«Ақын болу – хақтың ісі»

муза2 Жаңалықтар

Нұрлан Мырқасымұлы Оразалин елімізге ғана емес, шет елдерге де кеңінен мәшһүр қаламгер. Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы.

муза2

Ол «Ғасырмен қоштасу» жыр кітабы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Алматы қаласы мен Алматы облысының Құрметті азаматы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. «Құрмет» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.

Ақын, драматург,  қоғам қайраткері  Нұрлан Оразалин  жақында мерейлі  70 жасқа  толды.  Осыған  орай, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубайдың  қаламгер тұлға туралы  жазған мақаласын  оқырман назарына  ұсынып отырмыз.

Ғарыштық махаббаттың тек жүзден бірін ғана Жаратушы Жерге түсірген дейді…

Қарап отырсаңыз, сол жүзден бір махаббаттың өзі-ақ жер бетінде өмірдің жалғасуына, тіршіліктің бір-бірін жоймауына, дүние көшінің іркілмеуіне жеткілікті болыпты.

Алдымен Жаратушы Ғаламды жаратыпты. Содан кейін Жер бетіндегі тіршілік тәжі – Адамды жаратыпты. Жәй жаратпапты, Адамды көркем етіп, ғажайып махаббат сыйлай отырып жаратыпты. Өзіне ұқсатып, сана беріпті, көретін көз, жырлайтын сөз беріпті. Сана мен сөзді сол илаһи сұлулық сырын ашуға бағыттапты. Сөйтіп… Өзі сүйген құлдарына өнерімен өмір жырын жырласын деп, Пайғамбарлар биік көтеріп өткен алау нұрдан от алсын деп, жан-жағына жарық таратсын деп, жер бетін бүркеген қараңғылықты серпісін деп талант беріпті.

Осы міндетті арқалап, сөз өнерімен, саз өнерімен, өз өнерімен әлемді әлдилеп, қаншама таланттар мына жұмбағы мен сыры мол, шуағы мен нұры мол жарық дүниенің тамырына қан жүгіртті. Мәңгілік дейтін киелі де қасиетті ұғымға қызмет етті…

Талант – Тәңірден дейміз. Шынында да, Талант – Хақ назары түскен пендеге   бұйырған бақ. Сондықтан да, талантты тану, насихаттау, аялау, оның Жер бетінде Алла берген «мандатын» түбегейлі игеріп, міндетін толық орындап өтуіне мүмкіндік беру – кез келген қоғамның парызы.

Шүкіршілік! Осындай таланттарға қазақтың елі де, жері де кенде емес. Соның бірі, бірегейі – Нұрлан Оразалин.

Ол өмірге ақын болып туған. Жүрегіне Жаратушы сондай мөр басқан. Жырдың нұрын Жаратушы Нұрланға мол еншілеген. Мен білетін замандас, дос, сырлас ақынның балалық шағы имани махаббатқа толы отбасында өткен. Көз ашқалы көргені – Жерұйық мекен Жетісу, Тәңіртаудың қойын-қолтығы. Тәңір берген талант оны тыныш қоймай, тым ерте қолына қалам ұстатқан… Жүрегіне жыр тұндырған… Ол – анаға деген махаббат, далаға деген махаббат, жарға деген, елге, жерге деген махаббат, яғни, мынау жарық дүние болып жар салып, жанына айрықша сезім еккен Жаратушы нұрына деген махаббат! Сол балаң сезім, тұнық ой бірте-бірте жырға айналып, қағаз бетіне қона берген, қона берген…

Бозбала күнгі бал дәуреннің біраз жырлары жадымда жаңғырып отыр. Есіме Нұрланның осыдан қырық-елу жылдай бұрын жазған өлеңдері түсіп отыр. Ол кезде Нұрланның жырларында «көктем», «көгілдір тау», «боз дала», «бозбала» деген жанды қозғайтын бейнелі, бедерлі сөздер көп болушы еді. Жалғыз Нұрлан ғана емес, ондай бейнелі теңеулерге бәріміз де әуес едік қой. Сол бозбала күнгі әуестік – ақиқатқа, ақиқат енді ұлы шындыққа айналды емес пе?!

Бәрімізді «Құдай жоқ» деп тәрбиелегенмен, ішімізден бір жаратушының барына бек сенген жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдары тудырған мына өлеңдерді қайыра оқып отырып, толқығанымды жасырмаймын.

«Ертегідей ерте көктем,

Жүрегімді өртеп өткен.

Тәңіртауды жырға бөлеп,

Сезім қылын шертеді екен…»

немесе:

«Атағы жоқ Есениндер… Жын қысқан…

Жаңғырады жатақхана өлеңі

Менің жиырма жасым мұң құшқан…

Түн ортасы…

Көше бойлап келеді.

Жауындатып келеді,

Дауылдатып келеді,

Ән-жыр кешіп келеді…

Жаңбыр кешіп келеді,

Желп-желп етіп желегі,

Менің жиырма жасым келеді…»

немесе:

«… Оңымнан соққан жел ме екен,

Солымнан соққан жел ме екен,

Салғырттау жүрген кезімде

Сабылып қайдан келді екен?!» – секілді Алматы аспанын кезген студенттік жырларды менің қатарларымның көбі жақсы біліп, жатқа оқушы еді… Сол есіме түсіп отыр. Жастық шақтың жасампаз, жарқын дауысты мұң мен сырға толы жырлары.

Бүгінгі самайды боз қырау көмген биіктен өткенге сағынышпен қараймыз. Бұл заңды.

«Өзегің талған кезде егер

Шалғынды кешіп,

Шашаны шыққа малмасаң,

Аязда, қарда тоңбасаң;

Жаңғырып аспан,

Жауында ойға шомбасаң…

Сүймесең желді,

Мінбесең жүйрік,

Көрмесең тауды, даланы,

Бұрқылдап ізде жолда шаң…

Өмірге мынау

Өле бір ғашық болмасаң –

Өлең де, жыр да, болмас ән…» – деп еді бір кезде Нұрлан ақын.

Бұл өлеңді мен кезінде 1977 жылы шыққан ақынның тілдей жұқа тұңғышы «Беймаза көңіл» жинағынан оқып едім. Балауса ақынға емес, кексе ақынға лайық ой. Жөргегінен махаббат уызына жарыған  жанға азық болар, жүрек мұңын сейілте алар ой. Біз онымен осы жинақ шықпастан 10 жыл бұрын ҚазМҰУ қабырғасында танысып едік. Ол кездегі Нұрлан шынында да «өмірге өле ғашық» періште кейіптегі бозбаладай еді… Жан-жағына тек ағыл-тегіл сезіммен, махаббат көзімен қарайтын. Айналасына көл-көсір жарығын төгіп тұратын. Одан тараған нұр жан-дүниеңді тазартып тұратын. Онымен дос болмау мүмкін емес еді. Біз бірден тіл табысып, жүре беріп едік…

Бүгіндері алыста қалған сол күндерді, сол күндердегі Нұрланды сағынамын…

Нұрланды ғана емес, бақиға ерте аттанып кеткен Сағат, Әділбек, Ризабек, Сайлаубек, Баққожа секілді қатар өскен достарды да сағынамын. Нұрқанат, Ырым, Сұлтанәлі, Әшірбектермен болған күндерді іздеймін. Сондай сәттерде Нұрланның әлгі өлеңдерін оқимын. Сағынатын өткеніміздің, сағымдай алыс көктеміміздің бары үшін тағдырға да, Тәңірге де рахмет!

Ойланып отырсақ, жас жетпіске таяған шағымызда біз қатты өзгеріппіз… Студенттік шақтағы достық қайда? Сол бір риясыз бала тазалық қайда? Ескі достарға арнаған өлеңдердің бірінде ақын осы көңіл-күйді дөп басқан екен.

«Сен – басқасың бұл күнде,

Мен де бөлек, басқамын…

Байқадың ба?

Білдің бе?..

Бәріміз де кеттік ойлап бас қамын…»

Көңіл түкпірінде жатқан ой…

Дегенмен…

Есейе келе бір нәрсені жоғалтқанмен, екінші бір нәрсені табарың анық. Поэзия бағына әуелгіде лирик болып енген ақын, жүре келе жер үстіндегі осыншама көркем ғажайып әлем бедеріне көлеңке түсіруші ібілістерді де көре бастапты. Сол адам бейнесіндегі ібілістер 1986 жылы Алматының жаңа алаңында қалай бой көрсеткенін жан-жүрегімен егіліп отырып өлең етіп өрген. Әділетті ұран қылып, теңдік сұрап алаңға шыққан періштелерді қанға бөктірген. Империяшыл ібілістерді, өзгені тең көрмейтін, өзіне қарсы келгенді қақ маңдайдан ұратын Қызыл империя жендеттерін ақын сол тұстың өзінде-ақ тұспалдап отырып жеткізгенін аңғарамыз.

«Әлденеден сескенеді жүрегім…

Таба алам ба ойдың дауа – бір емін?

Ішке түскен қайғы жаман деуші еді,

Бір жыл болды… Жерге қарап жүр елім.

Кім бар мына тарқататын дерт-ойды?

Мені алаңның шер-қайғысы өртейді.

Бір жыл болды… Қуаныштан жұрдаймын,

Ұмытқандай аспан менен жер тойды».

Немесе:

«Жаңа алаңда жарам бар жазылмаған,

Сенем ұрпақ, жендетін айыптайды» – деген 1987 жылы жазылған өлеңдер циклы соның айқын көрінісі.

Сөз жоқ, сол кез үшін батыл айтылған ой! Батыр жырлар!

Нұрланның кейінірек жазылған «Құралайдың салқыны» жинағына енген бір шумағы тілімнің ұшына еріксіз оралып отыр.

«Маған бір айбын керек асқақ үні

Сілкитін жүректер мен бастағыны.

Ғаламды ғайбаттардан қорғайтұғын

Ерлігіңіз – айбынның қас қағымы» – деген жолдар ақын аузына Құдай салғандай естіледі. Бұл, сөз жоқ, ірі ақынның ғана аузынан шығар ірі сөз!

Желтоқсан көтерілісі – ұлт санасын оятқан жаңа дәуір басы. Бұл – бүгінде дау тудырмайтын ақиқат. Біз өз бойымыз бен ойымыздағы жаңалық пен өзгеріс атаулының бәрін осы 1986 жылдың сары аязында ақ қарға нақақ төгілген қызыл қаннан бастадық. Нұрлан поэзиясында да Желтоқсан оқиғасы өзінің айшығы мен ізін анық таңбалаған.

Осылайша, ақынның күрт есеюі басталған. Оның көзіне ендігі жерде тек табиғат пен талдай сұлулардың дидары ғана емес, өмірдің күрмеуі қиын күрделі тұстары да түсе бастады. «Адамзатқа аманат», «Құралайдың салқыны» секілді жыр жинақтарына енген жырлардың мінезді, ереуілді келетіні де соның нышаны.

«Қарап тұрсаң: Бірін-бірі арбайды,

Жұбатқан боп бірін-бірі алдайды.

«Дүниенің «алды – соқпақ, арты – жар»,

Азаншысы қазаншысын қарғайды».

Немесе:

«Айту керек!

Айтпасам, жанып кетем…

Ұрпағыма болармын анық бөтен.

«Мың тірілген» халықтың «бір өлгенін»

Қайтып көрге өзіммен алып кетем?» – деп, отызыншы жылғы аштық пен геноцид қасіреті жайлы жазылған «Нәубет үні» атты өткір жырын жайбарақат оқу мүмкін емес.

Өткір жырларды өтпелі дәуірдің өртіне малынған жүрек қана жаратады.

Желтоқсан оқиғасынан кейінгі кезең Нұрлан поэзиясына орасан сілкініс алып келгенін аталған екі жинақтың кез келген бетін ашып отырып, жасқанбай айтуға болады.

Бұл кезеңде ақын өзінің өмірге деген ақындық кредосын біржола анықтаған:

«Жер бетінде іңір барда, таң барда,

Жер бетінде азап барда, ән барда,

Тыну…

Сыну…

Шет қалу – жараспайды

Ақын болып жаратылған жандарға».

Сексенінші-тоқсаныншы жылдар жырларынан ақынның, осылайша, азаматтық үнінің ширыға түскенін көреміз. Енді ол ел мен жер, халық пен ұлт қамына көбірек көңіл бөледі. «Көңіл бөледі» деу аз, тарих теңізі буырқанған тоқсаныншы жылдар басында оның да жан-дүниесі тоғыз балл толқын болып атады.

1991 жылдың күзі. Кеңес Одағының қабырғасы қақырап құлау қарсаңында тұрды. Қазақстан өз тәуелсіздігін жария-лауға әлі үш жарым айдай уақыт бар еді…

Кенет… Тамыздың 21-і күні әйгілі ГКЧП оқиғасы бұрқ ете қалды. Кеңес Одағын қалпына келтірмек болған ГКЧП елде үш күндік мемлекеттік төңкеріс жасады. Тәуелсіздік туралы тәтті қиял құрдымға кетіп бара жатқандай елестеді. Тәуелсіздік төбесін көріп отырған ұлттар мен ұлыстардың имандары мұрын ұшына келді. Бұл жайт, әсіресе, тәуелсіздік жария-лағаны, жарияламағаны бар, жаңа дәуірге бет түзеген республикалардың зиялы қауым өкілдерін қатты тіксінтті. Біреулердің ой түкпірінде жатқан «мысық дәмелерін» оятып, өткенге қайта бұрылу туралы пікір айтылса, біреулер өре түрегеліп, тарих аренасынан кетіп бара жатқан империяны қайта бұруға болмайды деп пікірлерін ашып айтып жатты. Соңғылардың арасынан депутат – қайраткер ақын Нұрланның да дауысы ашық естілді. Сол күндерде, тұп-тура 21 тамыз күні ол қолға қалам алып Нұрсұлтан Назарбаевқа қаратып,  толғап жыр жазған:

«Халық деген бір ұлы қалыпшы бар,

Қиналса да бәріне налып, шыдар.

Халық аман болса егер, ұл тумай ма

Қиын-қыстау күндерден алып шығар?!

Көкіректі тіледі қат-қабат үн,

Мәймөңкелер жәйім жоқ ақталатын.

Ел басына сын туды. Серпіл, аға,

Соқты сенің көрінер сәт-сағатың!

Алла – әділ!

Абырой болғанда, әлемді, сол санатта Алашты да Құдай сақтады. Елін соңына ерт-кен Ельцин танк төбесіне шығып, ұран салды да, ГКЧП-ны «жөргегінде тұншықтырды». Нұрсұлтан Назарбаев Ельцинді қолдап, ыдырауға бет алған қоғамға сергек баға берген демократиялық күштердің көш басынан көрінді. Арада үш жарым ай өте Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Азаттық таңы атты.

Сол тұста жазылған Нұрланның тәуелсіздік рухын асқақ жырлаған мына өлеңі маған нағыз патриоттық тыныстағы поэ-зиялық туынды ретінде ұнап еді…

«…Көгімізге көкпеңбек қып ту ілдік,

Көк Түріктен қайта түлеп туылдық.

Ой да,

Қыр да,

Ой-сана да жасарды,

Бостандықтың жаңбырына жуындық.

Тарих бізге бетін бұрды. Сеземін.

Бой көтерді «Қазақ» атты өз Елім.

Бабалардың арманы бар кеудемде,

Ғасырлардың өртеп өткен өзегін…

Келді, міне, кезегім!..»

«Біз Италия төңкерісін жасадық, енді алдымызда италия ұлтын жасау міндеті тұр» деген екен бір италияндық күрескер. Сол секілді Нұрсұлтан Назарбаев бастаған қазақ қоғамының алдында да тәуелсіздікті жариялаудан гөрі, оны ұстап тұрудың қиындығы туды. Яғни, жас Қазақстан алдына жаңа тарих таудай тауқыметтер тарт-ты. Ол таудай тауқыметтер асу бермесе, елдік пен егемендіктің жарты жолда шашылып қалу қаупі туындады.

«Елім бүгін қиналуда… Сеземін…

Ойым – он сақ, өртенуде өзегім…»

Немесе:

«Қайыршылық… Қайдан келдің? Затың кім?

Қалай менің өміріме шатылдың?

Сен келгелі тарылғандай кеңдігім,

Сені көріп көкіректе сөнді күн.

Қарақшылық, қатыгездік кірді үйге,

Сен арқылы дауға түсті Елдігім».

Немесе:

«Асу қиын, әрине… Жол – шұбалаң…

Еркін жел боп кеудеме енші ғалам.

Періден де сұраймын, періштеден,

Азаттығым аяулы болсын аман» – де-
ген ақын көкірегін жарып шыққан өртең дәуірдің өркенді жырлары өмірге келді. «Құралайдың салқынын» оқып шыққан соң, кезінде қатты тебірене толқып, ақын досымды құттықтағаным есіме түсіп отыр. Шынында да, аталмыш жинақтың өне бойындағы кернеуі жоғары көркемдік қуат қазақ зиялыларын, қалың оқырманды шынайы риза еткен болатын.

Өйткені…

Бұл жырлар – жұмыссыздық, жоқшылық, ұрлық-қарлық, қылмыс үдеген тоқсаныншы жылдардағы ақын үні еді.

Бұл жырлар халқымен бірге қабырғасы қайысқан перзенттің жанайқайы еді! Бір «измнен» шығып екінші «измге» киліккен халықтың, капиталдың қатыгез асау ағыс-өткеліне тоғытылған, жанұшырған ауыр жағдайына көз жұму мүмкін емес еді…

Тоқсаныншы жылдардағы «өтпелі кезең», бір қоғамдық формациядан екінші қоғамдық формацияға өтудің «тар жол тайғақ кешуі» кезіндегі «шок терапиясы» (естен тандыра емдеу) ақын жырларында өзінің көркемдік сұлба-көрінісін дәл тауып, әділ, адал өрілді. «Құралайдың салқыны» оқырманға сонысымен ұнады. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен…». Өзі тәлтіректеп тарихтың асау ағысына түсіп, өткел кешкен халықтың басына либерализм деген желеу-мен тұс-тұстан шіріген капитализмнің іріген идеологиясы жетіп ақтарылды. Оң-солын танып үлгермеген жастарымыздың аузына – есірткі, көзіне – порнография, қолына – секталық кітаптар, қолтығына қопарғыш қарулар тықпаланды. Ұрпақты аздырудың, ұлтты тоздырудың небір сайқал тәсілдері сырттан кірді. Біз ес жиып үлгергенше сол шеттен келген келімсектер біраз арандату, азғындату әрекеттерін жасап қалды. Осыны жан-жүрегімен сезінген зиялы қауым өкілдері дабыл қағып жатты. Жағы талғанша айтумен, жазумен болды. Соның бірі – Нұрлан Оразалин. Ұлттық иммунитетіміздің жоқтығынан шет елдің жақсысынан бұрын жаманына еліктеу етек алған тұс еді. Нәтижесінде, бұрын қазақ естіп-білмеген қылмыс түрлері халық арасынан андыздап көріне бастады. Шімірікпей адам өлтіру, қатыгездік, мәңгүрттік, суицид, гомосексуализм, педофилдік, нашақорлық, маскүнемдік, жезөкшелік, бала тастау, ата-ана тастау, жаппай ажырасу, жаппай жемқорлық, ақша үшін әке өлтіру, тағысын тағы тәрізді алып ғаламды сансырата бастаған сұмдықтардан елімізді сақтау қиынға түсе бастағаны анық. Бұл – бүгін тоқтау жасалмаса, ертең кеш болатын, ұлтты іштен жегідей жеген дерт. Дауасын іздеп аласұрмаған азамат қалмады. Бұл дерт, ұлтқа жабысқан рухани, ұждани дерт, әсіресе ақындардың тілінен у тамызды. Нұрлан ақын да бұ дерттерге шипа іздеп шарқ ұрды.

«Тоналуда, дүние қамалуда,

Аспан… Жерді… бөктіріп, Даланы уға.

Жасап жатыр пенделер ұлы қылмыс,

Жас ұрпақты үйретіп жан алуға.

Немесе:

«Алпыс екі тамырмен жосып ағын,

Су ағардай, қан емес, тосыламын.

Ібілістің ұрпағы Жердің бетін,

Жаулап бара жатқандай шошынамын».

Немесе:

«Бірін-бірі оңар ма, тонаса адам?

Алыстадым жандардан «мол асаған»,

Алдау, арбау – мінезі әзәзілдің,

Төрелік айт, жүгінем, о, Жасаған!» – деп адам жанын сақтау үшін ұмтылған күрескер жырлар – соның көрінісі.

Сонау «Сырнайлы шақ», «Беймаза көңіл» жазылған 60-70-ші жылдардан  бастап ақын жаны тыныштық таппай аласұрумен келеді. Бірақ, ол жылдар жалпы совет адамдары секілді ауызға Алла сирек түсетін жылдар еді. Сондай Құдайсыз қоғам болатын… Азаттықпен бірге Алаш шаңырағына ораза, намаз, қажылық тәрізді киелі, қасиетті ұғымдар қайта оралды. Қазақ қаламгерлері де біртіндеп иманға бет бұра бастады. Ұлтымызды рухани апаттан сақтар осынау ұлы бетбұрыс үдерісі Нұрлан жырларынан көрініс тауып, 2001, 2002 жылдардан бастап өзекті үлкен тақырыпқа айналғанын көреміз. Бұл тақырып, әсіресе, осы жылдар ішінде жазылған «Екі дүние», «Тәңірмен тілдесу» сынды жыр жинақтарынан айқын байқалады.

«Алла бар!

Болмауы мүмкін емес!

Бір күн – шындық, көрерің бір күн – елес.

Құбылыстың кез келген себебі бар,

Жаңбыр жауып, себепсіз гүл түлемес.

Қанша жылға келдің сен?

Неше күнге?

Жаратқанның бәрі де есебінде…

Тәңірінің үзілмес тұзағында,

Кемеңгер де, кеще де, мешелің де.

Алла бар!

Болмауы мүмкін емес!

Бір күн – шындық… Арбайды бір күн – елес.

Он сегіз мың ғаламның Иесі бар,

«Құдайсыз қурай сынып, жыр түлемес…»

Бұл бетбұрысты біз Нұрлан ақыннан көптен күткен едік. Осыдан бірер жыл бұрын «Тәңірмен тілдесу» атты жинақ аяқтадым» дегенде елең ете қалдық. Қатты қуандық. Міне, сол «Тәңірмен тілдесу» жинағын оқып шығып, қуанышымызды қағаз бетіне түсіріп отырмыз.

Неге?

Өйткені, 70 жыл бойы Құдайсыз коммунистік идеология илеуінде болдық дедік. Тіптен, мәңгүрт қазақтардың өлігін де арақпен аттандыра бастағанын көрдік. Тіл, дін, тарихқа негізделген дәстүрлі мәдениет мансұқталды. Мәңгүрттік марапатталып, ұлтжандылық қудаланды. Ұлт рухани деградацияға ұшырады… Тәуелсіздік таңы атқан тұста Алаш жұрты азаттық айнасына қарап, өз бейнесінен өзі шошып кетті. Алпыс екі тамырымызда қалғып жатқан имандылық оянып, ұлт кескінін реттеуге кірісті.

Бірақ… Қалай? «Рухани келбеті Құдайсыз» қоғамнан қиқаланып шыққан қазақты қалай түзетеміз? Оны мәңгүрттік, тілсіздік, дінсіздік, тіптен өз баласын қоқысқа өзі лақтырып кететін имансыздықтан қалай құтқарамыз?» деген сауал туындады. Әрбір саналы қазақ санасында…

Бұл қылмысты тыюдың жолы – түрмеге тоғыту, деді біреу. Оқыту – деді екіншісі. Тәрбие, деді үшіншісі. Рас, қылмыспен күресте бұл тәсілдердің бәрі керек. Бірақ, осынау «қазақта бұрын болмаған қылмыстар қайдан шықты?» деген сауалға келгенде күрмелдік. Бұл сауалға анық жауап таба алмай дағдарды әлгі үш ұсыныс айтқан үш мырза. Сонда оларға төртінші мырза қосылды. Сол төртінші мырза бұл сауалға «бұл қылмыстар қазақ қоғамын 70 жыл бойы жайлаған құдайсыздықтан шықты» деді. Құдайсыз қоғамимансыз қоғам. Имансыз қоғамұждансыз деді ол тағы. Ұждансыз қоғамұятсыздар қоғамы. Ұятсыз адамсайтанның семсері, деді ол тағы. Сонда не істеу керек? деген сауал туды… Дініңе орал! – деді ол сонда. Ұлы Дала елінде атеистік қоғамға дейін сіз айтып отырған қылмыстардың бірі болмаған. Ұлы Дала елін иман мыңдаған жыл сол қылмыстардан сақтап келген деді тағы да төртінші мырза.

Құдайға шүкір, бүгінде осы төртінші мырзаның қатары көбейіп келеді. Ұлы Дала елі иманға бет бұрды. Иманға қалам ұстаған қауым да бет бұра бастады. Нұрлан ақынның «Екі дүние», «Тәңірмен тілдесу» жыр кітаптары – соның дәлелі.

«…Адам Ата – Хауа Ананың ұрпағы,

Ібіліске мадақ айтып шырқады».

«…Жалғасы дәуірлердің емес пе едік…

Тағдырым! Тіл мен дінді тұсадың ба?!»

«…Керек пе? Жоқ па жыр есу

Оқырман азған заманда?!

Көлеңкеңменен күресу –

Ең ауыр міндет адамға.

Жетер ме соған күш тегі,

Көнер ме ақыл – әмірім?

Сақтай гөр, сақта іштегі

Құдіретіңді Тәңірім!»

«…Алланың Ұлы алдында,

Бейбастақ мына заманда,

Арылу керек Адамға!»

«…Пенде біткен Құдайынан адасып,

Ұмытқандай Жер есімді құндақты».

«…Тәңір Ұлы таразылап тұр қарап,

Каһарланса, дүниені ырғамақ.

Бар болу да, жоқ болу да – Құдайдан,

Күні жетсе өзен мен көл құрғамақ» – дейді Ақын.

Біз айтып отырған екі жинақта өмір, тіршілік, ұлт, ұрпақ тағдырына алаңдаған, ел, жер ертеңін ойлап, «шырылдайды жүректе бір болашақ» деп толғанған ақынның жан әлемі – кең, тынысты. Адам мен қоғам, заман мен адам, ел мен жаһан қарым-қатынасы сияқты жаңа дәуір қалыптастырып отырған «күрмеуі қиын күрделі сауалдарға» жауап іздеу, адам жанын сақтауға, махаббатты қорғауға ұмтылу – Нұрлан жырларының кредосы.

Нұрлан жырлары құрғақ дидактика мен орынсыз ақыл айтудан аулақ.

Ақынның мына бір өлеңін оқып көрейік:

«Көзіме үңіл – түнді көресің

Айменен үнсіз көріскен;

Сөзіме үңіл – мұңды көресің,

мұңды көресің,

Періштем!

Бойыма үңіл – өрді көресің

Шалғыны қалың келіскен;

Ойыма үңіл – төрді көресің,

Төрді көресің,

Періштем!

Қаныма бойла – отты көресің,

Жүрегім ыстық, өріс – кең;

Жаныма бойла – көкті көресің,

Көкті көресің,

Періштем!»

Бас аяғы үш-ақ шумақтан тұратын осы өлеңде қаншама ой, тереңдік, кеңдік, ақиқат жатыр?! Перілер қаптаған дәуірден Періште іздеу – ғаламдық өріске шыққан шынайы поэзияның өлшем-биігі! «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі» демейтін бе еді ұлы Абай!..

«Екі дүние», «Тәңірмен тілдесу» – осы рухта жазылған оқырманға берері мол, тамырын тереңнен тартар қуатты туындылар. Байқап отырғаныңыздай, тосын толғам, тосын түйін, тосын толқындар! Бұл жырларды біз тек Нұрлан Оразалиннің ғана жетістігі емес, жалпы қазақ поэзиясының жаңа дәуірдегі жаңа парақтары, жаңа үрдісі, өрісі кең өнегелі кезеңі деп бағалауымыз керек.

Өткен ғасыр басында атеистік тоқпақ тоқтатқан өлең сөздегі жұмбағы мен сиқыры мол имани дәстүр араға ғасыр салып жаңара жаңғырып, қайтадан өз жал-ғасын тапқандай!.. Сол дәстүр – иманмен суарылып, түп тамыры тереңде жатқан дәстүр Ұлы Дала әдебиетіне ғасырдан кейін жаңарып, жасарып, әлемдік соны сипатқа көтеріліп, нағыз мәдениетті поэзия үлгісінде өз кеңістігімізге қайта оралғандай…

Бұл – беріде Абайды, әріде Яссауиді аспандатқан дәстүр еді ғой! Еске алыңыз! Жыр алыптары: Руми, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Хайам, Рудаки, Науаи, Низами, Мақтымгули, Жами жырларын да мәңгі еткен сол дәстүр емес пе еді?!

Имани дәстүр!..

«Алла» деген ақынын Алласы да, әрқашан қолдап отырған… Желеп-жебеп, демеп отырған… Жолын ашып отырған…

Ертеректе жазылған бір өлеңінде Нұрлан «Ақын болу – хақтың ісі» деп еді. Бізге Хақ алдында айтар сөзіміздің әркез Адал, Әділ, Көркем болғаны керек!

(Арнайы «Атырау» газеті үшін)

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз