Отбасын құру – жауапты қадам

отбасы Жаңалықтар

«Жастарды отбасылық өмірдің жаңа әлеуметтік рөлдеріне даярлау керек. Мұны орта мектептің жоғары сыныптарында бастаған жөн». Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  Жастар жылының ресми ашылуында баса айтып, бүгінде белең алған ажырасу мәселесіне алаңдаушылық білдірді.

IMG-20190116-WA0001

Осы орайда Үкіметке жас отбасылар мәселесіне көңіл бөлуді тапсырған Елбасының бұл міндеттемесі – дер кезінде қабылданған оң шешім. Өйткені, қазіргі таңда жастар арасында кеше ғана тойын дүркіретіп өткізіп, бүгін ажырасып кету фактілері көбейгені рас. Тұрмыс құрып, шаңырақ көтеріп, үй болудың салмағын кейбір жастарымыз аңғармай жүр. Осы орайда мектеп қабырғасында жоғары сынып оқушыларына отбасылық құндылықтарды үйретуді қолға алу маңызды. «Бүкіл әлемде қалай тұрмысқа шығуды, отбасын құруды, өзін қалай ұстау керектігін үйретеді. Ал, біз әлі ұялып жүрміз. Аналар институтын қолдаумен бірге, әкелер институтын да дамыту керек. Бозбалалардың бойына жауапкершілік сезімін дарытқан дұрыс. Бұл оңай шаруа емес» деген Мемлекет Басшысы махаббат деген көздің түп-төркіне тереңінен үңілу қажеттігін де тапсырды.

Ерлі-зайыптылар арасындағы махаббат – олардың бір-біріне деген  қамқорлығы. Олай болса, жас жұбайлар бір-бірін қай кезеңде де қолдап, сүйеп, демеп өмір сүруі керек. Тақырып аясындағы мәселелерді жас буынның санасына тереңнен сіңіруде бұл бағытта барлық мектептерде «Аналар мектебі» мен «Әкелер мектебінің» жұмысын жүйелі жүргізу қолға алынуда.

Жас шаңырақтардың күйреуіне бей-жай қарауға болмайды. Статистикаға сүйенсек, тәуелсіздік жылдары бір жарым миллион отбасы ажырасқан. Оның ширек бөлігі – алғаш отау құрғаннан-ақ некелерін бұзғандар. Мұндай жағдайға жетуімізге не себеп? Өмірде кездескен аз    ғана қиындыққа мойынсұна алмай, ажырасып кете берсек, еліміздің болашағы не болмақ? «Қазақстанның келешегі – жастардың қолында» деп ел үміт артып жатқан кезде бұл – өзімізге сын.  Сондықтан да, бұл мәселеге атүсті қарамай, оны тереңнен зерделеп алған жөн.

Елбасымыз айтқанындай, жастарға отбасылық қарым-қатынаста психологиялық және әлеуметтік қолдау білдірудің механизмдерін жасау қажет. Бұл іске бүкіл қоғам болып жұмылып атсалысуы керек-ақ.

Бердібек ТАЙЫШЕВ,

Атырау қалалық білім бөлімі

әдістемелік кабинетінің меңгерушісі.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз