АЙНҰР ӘБДІРАСЫЛҚЫЗЫ, ҚР ДІН ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: ТЕКТІЛІКТІҢ БАСТАУЫ – АНАДАН!..

Алып анадан туады

- Исраил Сапарбаевтың сөзіне жазылған «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» әніндегі қазақ қыздарының образы қазіргі қоғамда қаншалықты сақталып отыр деп ойлайсыз?

– Әйел адамның жаратылысында адалдыққа, тазалыққа бейімділік және табиғи мейірім бар. Ол өз шаңырағының ғана емес, қоғамның да тазалығына, тәртібіне, тәрбиесіне жаны аши біледі, жауапкершілікті сезінеді. Сонысымен де, әйел тектіліктің, ізгіліктің бастауы болып табылады. Барлық діндер мен салт-дәстүрлерде әйелдерге қойылатын талаптың жоғары болатыны сондықтан. «Алып анадан, ат биеден туады» дейді халқымыз. Алтын құрсақты аналардың тектілігінің, тазалығы мен тәрбиесінің ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін аталарымыз осы бір мақалдың аясына сыйғызған. «Ет бұзылса, тұз себесің, тұз бұзылса не себесің?» деп мақалдаған қазақ, қызды, яғни, болашақ ұлт анасын бұзылудан сақтау үшін қырық үйден тыйым сала білді. Қыздың әр қадамын назарда ұстап, «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деген қанатты сөзді қалдырды. Соның нәтижесінде, ерлігі ересен, елдігі кемел ұлт болғанымыз баршаға белгілі.

Ал, бүгін қандаймыз? Жауап айқын – қызымыз қандай болса, ұлтымыз сондай. Ал қыздарымыз… ала-құла. Тектілігін танытып, ибалы, инабатты мінезін сақтап, иіліп тұрған, қарасаң, көз сүйсінетін қыздарымыз аз емес. Қолынан да, тілінен де келетін, орнын да, айтарын да білетін, алмас қылыштай жарқылдаған ерге бергісіз бойжеткендеріміз де бар. Бірақ өкінішке орай, арзан әңгіме, орынсыз қылжаңға бой алдырып, құнсыз құндылықтарға алданған, ақыл-парасат пен әдеп-ибаны ысырып тастап, пайдасы өз басынан артылмай, дүнияуи игіліктерді ғана көздеуге бейімделген қыздарымыз да жетерлік. Қай тарап басым түссе – елдің ертеңі соған байланысты болмақ. Бір қиыны, ақымақтың үлкен-кішісі болмайтыны секілді, жамандықтың да аз-көбі болмайды. Аз боп көрінетін, бірақ, көп болып шығатын, яғни, ақырғы салдары көп болатын келеңсіз құбылыстар бар. Қыздарымыздың аз бөлігінің болса да, азуына жол бермеуіміз керек еді… Өкінішке орай, бұл да өткен шақтың әңгімесі болып қалды. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болып, қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөле алмадық. Бізге бой бермейтін еркімізден тыс үдерістер де болды. Ендеше, өкпеміз өз басымызға болуы тиіс. Ендігі жерде келешекті қамдауымыз қажет. 

Әйел ананы отбасының ұйытқысы деп жатамыз. Ажырасу сынды жағдайлардың тым көбейіп кетуін әйелдердің уақытын отбасынан гөрі қызметінің көбірек «ұрлайтындығымен» байланыстыруға бола ма? Некенің құнын қалай көтеруге болады?

– Әйел атаулы білетін бір шындық бар: Ешбір саналы әйел ешқашан отбасынан қызметін жоғары қойып, қызмет үшін өмірінің мәні болған отбасын құрбан етпейді. Санасыз болса, сөз басқа. Әйелдердің табиғи дарыны тасып тұрған санаулы бөлігінен басқасы отағасы бар жағдайын жасап отырса, өмір бойы от басы, ошақ қасында қалудан қашпас еді. Өкінішке орай, қазір әйелдер жұмыс істеуге мәжбүр. Әйелдер өмірдің қиындығын ер азаматымен бірге бөлісу үшін, тапқаны тамағынан артылмай жатқан отағасына болысу үшін жұмыс істеуге мәжбүр. «Мені асырау сенің міндетің» деп шалқайып жатып, ерді жерге қаратып, шарасыз күйге түсірмей, тіршіліктің қамытын бірге киіп, көнбеске көніп жүргені үшін әйел-анаға тек алғыс айтуымыз керек. Күнделікті нәпақасын табу үшін, бала-шағасын асырау үшін әйел-ана бауыр еті перзентін қиып, қараусыз қалдырып немесе көлденең көк аттының тәрбиесіне тастап, шыбын жанын шүберекке түйіп жүріп, өзі жұмыс істеуге мәжбүр. Сол көлденең тәрбиенің салдарын өмір бойы күйінішпен көтеретін, уайымнан тозған жүйкеден денсаулығынан айырылатын да ананың өзі.

Ал, ажырасу деген әлеуметтік дертке келсек, оны жалғыз әйелдердің қызметке келуімен байланыстырып, оп-оңай кесіп-піше салуға болмайды. Дүние тіршілігі бір ғана себептен құралмайды. Әр тағдыр өзінше ерекше, әр ажырасудың өзіндік қайғылы тарихы бар. Ең басты себеп – адам факторы, соны тәрбиелеген қоғам факторы.

Ерлі-зайыптылардың сана-сезімі мен жауапкершілігінің төмендігінен, жас болса, жетіліп үлгермегендігінен, отбасы бүтіндігінен өзінің «менін» жоғары қойғандығынан бұзылатын отбасылар бар. Мұндайда көрегенділігін көрсетіп, шаңырақтың шырқы бұзылмауына септеспеген үлкендердің айыбы да аз емес. Ер-азаматтың қадіріне жетпей, бардың бағасын білмей, астамшылықпен отбасын ойран етіп алған әйелдер де баршылық. Бірақ, азаматтардың айыпты болатын жағдайлары да жиі кездеседі. Ішкілікке салынып, отбасының берекесін қашырып, тоздырып жіберген азаматсымақтан басы мен баласын арашалап, әрең ажырасып құтылған әйелдерді де, беті жылтыраған көрінген етектінің соңынан еріп, ойланбай отбасын тастап жүре берген жауапсыз ерлерді де көзіміз көріп жүр. Содан кейінгі бір себеп – ерлі-зайыптылардың бір-біріне айқын сәйкес келмеуі. Адамның бәрі алдағыны болжап білетін қасиетке ие емес, жанымның жартысы болады деп сеніп қосылған жарымен сөзі жараспай (мінезі емес, әңгімесі жараспай), «бірі баудан келіп, бірі таудан келіп» отырған соң, тәні қосылғанымен жаны қосылмаған жаттыққа төзбей арасын үзетін жұбайлар да бар. Осынша себептердің арасында «әйелдердің қызметке келуі» себебі адасып та қалады. Тағы да қайталаған жөн – әйелдер отбасын бұзу үшін емес, асырап-сақтау үшін қызметке келеді. Ол да өз кезегінде кейбір келеңсіздіктерді тудырып жатса, оған себеп ретінде емес, салдар ретінде қараған жөн.

Тұжырымдай келгенде, қазақ қоғамындағы дәстүрлі құндылықтардың күйреуі, отбасына деген құрметті көзқарастың өзгеруі, алдыңғы буынның артқы жасқа тәлім айтып, отбасын сақтауға ұйытқы бола алмауы, адамдардың бір-біріне қарайласып, жанашыр болудан қалуы, қоғам түгілі отбасында жалғыздықтың орын алуы, осының бәрін үдете түспесе, тоқтау салуға септесе алмай отырған қазіргі жан-жағына қаратпайтын өмір сүру қарқыны – бәрі қосылып, ажырасу апатын ұлттық деңгейге көтеріп отыр. Білім емес, ақпарат құнды, адам емес, қағаз бағалы болған, құндылық үшін емес, рейтинг үшін қызмет ететін қоғам осы бағытынан танбаса, бұдан тәуір нәтижені күтпесе де болады.

Не істеу керек? Некенің құнын қолдан жасалған құндылықтар, құрғақ уағыз бен жаны жоқ заңдар арқылы көтере алмаймыз. Бәріміз зәру болған, бәрімізден жырақтап бара жатқан адамгершілік, ізгілік, мейірімділік секілді мінездерді қалпына келтіретін қоғам қалыптасуы керек. Ең алдымен, әйел-ананың отбасына оралуына жағдай жасау қажет.

 

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе!»

– «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар. Ендеше, қоғамдағы жасанды түсік тастау, жезөкшелік, тастанды балалардың көбеюі сынды жат қылықтардың күн санап артуын тәрбиемен байланыстыра аламыз ба?

– Әрине, байланысты. «Бақпаса бала кетеді, қарамаса әйел кетеді» (сыпайылап айтқанымыз) дейді қазақ. «Баланы жастан, әйелді бастан» деген де сол қазақ. Осының бәрі – тәрбиенің төңірегіндегі әңгіме. Бірақ, бұл отбасындағы тәрбиеге ғана қатысты сөз емес.

 Дәстүрлі қазақ қоғамы қалай қалыптасты? Бүкіл ел болып ортақ құндылықтарды, әдет пен әдеп заңдарын ұстанғаны, қастерлегені, қадағалағаны, сақтағанының арқасында ғана ел болды. Жалпы, елдіктің өлшемі – ортақ құндылықтар мен дәстүрлерге адалдық десек, артық айтқанымыз емес. Бүгінгі қазақ қоғамы да осы қағидатқа бойұсынбаса, ел болудан қалмақ.

Айтқым келгені – қоғамдық тәрбие туралы. «Біреу жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі» дегенді Абай тегін айтқан жоқ. Отбасы қанша берік болғанымен, жалпы қоғамда тұтастық болмаса, әлеуметтік дерттер жойылмайды. Әлеуметтік дерттердің бар болуы соларға жағдай туғызып отырған қоғамның бар екенін көрсетеді. Мысалы, бір ғана аты жаман жезөкшелікті алайық. Жарайды, моральдық тұрғыдан азғындаған біреулер адам тәнін саудаға салу арқылы пайда табуға құнықты делік. Ал, соны тұтынып отырған кімдер? Олар – қатардағы қоғам мүшелері, сіздер мен біздердің әріптестеріміз, достарымыз, көршілеріміз, керек десеңіз, әкелеріміз бен ағаларымыз! Қоғамда дәл осы дерттің асқынуына қолайлы жағдай жасап отырған солар! Ал, осыдан кейін ішкі бірлік туралы не айтуға болады? Жезөкшелермен ұялмай ойнап-күлген ер адамдар өз аналарын, апаларын, қарындастарын, қыздарын біреулердің дәл өзі сияқты қолжаулық қылғанын қалар ма еді? Міне, ар-ожданының алдында тартынбаған адамнан – көкірегіндегі Құдайын жоғалтқан пендеден – қан тамырынан жақын Алланы ұмытқан жандардан барлық нәрсені күтуге болады. «Ұялмасаң, қалағаныңды істе» дегенді пайғамбарымыз (с.ғ.с) осындай кеселділерден түңілгеннен айтқан болар.

– «Әйелге деген қарымқатынас – ардың, ұяттың, адалдықтың, парасаттылықтың ең нәзік өлшемі, сезімталдықты тәрбиелейтін ең жоғары мектеп» деген екен В.А.Сухомлинский. Осы бір қағида деуге келетін дүние қоғамда қаншалықты орындалып отыр?

Баршаға таныс «нәпсі» деген ұғым бар. Алла Тағала нәпсіні жаратқаннан кейін одан: «Сен кімсің, мен кіммін?» деп сұрағанда, менмен нәпсі: «Сен – сенсің, мен – менмін» деп, Жаратушысын мойындамай, қайқайып қарсы тұрған екен. Алла Тағала нәпсіні тәрбиелеу үшін жүз жыл тозақтың жалынымен азаптап, қайта шығарып алып, әлгі сұрақты қойғанда нәпсі тағы да: «Сен – сенсің, мен – менмін» деп жауап беріпті. Осыдан кейін Алла Тағала нәпсіні жүз жыл аштықпен сынапты. Содан кейін барып, аштықтан әбден бұратылып, тәубесі есіне түскен нәпсі: «Сен – ұлы Жаратушысың, мен әлсіз жаратынды екенмін» деген екен. Сондықтан, ораза арқылы нәпсіні тәрбиелеу мұсылманға парыз етіліпті.

Мұны мысал еткенде айтпақ болғаным басқа. Сол менмен, тәкаппар, ештеңеден тартынбайтын нәпсі достан ұялады екен. Қазақтың «бет көріссе, жүз ұялады» деген мәтелінің бір ұшығы осы шындықпен де жанасатын болар. Қоғамдасып өмір сүрудің, санатты түзеп, ел болудың бір мұраты – бір-бірінен тартынып, бір-біріне қарап бой түзеп, кемтігін толтырып, жақсысын жетілдіріп, ортақ өнеге қалыптастырып, ортақ қағидаға бойұсыну болар. Осыны әйел-еркек, жас-кәрі демей, түгел ұғынып, бір-бірімізді тыйып, бір-бірімізді тәрбиелеп, бір-бірімізді қолдап отырсақ, жер бетіндегі жұмақ қоғам сондай-ақ болар еді. Ауыл болса, қауым бола білген, басқаның баласына да бейжай қарап көрмеген, тәрбиені бірге берген, телісі мен тентегін бірге тыйған, әдет заңы мен әдеп заңын үлкен-кіші демей, бар қазаққа ортақ еткен кешегі ақылман аталарымыздан ең болмаса осы өнегені ала білсек, ұлт ретіндегі өміріміз мыңжылдықтарға ұзарар еді…

 

Қазақ әйелі азамат болуы тиіс

– Біз зайырлылық пен діндарлықтың арасын байыппен байланыстыра алып жүрміз бе? Қазіргі қазақ әйелі қандай болуы керек? Және оның басты міндетін немен байланыстырамыз?

– Бірден басын ашып алайық: зайырлылық пен діндарлық екі бөлек дүние емес, сондықтан оларды салалас (параллель) ұғымдар ретінде де, қарама-қарсы ұғымдар ретінде де қарастыруға болмайды. Зайырлылық – мемлекеттің, ал діндарлық – жеке тұлғаның сипаты. Зайырлы мемлекет аясындағы қоғам ішінде діндар да, дінсіз де, құдайды мойындағанмен, құлшылық жасамайтындар да қатар өмір сүре береді. Олардың барлығы да зайырлылық қағидаттарын, мемлекет заңнамаларын мойындамаса, оның аясында тіршілік ете алмас еді. Яғни, зайырлы көзқарастарды қабылдап, олардың да дамуға құқылы екенін мойындау – зайырлы мемлекеттегі дінді-дінсіз әрбір азаматқа тән ерекшелік (тіпті, өздері оны толық сезінбеген жағдайда да).

Ал, зайырлылықтың басты қағидаттары өзіміз білетіндей – ар-ождан және діни сенім бостандығы, құқықтық қорғалу, адамгершілік-өнегелілік қағидаттардан бастау алатын жоғары рухани құндылықтар, өзара құрмет, түсіністік, мәмілегерлік (толеранттылық) ұстанымдарына негізделген ұлтаралық және дінаралық татулық секілді мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен дамуына септесетін қағидаттар.

Әрбір дәстүрлі дінде зайырлылық қағидаттарымен үндесетін көзқарастар мен құндылықтар жеткілікті дәрежеде кездеседі. Әсіресе, ата дініміз – исламда зайырлылық қағидаттары мейлінше терең орныққан. Ислам шариғаты мемлекетте өмір сүріп жатқан адам өмірінің барлық қоғамдық қырларын, барша қатынастарын реттеуге бағытталған, бұл орайда діндарлық деңгейіне қатысты ешбір алалау орын алмайды. Сондықтан, шынайы мұсылман адам зайырлы көзқарастары да берік тұлға бола алады.

Ал, «қазіргі қазақ әйелі қандай болуы керек?» деген сауалға келсек,  «осындай болу керек» деп ешкімді қалыпқа құя алмайтынымыз белгілі. Тілегім ретінде айтар болсам, қазіргі қазақ әйелі азамат әйел болуға тиіс. Бәлкім, мәжбүр… «Азамат болу» дегеніміз – қоғам өмірінен ойып орын алу деген сөз емес. Бесік тербетіп, үй шаруасында отырған әйел де нағыз азамат әйел бола алады. Өйткені, нағыз азаматты сол тәрбиелейді. Тек бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететінін сезінсе болғаны. Елдік пен имандылықты ана сүтімен перзентіне сіңіре білсе, қазіргі қазақ әйелі үшін одан үлкен қайраткерлік жоқ.

– Жаһандану жағдайында ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін не істеу керек?

– Ұлттық бастауларға оралу керек. Ұлтты ұлт еткен құндылықтарды қайта тірілту керек. Далада туған дәстүрді тым болмаса санада сақтап қалу керек. Ұрпақ тәрбиесіне, адам тағдырына шынайы жанашырлықпен қарау керек. Әйел-анаға, отбасына қамқорлық жасау керек.

Ең бастысы, рухани-адамгершілік, тәрбие саласында жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарсы бағытталған іс-әрекеттерге тосқауыл қойылуы қажет. Мемлекет бір жағынан асқақ гуманизмді, жоғары руханиятты, рухани-адамгершілік тәрбиені насихаттап, екінші жағынан ғаламтор ресурстары мен БАҚ-тарда қаптаған зорлық-зомбылықты, агрессияны, қатыгездікті, тамырсыздықты насихаттайтын арандатушы ақпараттарға жол беріп қарап отырмауы тиіс.

Сұхбаттасқан Баян ЖАНҰЗАҚОВА

(Арнайы «Атырау» газеті үшін).

 

 

Тақырыпқа тұздық

 

Қазаққашандаүлгісізұлтболғанемес. Ел болып еңсе көтергелі ұлтына үлгі ғана емес, ұран болған аналар легі азайған жоқ. Қазіргі таңда да көптеген қазақ әйелдері сол ұлағатты үрдісті үздіксіз жалғастырып келеді. «Қазақ қызы» деген атқа лайық болудың өзі аз мәртебе емес. Ұлт болып ұйысқаны үшін қазақ ұлдарына қандай қарыздар болса, қыздарына да сондай қарыздар. Тегі бір татардың белгілі жазушысы Ғалымжан Ибрагимов өткен ғасырдың басында «Қазақ қызы» атты романымен  әйел-аналарымызға арнап әдеби ескерткіш соғып еді. Түптің түбінде қазақ қызына арналып еңселі бір ескерткіш орнатылуы қажет сияқты.

Ал, қоғамдық қызметке әйелдердің араласуы мәселесіне келсек, бұл біз айтпасақ та, ерікті-еріксіз болып жатқан үдеріс. Оған жоғарыда біраз тоқталдық. Екінші жағынан қазақ әйелі қашанда белсенділігімен ерекшеленгенін ұмытпауымыз керек. Атамыз қазақ ел басына күн туса, ер азаматтармен бірдей атқа қонған, бейбіт күнде білігі асса – билікке, өнері асса бәйгеге ерлермен бірдей таласқан әйелдеріне құқық атаулыдан тыйым салып көрген жоқ. Одан дәстүрлі қазақ қоғамы ұтпаса, ұтылмағаны тарихымыздан белгілі. Соның нәтижесінде қазақ халқы үлгілі ұлт болды. Қазақ әйелі азамат әйел болды.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз