Айдында жүзген шабақтар

malek 21 Жаңалықтар

Atr.kz/30 шілде, 2019 жыл. Балықтың өрісі – су айдыны. Ал, балық әрине, шабақтан көбейеді. Осы қағиданы ұстанған «Атырау» бекіре тұқымдас балықтарды өсіру зауытының ұжымы өткен аптада Жайық өзеніне 3,5 миллион қортпа шабағын жіберді.

Зауыт директоры Рашиден Қалидуллиннің айтуынша, шабақтарды өсіру үшін мұндағы тоғандар мен бассейндердегі, цехтардағы су құрамы күн сайын жіті тексеріледі. Су құрамындағы хлор мен оттегінің, ауыр металдардың мөлшері зерттеледі. Сондай-ақ, су температурасы ұдайы бақыланады. Зауытта бірнеше жылдан бері бекіре тұқымдас 30 балықтан жасанды жолмен уылдырық алынатын еді.

Ал, биыл өсірілетін бекіре тұқымдас балықтар шабағын көбейту үшін 78 қортпа ауланыпты. Жайық өзенінің айдынына жіберілген шабақтар бұдан 2,5 ай бұрын 108 бекіре тұқымдас бағалы балықтан жасанды тәсілмен алыныпты.

Шабақтардың салмағы 3-16 грамм аралығын құрайды.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілі Мәншүк Темешеваның айтуынша, зауытта өсірілген шабақтар арнайы салмақ жинағаннан кейін ғана айдынға жіберіледі. Қалыпты салмақ жинаған шабақтардың тірі қалу мүмкіндігі молаяды. Өйткені, су айдынында жыртқыш балықтар кездеседі. Тіпті, балықпен қоректенетін құстар да бар. Шабақтар Жайық өзеніне жыл сайын жіберіліп жүр. Алайда, шабақтардың қанша пайызы тірі қалатынын дәл есептеуге арналған әдіс жоқ.

Дегенмен, директор Рашиден Қалидуллиннің айтуына қарағанда, 1998 жылы іске қосылған зауыттың қуаты – жылына 3,5 миллион шабақ өсіру. Содан бергі жиырма жылда Жайық-Каспий бассейніне 86 миллионнан астам бекіре тұқымдас балықтар шабағы өсіріліп, су айдынына жол тартқан. Оның басым бөлігін, яғни, 69,3 пайызын қортпаның шабағы құрап отыр.

Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз