«Агросекторға артар үміт зор»

akhmetov jardemgali Жаңалықтар

Atr.kz/16 қазан, 2019 жыл. Бүгін Жайық өзенінің қос жағалауын қоныстанған Махамбет ауданында облыстық «Атырау» газетінің күндері басталады. Өмірдің көш-керуенінен қалмай алға ұмтылып, талай белестерді бағындырған Махамбет өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуының бүгінгі тынысы мен алда тұрған келелі міндеттерін аудан әкімі Жәрдемғали АХМЕТОВ газет тілшісіне берген сұхбатына арқау етті.

– Жәрдемғали Бакуұлы, ауданның биылғы тоғыз айдағы көрсеткіштеріне көз жүгіртіп көрсек. Жайлауында төрт түлік мал өргізген малшылар мен алқабында егін баптаған дихан қауымы неден ұтып, неден ұтылды?

– Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5,3 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 94,5% құрады. Жыл басынан бері осы салаға 53 млрд. теңгедей инвестиция тартылды. Мал санының өсімі мен одан өндірілген өнім көлемі байынша артты. Жартыжылдықта облыста өндірілген еттің – 11, сүттің – 20, жұмыртқаның 90% ауданның үлесіне тиеді.

Егістік алқап 3,9 мың, ал, оның ішінде тауарлы егістік көлемі 1,7 мың гектарға жетті. Облыс бойынша егістіктен алынған картоп пен көкөністің – 33, бақшаның 38 процентін махамбеттік дихандар өсіріп шығарды. Күні бүгін аудан бойынша картоптан – 6840, көкөністен – 22209, бақшадан 14859 тонна өнім жиналып, тұтынушыларға сатылды. Егістіктегі жиын-терім науқанын қарашаға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

– Аудан экономикасының негізгі бағыты ауыл шаруашылығы саласы болғанымен, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің де қосар үлесі қомақты болар.

– Биылғы 9 айда ауданда 1747 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелді, оның 1537-сі белсенді. Статистикаға сүйенсек, бұл салада 3930 адам еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 578 адамға артық. Түрлі қаржы институттарынан 56 кәсіпкердің жобасы 560,2 млн. теңгеге қаржыландырылды.

Жеке кәсіпкер Роза Түсекенова «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде мейрамхана салу үшін 100 млн., биыл іске қосылған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында «Алмалы-Құс» ЖШС 178 млн., «Тама Кен» шаруа қожалығы 90 млн. теңге несие алуды көздеп отыр. Жыл басынан бері уәкілетті органға жұмыссыз ретінде 1343 адам тіркеліп, оның 1002-сі тұрақты және уақытша жұмысқа орналасты.

– Ауылдарды инженерлік инфрақұрылыммен қамту, тұрғын үй салу мәселесі туралы не айтасыз?

– Жыл басынан бері 1,1 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды. Аудан орталығында 60 пәтерлік 3 қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тағы үшінші үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Махамбетте 36 пәтерлік 3 қабатты үш тұрғын үй құрылысына жобалаусметалық құжаттама байламын әзірлеу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, конкурстық құжаттамасы әзірленді. Аз қамтылған көп балалы отбасылар үшін биыл 29 тұрғын үй сатып алу үшін республикалық және облыстық бюджеттен қаржы қарастырылды.

Ауданда 17 су тазарту қондырғысы жұмыс жасайды, халықтың 97,5% таза ауызсуын құбыр арқылы тұтынады. Тұрғындарды таза, әрі сапалы сумен қамтамасыз ету үшін және бір жерден қаржыландырылатын операторға беру мақсатында Алмалы және Береке ауылдарындағы су тазарту қондырғылары «Атырау Су Арнасы» мекемесіне берілді. Сарайшық ауылындағы су тазарту қондырғысына жай жөндеу жүргізу үшін облыстық бюджеттен 25,3 млн. теңге қаржы бөлінді. Алға ауылындағы су тазарту қондырғысы жөндеуден кейін іске қосылды.

– Жылу беру маусымына дайындық барысы қалай?

– «Тұрмыс қызмет» ЖШС-нің теңгеріміндегі төрт жылу беру орталығындағы он бір жылыту қазандығы арқылы екі қабатты үш көп пәтерлік тұрғын үй, аудандық архив, екі балабақша, орталық аудандық кітапхана, жиырмадан астам бюджеттік мекеме жылумен қамтамасыз етіледі. Алдағы жылу беру маусымына дайындық мақсатында әлеуметтік нысандарға қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға облыстық бюджеттен 70,3 млн. теңге қаржы бөлініп, оның 40,3 млн. теңгесі игерілді. Қалған 870 мың теңгені игеретін тауар жеткізушінің міндеттемесін орындамауына байланысты іс сотқа жолданды.

Әңгімелескен:

Бақытжан ЖҰМАТ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз