240 мың педагог біліктілік арттыру курстарынан өтеді

20190504155928 Білім

Аtr.kz/4 мамыр, 2019 жыл. ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова білім беру сапасын арттыруға бағытталған шаралар туралы айтып берді.

«Ең басты мәселелердің бірі – ол білім сапасын арттыру. Ал білім беру сапасы бірінші кезекте педагогтарды даярлау сапасына байланысты. Сондықтан алдағы 2 жылда 243 мыңнан астам мектеп мұғалімдері, колледж және ЖОО оқытушылары біліктілік курстарынан өтеді», – деді министр елорда әкімдігінде көпбалалы аналармен өткен кездесуде.

Оның сөзіне қарағанда, биыл мектеп психологтары мен сынып жетекшілері біліктілікті арттыру шараларымен қамтылады. Себебі психолог көмегі балалар мен ата-аналарға, сондай-ақ мұғалімдерге де қажет болып отыр.

Бұдан бөлек, ведомство басшысы сала мамандарының арасында кімдердің еңбекақысы өсетінін айтты.

«Негізінен, еңбекақыны арттыру көмекші персоналға арналмақ, яғни балабақша тәрбиешілерінің көмекшілері, ғимарат пен ауланы жинап тазалаушылар, күзетшілер қамтылады. Келесі негізгі персонал – олар колледж оқытушылары, психологтар, мектептегі әлеуметтік педагогтар, балабақша тәрбиешілері. Осы арқылы бюджет саласындағы жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын өсіруге бөлінген қаржының 70 пайыздан астамы білім беру саласына бағытталады», – деді К. Шәмшидинова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін еорда әкімдігінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша көпбалалы аналармен кездесті.

Сонымен қатар, шараға Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қатысты.

Дереккөз: «ҚазАқпарат»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз