Ұлытау – Алтын Орданың алтын бесігі

snimok Жаңалықтар

Atr.kz/8 қараша, 2019 жыл. Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі алғашқы іс-сапарым Қарағанды облысы, киелі Ұлытаудан бастау алғанын жақсылыққа жорығаным жасырын емес.

Қарағанды облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырды. Алтын Орданың құрылуына 750 жыл толуына орай ұйымдастырылған экспедиция «Жастар жылы» аясында жастардан құрылған.

ЖҰБАН АНА КЕСЕНЕСІ

Бірінші күні Қарағанды облыстық тарихи – өлкетану музейінде пресс конференция ұйымдастырылып, экспедиция ардагер ұстаздардың ақ батасымен сапарға шықты. Алғашқы тоқтаған мекен – Жаңаарқа ауданы. Иә, күні кеше ғана 1000 (мың) күбімен қымыз пісіп, төрткүл дүниеде болмаған рекорд орнатып, Гиннестің кітабына енген өлке. Түс ауа Жұбан ана кесенесіне келіп тоқтадық. Бұл кесене – Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Сарысу өзенінің оң жағалауында орналасқан XI ғасырдың ескерткіші.

Аңыз бойынша, Сарысу өзенінің бойында Талмас ата өмір сүріпті. Ол өзінің Желмаясына мініп, Жұбан ананың басына түнейді. Кейін Болған ана, Берген ана кесенелеріне тоқтайды. Атаның Желмаясы Жетіқоңыр деп аталатын құмды өңірмен құстай ұшып өтіп, тек аты аталған кесенелерге тоқтаған деседі.

АЛАША ХАННЫҢ КЕЛІНІ МЕ ЕКЕН?

Сапарымыздың келесі күні Жезқазған тарихи – археология музейі ежелгі ата-баба дәстүрімен дәм-тұзымен құшақ жая қарсы алды. Музейдің аға ғылыми қызметкері Қабдол Жәнділдәұлы музей ішіне экскурсия жүргізді. Түстен кейін Алтын Орда дәуіріндегі көне ескерткіш – Болған анаға келдік. Ескерткіш тура жолдың бойында алыстан «мен мұндалап» тұрды. Өз заманының басқа да ескерткіштері секілді бұл да бағыт көрсетуші болған секілді.

Болған ана туралы ақпараттар XVIII – XIX ғасырларға дейін ауызша жеткен. Кейіннен кесенені толық зерттеп, нақты сипаттамасын берген – Әлкей Қаханұлы Марғұлан. Болған ананың кім болғандығы жөнінде бізге бірнеше аңыздар жеткен. Соның бірі Алаша ханның келіні болған десе, енді бірі XV ғасырдың тұсындағы ел билеушісінің әйелінің есімі деп те айтылады.

Тағы бір дерек, 2018-2019 жылдары кесенеге жүргізілген ғылыми -зерттеу жұмыстары кезінде қызғалдақ бейнесі салынған алтын тостаған, екі дана алтын сырға мен киімдер табылған. ЖОШЫ ХАН Экспедиция болады деген күннен бастап, Жошы ханның кесенесіне баруды тағатсыздана күткен едік. Ол жөніндегі аңызды білмейтін қазақ жоқ шығар?!

Кесенеге алғаш зерттеу жұмыстарын қазақтың көрнекті ғалымы Әлкей Қаханұлы Марғұлан жүргізген. Өз зерттеуі кезінде Әлкей Қаханұлы жерлеу объектісінен кірпіштерде арабша «ықпал» деген жазуды байқаған. Бұл дегеніңіз билік деген ұғымды білдірген. Кесене ішінде екі мүрденің бірі Жошы ханға тиесілі болса, екіншісі ханның бәйбішесі делінеді.

1946 жылы Жошының қабірі қазып алынады. Сол кезде мүрденің оң жақ жамбасының қалдықтары мен бешпентінің жыртындылары табылған. Жошыны құлан шайнап өлтіргені туралы аңыз да расталды.

ЕДІГЕ ДЕГЕН ЕР ЕКЕН…

Төртінші күні Ұлытау тауының 1134 шақырым биіктігіне көтерілдік. Осы биіктікке Ер Едіге жерленген екен. Біздер өзіміз ғана зорға көтерілген тауға, Едігенің табытын көтеріп шығарған халықтың күші қандай болған деген сауал басымызда жаңғырып тұрды. Соған қарағанда, халқы қатты құрметтеген болуы керек. Өйткені «бәрінен биік тұрсын» деген ниетте төбеге қойғаны анық.

Едіге би өз заманында 1380-1395 жылдары Алтын Орданың билеушісі болған Тоқтамыс ханның жанындағы сенімді серігі болады. Тоқтамыс хан екеуі бас біріктіріп, Ноғай Ордасының негізін қалайды. Бұған дәлел, қазақ, қарақалпақ және башқұрт халықтарының ауыз әдебиетінде Едіге есімі Ноғай Ордасының негізін қалаушысы ретінде айтылады.

Таудан түсіп, ерекше сезіммен Алтыншоқы шыңына бет алдық. Бұл жерге, хижра жыл санауымен 1391 жылы, өзінің 200 мың әскерімен Әмір Темір келеді. Ондағы себеп, Алтын Орда мемлекетінің ханы Тоқтамыспен арадағы келісімнің бұзылуы еді.

ЖЕЗДІ КЕНТІНДЕ

Жезді кентіндегі Мәкен Төрегелдин атындағы тау кен және балқыту ісінің музейіне бардық. Музейдің қақпасының алдында экспедиция құрамын басына ақ жаулық салған өте көрікті апай қарсы алды. Бәріміздің көңілімізді таба білген жан осы музейдің директоры Зейпін Зікірқызы екен. Музей экспозициясының басым көпшілігі ашық аспан астында орналасқан. Және де театрландырылған экскурсия арқылы мыс балқытып, қалыпқа құю өнерін көз алдымызда көрсетуі, өте ұтымды идея болды.

ТЕРЕКТІ ӘУЛИЕ КЕШЕНІ

Соңғы күні Теректі әулие кешеніне бардық. Бұл өңір туралы аңызға сүйенсек, ертеде бір жолаушы адасып, осы өңірге келеді екен. Сол кезде бұл жердің тастары қорған болып, бұлағындағы су өлімнен аман алып қалған деседі. Содан кейін бұл жер халық арасында киелі жер саналып, арнайы іздеп келушілердің қарасы көбейген. Бұл жердің тастарынан әр түрлі петроглифтерді көруге болады.

Әсіресе, жылқы малының тасқа қашалған суреттерін өте көп кездестіресіз. Комплекс тастардан тұрады. Киелі комплекстің кіру мен шығу бағытына арнайы жолдармен жүріп өтесіз. Алдымен, шамамен биікті 1,5 -2 м болатын тасқа ешкімнің көмегінсіз өзіңіз көтерелетін болсаңыз, артынан кішкене ғана қуыстан жеті рет айналып шығуыңыз шарт.

Бұл жолды өте алмаған адамның күнәсі көп деп саналады екен. Менің ерекше назарымды аударған, комплекстің ең биік төбесіндегі тастағы адамның аяғының ізі. Иә, кәдімгі аяқ іздері. Бұл жерді халық «жайнамаз» деп атайды екен. Яғни, бұл намаз парызын өтеп тұрған адамның аяқ іздері болса керек.

Айдана МҮРСӘЛИМОВА,

облыстық тарихи – өлкетану музейінің экскурсоводы,

Атырау – Астана – Қарағанды – Астана – Атырау

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз