75 бөлімнен тұратын «Қасым хан» сериалы түсіріледі

62651031 618007808687207 1100592881497800704 n Жаңалықтар

Atr.kz/16 маусым, 2019 жыл. Бұл жайында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, Отырар төбе және Отырар сапар орталығымен таныстық. Менімен бірге танымал «Ертұғырыл» сериалының авторы және режиссёрі Гюнай Метин мен журналистер барды. Жақында елімізде қазақ тарихындағы маңызды тұлға – Қасым хан туралы сериал түсірілетінін білесіздер. Елбасының арнайы шақыртуымен келген Гюнай Метин сценарий жазып, режиссёр ретінде тарихи орындарды көруге аттанды. Біз Отырар, Сарайшық, Сауран сынды қалаларымызды әлемге танытуымыз керек», – деп жазды министр.
Оның атап өтуінше, «Қасым хан» сериалы барлық жағынан маңызды жоба саналады. Үш маусым бойы ұзақтығы 75 серия түсіру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізілуде: костюмдердің эскиздері, сол кездің тұрмыстық заттары жасалуда. Жақында фильмге кастинг жарияланатын болады, оған еліміздің әртістері шақырылады. Тарихымызды әлемге көрсету мақсатында бұл сериалдың орны ерекше болмақ.
«Осыған байланысты Түркістан облысында салынып жатқан Отырар сапар орталығын көрдік. Бұл – еліміздегі ең ірі мәдени туризм орталығы. Сапар орталығын салудағы мақсат: Отырар оазисінің мәдени мұрасын еліміз бен шетелге таныстыру, тарихи-мәдени нысандарды қорғау мен сақталуын қамтамасыз ету. Сапар орталығы заманауи техникамен жабдықталған, ғылыми архив, дәріс залы, қор сақтайтын бөлмелер, шеберханалар қарастырылған. Тарихи-мәдени орындарды сақтап, оларды әлемге таныту үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қыруар жұмыс атқарып жүргені көпшілікке мәлім. Отырар сапар орталығы – осы бағыттағы маңызды қадам», – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз