Абайға құрмет – қазаққа құрмет

1531395256 ilja Жаңалықтар

Atr.kz/9 қаңтар, 2020 жыл. «Егемен Қазақстан» газетінің 9 қаңтар күнгі №5 санында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомат Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы баршамызға үлкен ой салғаны анық.

Аталған мақаладағы: «Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты» деген жолдарды оқыған кезде жүрегіміз толқыды, санамыз сергіді. Еңбектеген жастан, еңкейген кәріге дейін Абай шығармашылығынан сусындау – рухани қажеттілік. Ішкі жан сарайды кеңейтуге міндеттеу қажет емес. Ол бір шөл далада келе жатқан жолаушының мөлдір тұмаға бас қойып, құныға ішуіндей, емін-еркін шөлін қандыруындай бір ғажайып нәрсе екені даусыз.

       Ұлы Абай өмір бойы дүниеден жиып-терген ой нәрін туған халқына бағыштағанда үнемі әділет пен ақылдың тегеуінді тезіне салып, сыншыл ой елегінен өткендерін ғана ұсынуды ақсат тұтқан.

«Әділет пен ақылға

Сынатып көрген-білгенін,

Білгізер алыс-жақынға,

Солардың сөйле дегенін» ,- ақын өз өлеңдерінің нәр алған рухани бұлақтарының төркінін жасырғанемес.

«Ғылымды іздеп,

Дүниені көздеп,

Екі жаққа үңілдім» деуінің астарында да терең мән бары кәміл. Бүгінгі қазақ жастары дәл Абайша ойлап, Абайша толғанып, жан-жақтарына үңілсе, ғылым-білімге бет бұрса, адамшылықтан алыстамай, адамгершілікті нысана тұтса, кәнекей!

      Президенттің аталған мақаласында «Сыбырдан басқа сыры жоқ,

Шаруаға қыры жоқ» замандастарымыз көбеймес үшін билік халыққа әрдайым құлақ түріп отырғаны жөн» деп атап көрсетуінің өзінде үлкен мән бар. Адам баласының сыбыр-күбірге құлақ түруі неден басталады?! Әлбетте, еңбексіз, іссіз бос жатуынан, жалқаулықтан екенінде дау жоқ. «Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын» демеп пе еді ұлы Абай? Олай болса, жастарды еңбекқорлыққа тәрбиелеуде Абай мұрасын басшылыққа алған дұрыс. Әр мұғалімнің, әр тәрбиешінің қолында Абай өлеңдерінің жинағы жүрсе, тіптен жақсы. Олар сол ісімен шәкірттеріне үлгі болады.

       Биыл барша қазақстандықты үлкен жауапкершілікке толы жұмыстар күтіп тұр. Ол – Абайдың мерейтойы. «Тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналады» деген Президент мақаласындағы жолдар бәрімізге үлкен міндет жүктейтіні сөзсіз. Әлемге Абайды таныту арқылы қазақты танытатын кез жетті. Сондықтан, «Біріңді қазақ, бірің дос,

Көрмесең, істің бәрі бос» деп ұлы абыз айтқандай, бірлесе отырып, бүкіл дүниежүзі алдында Абай мұрасын жарыққа шығаруға өз деңгейімізде, өз жүрегіміздің қалауымен, оны өзімізден бастайық!

Илья ЖАҚАНОВ,

Композитор-жазушы, Қазақстан Республикасының, Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның «Отан», «Парасат», Қырғызстанның «Дәнекер» ордендерінің иегері

Тағы оқыңыз:

http://atr.kz/bez-rubriki/abajdy-t%d2%afsinip-zh%d2%afrmiz-be/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз