Ахметжан Есімов: «Көрменің кереметтері таңдай қақтырады»

ЕХРО 2017 Жаңалықтар

Әлем назарын Астанаға аударған ауқымды жаһандық оқиға – ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылу салтанатына да санау­лы күндер қалды. Елбасы Ұлттық жоба деп бағалаған жаһандық шараны өткізуге дайындық барысында арнайы құрылған «Астана-ЭКСПО-2017» ҰК» акционерлік қоғамына жүктелген жауапкершілік те, атқарылған жұмыс та зор. Жақында осы акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Ахметжан Есімов еліміздің және шетелдердің бірқатар БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Төменде сол салиқалы әңгімені оқырмандар назарына ықшамдап ұсынып отырмыз.

ЕХРО-2017

– Ахметжан Смағұлұлы, осы бір жауапты жұ­мыс­қа кірі-сер алдын­да сіз опти­мист болдыңыз. Сонымен бірге, сіз топ-менеджерлер құра­мын оңтайландыруды, қосым­ша инвестиция тартуды, ту­рис­тік әлеуетті арттыруды ой­ладыңыз. Бүгін, яғни        ЭКСПО-2017-нің жалауы желбірей­тін салтанатты сәтке санаулы күндер қалғанда, сол ойла­ған­дарыңыздың қаншасы жүзеге асқандығы, қандай нәтижелерге қол жеткендігі және қандай да бір өкінішті сәттеріңіз туралы айтып өтсеңіз?

– Президент мені Ұлттық ком­панияның басшысы етіп тағай­ын­дағаннан кейін екінші күні, бұл 2016 жылдың 13 тамызы бола­тын, мен құрылыс алаңына кел­дім және  тұрғызылып жатқан нысандардың алғашқысы ретінде BI-Grоup компаниясы салып жат­қан құрылыс нысаны – С1 павильонын көрдім. Шындығын айтсам, дәл сол кезде бұл жерде өндіріс кестесі жазылған тақтайша орнатылған бетон плитасынан басқа ешқандай құрылыс, ешқандай ғимарат жоқ еді. Дәл сол сәтте көрген көрініс менің бойымда ешқандай оптимистік сезім тудырған жоқ. Алда орасан зор жұмыс күтіп тұрды. Ең алдымен Ұлттық компанияның құрылымын, департаменттерін ретке келтіру керек болды. Жұмыс ауқымы өте үлкен, ал, уақыт тапшы болатын. Жұмысқа қызу кірісіп кеткеннен кейін менің бойымда оптимистік сезімдер пай­да бола бастады. Білекті сыба­нып, жатпай-тұрмай жұмыс істеу керек болды. Басқа жол жоқ. Біздің дер кезінде үл­гере ал­майтындығымызға күдік біл­дірген сәуегейлер де көп болды. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші, біз жұмысты таза жерден бастап кеттік.

Ақиқатын айтқанда, біз өте ау­қымды жұмыс жүргіздік. Тіпті  мердігер ұйымдармен келіспеген сәттеріміз де болды. Ол түсінікті де. Әрбір мердігер компа-нияның пайда тапқысы келді. Алайда, біз бұл жұмысты түсіністікпен және білгірлікпен жүзеге асырдық. Осының нәтижесінде құрылыс нысандарының 2014 жылы жо­ба­ланған құнынан 300 млрд. теңге үнемдеуге қол жеткіздік. Біз үшін осы 1,5 жыл ерен ең­бек­ке толы күндер болды. Мен бар­лық жобалаушыларға, инже­нер­лерге, архитекторларға, ең бастысы, жұмысшыларға шексіз ал-ғысымды білдіремін. Астанада мұндай қар қалың түскен қаһарлы қысты көптен көрмеген едім, со­ны­мен бірге, биылғыдай борандары мен дауылдары мол көктем де көптен бері болған жоқ. Соған қарамастан, құрылыс алаң­дарындағы қызу жұмыс қар­қы­нынан бір жаңылған жоқ. Бүгінде барлық құрылыс нысандарының жұмысы аяқталды. Қазір көрме кешенінің аумағында негізінен әрлендіру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.

– Мен, Россия және Рос­сия 24 арналары кіретін Бүкіл­ресей­лік мемлекеттік телерадио ком­панияның өкілі боламын. Осы уақытқа дейін біздің телеарналар осы көрме қалашығының құрылыс алаңында атқарылып жат-қан жұмыс ауқымына ерекше қызығушылықпен қарады. Менің сұрағым Қазақстан және Ресей Федерациясы арасындағы стратегиялық байланыстар мен қарым-қатынастарға қа- ­тысты. Екі мемлекетің экономикасында да шикізат үлесі жоғары. Екі мемлекеттің де экономикасы негізінен мұнай өндіруге бағытталған. ЭКСПО ұра­ны – жаңа технология және жа­ңа энергия. Осыған байланыс­ты мен Қазақстан және Ресей эко­номикасы болашақта қан­ша­лықты өзгереді, екі ел экономикасындағы шикізат ба­сымдығы бүгінгі жағдайдан қаншалықты төмендейтіндігі туралы сіздің болжамыңызды білгім келеді?

– Болашақ деген ауқымды түсінік. Таяу болашаққа көз жү­гір­тетін болсақ, біздің елдердің экономикасы өзгереді деп айта қою қиын. Алайда, алыс болашақты бағдарлайтын болсақ, өмірдің өзі сияқты экономиканың да өзгеріске ұшырайтындығы сөзсіз. Мәселен, сонау 90-шы жылдары мен Премьер-министрдің орынбасары болып қызмет атқарған кезде, біраз уақыт энергетика саласына жетекшілік еттім. Осыдан 20 жыл бұрын АҚШ-тың астанасы Вашинг-тонда екі мемлекет басшыларының қатысуымен өткен кездесуде, бүгінде энергетика саласында жемісті жұмыс істеп тұрған жобаларға жетекші мұнай компаниялары басшыларымен бірге мен қол қойған едім.

Сол бір уақытта жаңғырмалы энергия көздері, баламалы энергетика туралы ой болған емес. Шынымды айтсам, бұл тақырыппен мен осы қыз­мет­ке кіріскен сәттен бастап, етене ара­лас­тым. Менің ойымша, көп­теген қазақстандықтар мен ресей­лік­тердің де түсінігі осы дәре­жеде. Бұл саланың проблемалары­мен жан-жақты айналыспай тұ­рып, экономиканың жасыл энер­гияға күрт бұрылатынын түсіну қиын. Қазіргі күні Тұң­ғыш Президентіміздің көрме тақы­ры­бын «Болашақтың энергиясы» деп дәл болжаған көрегендігіне тәнті боласың. Бүгінде біз көріп отырғандай, шикізат өндіретін мемлекеттер мұнай бағасындағы құбылмалылыққа тәуелді болып отыр. Сондықтан да менің ойымша, әлемнің барлық мемлекеттері тұрақтылыққа қарай ұмтылуда, яғни, баламалы энергияны қолдайды. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары мұнай-газ секторында осындай дағдарыс болған. Сол кезеңде француздар атом энер­гиясына қарай түбегейлі бет­бұрыс жасады. Бүгінде Фран­цияда өндірілетін барлық электр энергиясының 72 пайызын атом электр стансалары шығарады. Бұл ел энергияны экспорттап, оны өндіру жөнінен әлемде екінші орында, ал, оның үлесі бойынша бірінші орынды иеленеді.

Қазір мен көрмеге қатысушы елдердің павильондарын аралап, осы мәселеге байланысты терең ойға қаламын. Мәселен, Гер­манияда үстіміздегі жылдың 30 сәуірі мен 1 мамыры аралығында жаңғырмалы энергия көздері ар­қылы өндірілген электр қуаты ел­дегі бүкіл электр энергиясының 85 пайызын құрады, осы елден Гол­ландияға баратын пойыз­дардың 70 пайызы жел энергия­сы­ның күшімен жүреді. Биыл-ғы жылы бұл көрсеткішті 100 пай­ыз­ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы алғанда қазір әлем­дегі кейбір елдер балама энер­гия көздерін пайдалануда өте жо­ғары көрсеткіштерге жетсе, кей­біреулері әлі де дәстүрлі энер­гия көздерін пайдаланады. Алай­да, Президент әлденеше рет атап көрсеткендей, мұнайдың да бітетін кезі келеді, сонымен бірге, мұнай бағасындағы қазіргі тұрақсыздық оны өте қауіпті шекке әкеліп тірейді. Осыған байланысты біз үшін мұнай өндіру және экспорттау тиімсіз болып қалуы да әбден мүмкін.

Осы реттен келгенде біздің көрменің «Болашақтың энергиясы» атты тақырыбы тек әлемдік державаларды ғана емес, сонымен бірге, дамушы мемлекеттерді де өте қызықтыруда. Халық-аралық көрмелер бюросы тарихында бұл тақырыптың баламасы болып көрген емес. Сондықтан біз көрме шеңберінде энергетикалық дағдарыстан шығудың жолын іздейтін алаң қалыптастыруға ұм­тылудамыз. Өткен жылы ЭКСПО-2017 көрмесіне барлығы 30 мем­лекет қатысуға ниет қылса, бүгінде көрмеге 115 мемлекет толық қатысқалы отыр. Бұл мемлекеттер жаң-ғырмалы энергия көздері (ЖЭК) бойынша жан-жақты ізденістер жүргізіп, үлкен жетістіктерге жетуде. Олар өздерінің осы әлеуетін ЭКСПО-2017 көрмесінің ауқы­мын­­да паш етпек.  ЭКСПО бұл са­ла­ның мамандарына жаңа бағыт­тар ашады. Қарапайым азамат­тар үшін, әсіресе, жастар үшін көрме та­қырыбы ЖЭК саласындағы жетістіктерді және жаңа технологияларды өндіріске енгізуге үлкен мүмкіндік туғызады.

– ЭКСПО – бұл біріншіден, әлемдегі ең үлкен көрме, екін­шіден, әрбір қатысушы ел үшін  мол мүмкіндіктер туғызатын зор рынок. Қытай пави-льоны көрмедегі ең ірі павильон бо­лып саналады, ал, сіз оны қалай бағалайсыз? Екіншіден, сіздің ойыңызша Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынаста Астананың үлесі қандай болмақ?

– Ең алдымен, Қытай ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға өте белсенділік танытқанын атап өткім келеді. Іс жүзінде ҚХР павильоны – көрмедегі ең ірі орталық. Қытай өз павильонын жабдықтау жөніндегі жұмысты бірінші бастады және бірінші болып аяқтағалы отыр. Мен Қытай павильонында бірнеше рет болдым және онда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың ерекше әсерге бөлейтіндігін атап өткім келеді. Ол түсінікті де. Қытай – халқының саны жағынан әлемдегі ең ірі мемлекет. Оның экономикасы да зор, өндірісі мен энергия ресурстарын тұтыну көлемі де орасан. Бұл елдегі импорт көлемі де жоғары. Қазақстан Қытайға мұнай және газ экс-порттайды. Соған байланысты қазір ЖЭК саласында ҚХР-да атқарылып жат-қан ауқымды жұмыстар біздің елімізді өте қызықтырады. Көз алдарыңызға елес-тетіп көріңіздерші, бұл ел ЖЭК саласын дамытуға бюджеттен 2,5 триллион юань қаржы бөліп отыр. Бұл ЖЭК саласына салынған қаржы көлемі бойынша әлемдегі ең жоғары көрсеткіш. Жоғарыда атап өткенімдей, Қытай павильоны көлемі жағынан ғана емес, сонымен бірге, мазмұны жағынан да терең. Көрме күндері біздің қаламызда ШЫҰ саммиті өтеді. Келген мемлекет басшы­ла­ры көрме кешенін аралайды. Сон­дықтан бұл шараға біз үлкен жау­ап­кершілікпен қарап отыр­мыз. Өз кезегінде бұл көрме ко­мис­сарларына, павильон жетек­шілеріне де зор жауапкершілік жүктейді. Менің ойымша, Қытай па­вильонының дайындығы жоғары, тақырыбы мазмұнды.

– ЭКСПО көрмесінің басшылығына келгеннен бері сіз топ-менеджерлер санын екі есе қысқарттыңыз. Бұл          ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындықтың мерзімі мен сапасына әсерін тигізген жоқ па?

– Мен Ұлттық компанияның құрылымымен таныса бастаған кезде оны оңтайландыру қажет екенін түсіндім. Ең бастысы, құрылымды тек оңтайландыруды ғана емес, оның жұмыс істеу қабілетін барынша арттыруды мақсат еттім. Мәселен, департа­менттер бұл біздің барлық не­гіз­гі жұмыстарды атқаратын «жұ­мыс аттары» болып табыла­ды. Ал, Ұлттық компанияда департаменттердің үстінен қарай­тын тоғыз атқарушы дирек­тор бар екен. Біз атқарушы директорлар санын үшеуге дейін қысқарттық. Оның үстіне, екі атқарушы директор департамент директоры міндеттерін қоса атқаратын болды. Яғни, біз құ­рылымды жеңілдеттік. Ат­қаратын міндеттерді нақтыладық. Соның арқасында шешім қабылдау-дағы жауапкершілік пен жеделдікті бірнеше рет арттырдық. Біз қажетсіз құрылымдарды қысқарту нәтижесінде қаржы ғана үнемдеп қойған жоқпыз, сонымен бірге, тиімді команда құра білдік. Қорыта айтқанда, біз Елбасының жан-жақты қолдауының ар­қасында 21 айдың ішінде 6 жыл бойы атқарылмаған жұмысты атқардық. Менің ойымша, біз Ұлт­тық компанияның ішінде тиімді жұмыс орталығын құрумен бірге, бас мердігерлермен, жобалаушылармен, архитекторлармен және барлық қызмет орталықтарымен түсіністік қалыптастыра білдік. Біз қалалық әкімдікпен тығыз байланыста жұмыс істеп келе­міз. Апта сайын әкімдікпен ЭКС­ПО-2017 көрмесіне дайындық ба­рысындағы мәселелерді талқы­лай­мыз. Бұл орайда біз толық тү­сіністік пен үлкен жетістікке қол жеткіздік.

– Қазақстан үшін бұл жоба нақты қандай мүмкіндіктерге жол ашады?

– Ең алдымен, ЭКСПО-2017 көр­месі мамандарға, оның ішінде жастарға даңғыл жол ашатын­ды­­ғын атап айтқым келеді. Біз­дің жастарымыз жаңашыл, осы­ған байланысты мұнда еңбек­сүйгіш және ізденімпаз жас­тарға мүмкін­дік­тер мол. Мәсе­лен, үздік тәжіри­белер айма­ғын алайық. Бұл – халық­ара­лық комиссияның іріктеуінен өткен әлемдегі ең үздік жобалар қойылған павильон. Мұнда 24 жоба орналастырылған. Осы па­вильонды аралаған адам әлемде ЖЭК саласында қандай озық жетістіктерге қол жеткізіл­гендігін көре алады. Сон­дық­тан, бұл павильонды арала­ған жастар көптеген пайдалы жа­ңалықтармен танысады. Тағы бір атап өтетін мәселе, көрмеде «Қазатомөнеркәсіп» пен «Рос­атом» компаниясы бірі­гіп жаб­дықтаған корпоративті па­ви­льон жұмыс істейді. Онда бей­біт атомды адамзат игілігіне жара­ту мақсатындағы озық тех­но­ло­гиялар көрсетіледі. Тұ­жы­рымдай айтсақ, экономиканы ши­кізатқа тәуелділіктен құтқару мақ­сатында ЭКСПО-2017 көрмесі түбегейлі бетбұрыс болмақ.

– Бүкіл әлемде ауқымды шаралар өткеннен кейін инфра­құрылымдық нысандардың бос тұрып қалу проблемасы бар. Мәселен, Рио Олимпиадасынан кейін осындай жағдай орын ал­ды. Неліктен, Астанада мұндай жағдай орын алмайды деп ойлайсыз?

– Біріншіден, Миланда өт­кен көрмеден біздің көрменің айыр­машылығы – онда барлық па­вильондарды, оның ішінде Қазақстан павильонын да қаты­сушы мемлекеттер өздері құрас­тыр­ды және өздері жинап алып кетті. Ал,      ЭКСПО-2017 көр­­месіндегі барлық нысандар түбе­гейлі салынған ғимараттар болып табылады. Көптеген нысандар көрмеден кейін де жұмыс істейтін болады. Мәселен, Сфера ғимараты Болашақ музейіне айна­лады. Мұнда энергия тақы­рыбы барынша жан-жақты, атап айт­қанда, ғарыш, күн, жел, су энергиясынан бастап, кинети­калық энергияға дейін толық көрі­ніс табатын болады. Яғни, ЭКСПО-2017 көрмесінің ая­сын­да қол жеткізілген барлық же­тістік көрме мұрасына айналады.

Халықаралық павильондар ор­наласқан нысандарда болашақта «Астана» халықаралық қаржы ор­та­лығы орналасады. Сонымен бір­ге, мұнда Елбасының БҰҰ Бас Ас­самблеясында айтқан баста­масы негізінде БҰҰ-ның қам­қор­­лы­ғымен Жасыл экономика ха­лық­аралық орталығы ашылады. ІТ-стартаптары да жұмыс іс­темек. Жалпы, нысандарды пай­да­лануға қатысты жиырмадан ас­там ұсыныс түсіп отыр. Ны­сан­дарға деген сұраныс өте көп. Қазірдің өзінде ұсыныстар са­ны көрме қалашығындағы ғи­ма­рат­тардағы бос аудандар көле­мінен асып түсті. Осы ретте JobWorld атты әлемге әйгілі білім орталығын ашу жөніндегі ұсынысқа байланысты ойымды айта кетсем деймін. Бұл орайда біз Корея елінің тәжірибесін зерт­тедік. Корея бұл бағытта үз­дік саналады. Мұндай мектеп жа­сына дейінгі балаларға және 24 жасқа дейінгі жастарға арнал­ған орталықтар көптеген дамушы елдерде ашылуда. Мектеп жа­сы­на дейінгі балалар осы орта­лық­тарға барып, жұмыс, маман­дық деген ұғымдармен танысады. Кейін өздеріне қажетті дұ­рыс мамандықты таңдай алады. Балалар кішкентай кездерінен бастап өрт сөндіруші, дәрігер, құ­ры­лысшы, аспаз сияқты маман­дық­тармен етене танысады. Яғни, бұл мамандықтардың қыры мен сы­рын көзбен көріп, көңілге тоқи­ды. Бұл орталықтарда балалар қызығушылығына, қабіле­тіне қарай топтастырылады, шы­найы түйсігімен болашақ маман­дығын таңдайды. Ең бастысы, мұн­да мемлекеттік білім беру орта­лығы да болады. Бір сөзбен айтқанда, қазірге дейін түсіп  жатқан ұсыныстар саны көрме қалашығындағы ғимараттардағы бос алаңдарға қарағанда, едәуір көп. Бұл бізді ерекше қуантады.

– Теріс жарнама да жарнама. Біз мамандығымыздың ар­қасында ЭКСПО-2017 көр­месіне қызығушылықтың барынша арта түскенін бай­қай­мыз. Бұл орайда ме­ні осында келіп көрмені тама­шалай алатын туристер қы­зықтырады. Сіздің ойыңызша бұл әлемдік шараға туристік қы­зығушылық қандай болмақ? Ресей және Қытай сияқты көрші елдерден қанша туристер келуі мүмкін? Жалпы, көрші елдерден қанша қонақтар келеді деп ойлайсыз? 

– Көрмені тамашалайтындар саны 5 миллион келуші, оның 15 пайызы шетелдік қонақтар  болады деп күтілуде. Негізінен бұлар Ресейден және Қытайдан келетін туристер болмақ. Біз, әсіресе, көрші елдерде ауқымды жұмыстар жүргіздік. Атап айтқанда, Ресей бойынша мен барлық шекаралас аймақтардың губернаторларымен меморандумға қол қойдым. Олардың саны онға жуық. Сонымен бірге, Санкт-Петербург, Мәскеу және басқа қалаларда роуд-шоу өткіздік. Сондықтан біз осы екі үлкен көрші мемлекеттен туристер көп келуге тиіс деп ойлаймыз. Тағы бір айта кететін мәселе, бүгінгі күнге дейін біз 1 миллионнан  астам билет саттық. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Билет сатып алушылардың ішінде 44 мемлекеттің туристері бар.

– Туристерге байланысты та­қы­рыпты одан әрі жалғастырсақ.  Ах­мет-жан Сма­ғұлұлы, сіз басшы ретінде емес, турист ретінде қандай экспозицияларды тамашалар едіңіз? Сіздің міндетті түрде көремін деген «MUST HAVE» 5-үздік жәдігер қандай?

– Кеше осында біздің елі­міз­дің мемлекеттік органы бас­шы­ларының бірі келіп кетті. Біз қауіпсіздік мәселесіне байла­нысты барлық нысандарды аралап шықтық. Ол өз сөзінде «сіз бұл ғимараттардың бәрін өз жүрегіңізден өткізген шығарсыз?» деді. Бұл шындығында солай. Көрме қалашығындағы әрбір нысан мен үшін қымбат. Өйткені, олардың барлығын өз қолымызбен тұрғыздық. Алайда, сіздің сұрағыңызға тікелей жауап беретін болсам, бірінші нысан, сөзсіз – Нұр-Әлем. Ең алдымен, бұл ғимарат инженерлік және сәулет өнері тұрғысынан жүзеге асырылған озық шешімдерімен ерекшеленеді. Ғимарат жабындысы – 2824 шыны, оның салмағы 13 мың тоннадан астам. Әрбір шынының салмағы 600-ден 800 килоға дейін. Бұл шынылардың ерекшелігі сол, олар дөңгелене біткен. Сөйтіп, ғимараттың бұрышсыз сфералық дөңгеленген келбетін құрайды. Олар өте тегіс және үрленген шар сияқты. Ал, мұндай шынылардың салмағы 1600 килодан асады. Бұл пави-льон көрмеге келушілердің бәрін қызықтырады. Қазірдің өзінде осы ғимараттың ерекшелігіне тәнті болған National Geographic телеарнасы келіп кетті. Ақиқатында, бұл көлемі 80 метрді құрайтын, биіктігі 100 метр әлемдегі бір­ден-бір шар тәріздес ғимарат. Ұлт­тық павильонның ішкі инстал­ляциялау және жабдықтау жұмыс­тарын дүние жүзіне белгілі швей­цариялық, италиялық, гер­ма­ниялық фирмалар жүзеге асыруда. Бір сөзбен айтқанда, көрме қалашығындағы бірінші нысан – бұл Нұр-Әлем.

Сонымен бірге, мұнда озық тәжірибелер алаңы жұмыс істейді. Бұл энергияның пайда болуынан бастап, бүгінгі ЖЭК саласында қол жеткізген озық технологияларды паш ететін алаң. Тағы бір ерекше нысан – Арт-орталық. Онда француздардың 2018 жылы алғаш рет көрсетілуге тиіс қойылымы көрсетілмек. Көрме орталығында Дю Солей циркінің қайталанбас көріністерін тамашалауға болады. ЭКСПО-2017 көр-месінің алаңында мұнан басқа да таңдай қақтыратын, көз қызықтыратын кереметтер баршылық. Сон­дық­тан, келіңіздер, көріңіздер – таң­дау жетерлік. Турист ретінде мен осы нысандарды және мен айт­паған басқа да жәдігерлерді тама­шалар едім.

«Егемен Қазақстан» газеті материалдары бойынша дайындаған: Айгүл Ертілеу

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз