, шеффлерасы бар танысыңыздан өскінін сұрап алып, суға тамырландырып қойыңыз. Қолдан өсірген шеффлера сатып алғанға қарағанда төзімдірек болады.

Плектрантус немесе үй жалбызы

Ол біздің жаққа Ресейден келіпті. Ал, ресейлік гүл өсірушілерге ол Жаңа Зеландиядан, Австралиядан келген көрінеді. Иісі кәдімгі жабайы жалбызға өте ұқсас көпжылдық бөлме өсімдігі. Оны да өсірудің өзіндік қиындығы мен ерекшеліктері бар. Ол да көлкітіп құя берген суды жақтырмайды. Жапырағына су тимегені абзал. Құнарлы топырақ, режиммен құйылған су Сіздің бөлмеңізге жалбыздың хош иісін сыйлайды. Плектрантус үйге табыс, молшылық пен тоқшылықтың көзі ақшаны тартады екен.

Бәрімізге керегі осы емес пе? Онда несіне бөгелесіз? Үй жалбызын өсіретін танысыңыздан өсімдіктің бір тал сабағын сұрап алып, суға салып қойыңыз. Екі-үш күнде тамырланады. Гүлге арналған топыраққа отырғызып, баптай берсеңіз болғаны. Әрі оттегімен қамтамасыз етеді, әрі айналаңызға сұлулық береді, әрі қалтаңызға қаржы толтырады. Қатты серейіп өсіп кетсе, қысқартып отырыңыз. Кесіп алған сабақтарды суға салып тамырландырып, көбейте беріңіз.

Аспарагус

Кітапхана, емхана сияқты адамдар көп келетін мекемелерде жапырағы жіңішке, өрнекке ұқсайтын, төгіліп тұрған өсімдікті көріп, қатты қызығады. Тіптен өсіргілері келіп, сабағын сындырып алатындары да бар. Бір ескеретіні, аспарагус деп аталатын бұл өсімдік сабағын суға салып, тамырландыру арқылы көбеймейді. Оны түбінен тамыры арқылы бөледі. Бір жылдық аспарагустың ыдысында тамыр түйнектері пайда болады, екі жылдық болса, құмыраны кернеп, сындырып жіберуі де мүмкін.

Осындай жағдайда оны ыдысынан шығарып алып, түйнек-тамырларын бөліп, көбейтеді. Аталған өсімдік күй талғамайды. Тек жарық болса болғаны, су құйсаңыз әдемі гүлдің иесіне айналасыз. Аспарагустың тамаққа пайдаланатын да түрі бар. Ол спаржа деп аталады. Оны да әдемілік үшін әрі тағамдық қажеттілік үшін өсірсеңіз, құба-құп.

Көп адамдардың санасында «гүлдің өскінін біреуден ұрлап алса, жақсы өседі» деген пікір қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. «Ұрлық түбі – қорлық» демей ме халқымыз? «Гүлдің кішкене өскінінің ұрлыққа қатысы бар ма?» дер біреулер. Неге болмасын? Сонымен қатар, ұрлықтан бұрын осы бір болмашы қылығыңыз үшін тағдырыңызға ауыртпалық арқалап алатыныңызды білесіз бе? Өйткені, өсімдік өсірген адамның энергиясы ұрлап алған өскінде сақталып тұрады.

Ал, Сіздің үйіңізге бөтен адамның аурасы мен энергиясы керек пе? Психология мен астрологияда «карманы таза сақтау керек» деген термин бар. Ендеше, қайдағы бір болымсыз нәрсе үшін кармаңызды ластамаңыз. Сұрап немесе сатып алсаңыз, әңгіме басқа.

P.S.

Біз өсіруге ең көнбіс бөлме гүлдерін сөз еттік. Үйімізде, жұмыс орнымызда бүгінгідей нашар экология жағдайында оттегімен қамтамасыз етуді айтпағанда, көзді, көңілді қуантып тұратын табиғаттың тірі бөлшегі болғанға не жетсін! Сонда біз де өзіміздің табиғат-ананың перзенті екенімізді ұмытпаймыз, ол рас.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз