«Ақша да жоқ, клиент те жоқ»: АЛАЯҚҚА АЛДАНҒАН ТАКСИСТЕР

snimok ekrana 2013 06 18 v 203522 Жаңалықтар

Atr.kz/27 ақпан, 2020 жыл. «Индрайвер» қызметі арқылы 8 атыраулық такси жүргізушісін алдап соққан ақтөбелік алаяқ ұсталып, тергеу абақтысына қамауға алынды.

Көрші облыста отырып-ақ жүргізушілерді сан соқтырып кеткен күдікті айласын ғаламтор арқылы жүзеге асырған. Мұнайлы өлкеде жыл басынан бері 115 алаяқтық фактісі анықталып, 24 қылмыстық іс өндірілген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте белгілі болды.

Облыстық полиция департаменті, криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция майоры Абай Жұмабаевтың айтуынша, алаяқтық деректерінің 49,8 пайызы ғаламтор желісі арқылы жасалған. Яғни, нарықтық экономикада әлемнің әр түкпірінен айласын іске асырушылар қатары көбейіп отыр. Әсіресе, техника дамыған сайын олар да «кәсіптерінің» неше түрлі амал-тәсілдерін ойлап тауып үлгерген. Оның алдын алу бағытында 1721 ақпан аралығында өткен жедел профилактикалық іс-шара барысында 15 алаяқтық фактісі, оның ішінде 10-ы ғаламтор пайдаланушыларына байланысты алаяқтық деректері анықталды.

– Мәселен, алаяқ алдымен «индрайвер» қызметі арқылы такси жүргізушісіне хабарласып, бірнеше жерге баратынын айтып, өзгелерден көбірек ақы төлейтініне сендіреді. Қылмыскер көрсеткен мекенжайға жеткенше алдын ала 5-6 мың теңге ақша аударып жіберуін, жол бойынан дүкенге соғып азық-түлік сатып алуын өтінеді. Келген кезде барлық қаражатын қайтаратынын айтады. Ұялы телефонның ар жағындағы жанның алаяқ екенінен бейхабар жүргізуші «ақшамды кері аламын ғой»  деп клиентінеқол ұшын созады. Алайда,төлем жасалғаннан соң алаяқ абоненттік нөмірін өшіріп, ізім ғайым жоқ болады, – деп нақтылады спикер.

Бұдан басқа, алматылық күдікті арзан бағаға «Мерседес» көлігінің қосалқы бөлшектерін сатамын» деп жалған жарнамамен екі атыраулықтан яғни, бірінен- 205 мың теңге, енді бірінен – 252 мың теңгені қалтасына қағып алған. Ал, ақпан айында «30 мың теңгеңізді үш айда 50 мың етіп қайтарамын» деп уәде берген алаяқ Орал қаласынан ұсталды.

«Ватсап» интернет желісі арқылы жарнама жасап, ақшаны пайызбен көбейтеміз деп халықтың сеніміне кіріп, кейін сан соқтырып кеткен күдікті – Атырау облысының тумасы. Күні бүгінде ол жасаған 4 алаяқтық фактісі дәлелденуде. Тәртіп сақшыларының айтуынша, республика бойынша алаяқтың арбауына түсетіндердің басым бөлігі – атыраулықтар көрінеді. Сондықтан, тұрғындар қылмыскерлердің құрығына түсіп қалмас үшін абай болуды ескертеді. 

Айбөпе САБЫРОВА

http://atr.kz/bez-rubriki/atyrau%d2%93a-premer-ministr-as%d2%9bar-mamin-keldi/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз