«Қазақтың тілін білгенім үшін қуанамын» дейді Татьяна БУРМИСТРОВА

burmistrova Жаңалықтар

Atr.kz/24 қыркүйек, 2019 жыл.  Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің иегері, дәстүрлі әнші Татьяна БУРМИСТРОВА «Атырау» телеарнасы мен «Атырау» газетінің бірлескен жобасына өзі шығармашылық өмірі туралы айтып берді.

Өнерсүйер қауым атақты «үш Татьянаның» тамылжыта шырқаған  халық әндерін жалықпай тыңдаушы еді.  Cоңғы үш жылда өзіңіз өнер сахнасына қайта оралып, тыңдарманмен қайта жүздесе бастадыңыз. Бұл бір қуанарлық жайт. Жұртшылық өнеріңізді сағынып қалып па?

  – Халықпен қауышып, ел аралап, олардың ыстық ықыласына бөленіп жүргеннен кейін тамаша болып отырмын. Әрине, халық сағынып қалыпты.  Мен шығармашылық жұмысымды тоқтатқан емеспін. Қасиет деген ұғым бар ғой. Ол адам бойына қонғаннан кейін дамыл бермейді екен.

Дегенмен, жұрт «Жаныңыздағы қыздар қайда? Нендей тірлікпен айналысып жүр екен?» деп сұрап жатады. 2013 жылы елордадағы, Орталық концерт залында «Үш Татьяна – сағыныш» деген концерттік бағдарламамызды көрерменге  ұсындық. Сол кезде екі құрбымды шақырып, халықтың алдына шығардым. Оларға еркіндік беріп, залға жиналған көрерменнің  сұрағына жауап берулерін өтіндім. Екеуі де қазір ән айтуды тастап кеткен. Олар кәсіби әншілер. Түрлі жағдайларға байланысты өнерді тоқтатуға тура келген екен. Бірақ, мен өнерге қиянат жасай алмадым.

– Сіздің мамандығыңыз – адам жанының арашашысы – дәрігер. Ал, домбыра – қазақтың рухани қазынасы. Осы тұрғыда екеуінің арасынан байланыс көресіз бе?

  – Бірде Павлодардағы кеште маған «Сіз өз кәсібіңізді тастап кеткеніңізге өкінбейсіз бе?» деген сұрақ қойды. Сол кезде бір ақсақал орнынан көтеріліп «Бұл сұраққа мен жауап берейін» демесі бар ма? «Айналайын, дәрігер біздің тәнімізді емдейді. Ал, сен қазақтың қара домбырасымен жанымызды, жүректегі жарамызды емдеп, жазып жүрсің. Сондықтан, осы бағытыңнан тайма. Алла амандығыңды берсін» деген еді. Сол сөзден кейін өзімнің дұрыс келе жатқаныма тағы да көзім жеткендей болды.

– Қазіргі қазақ эстрадасы туралы пікіріңізді білсек…

  – Мұны өте орынды, әрі көпті мазалайтын сауал деуге болады. Шындығын айтқанда, қазіргі қазақ эстрадасында мағыналы әндер жоқ. «Жүрдек пойыз кетті, Саған қолым жетті». Бұл ән бе? Мұндай мәнсіз, мағынасыз әндердің барлығы той-думанға арналып шығарылады. Қазір тойдың өзінде де сән қалмады ғой. Бұрын үлкендер мен жастар бөлек тойлаушы еді. Қазіргі тойда кәрісі бар, жасы бар, бәрі бірдей секіріп билейді. Менің әкем кезінде совхоз директоры болды. Бізде тәртіп те, тәрбие де бөлек-тұғын. Сол кездегі айтылатын тілек те өзгеше еді. Қазір тілек айтуда мән-мағына қалмады. 

Қазақтың ұлттық құндылығын, дәстүрлі ән өнерін насихаттап жүрсіз. Осы әрекетіңізге өз ұлтыңыздың өкілдері қалай қарайды?

– Әрине, қызғаныш деген  бар ғой. Бірақ, олар маған айтпайды. Десе де, олардың жанарынан бәрін оқып қоямын. Жалпы, қай елдің суын ішсең, сол жердің сөзін сөйлеп, жырын жырлау керек деп ойлаймын. Мен бала кезімнен қазақы ортаға, ұлттық дүниетанымына, өнері мен мәдениетіне әуес болып өстім. Кішкентай күнімде қазаққа тұрмысқа шығамын деп отыратын едім.

– Шұрайын келтіріп сөз сөйлеуді қалай үйрендіңіз?

– Қазақтың белгілі ақын-жазушыларының кітаптарын көп оқыдым, ойға түйдім. Оның үстіне қазақы ортада көп болдым. Сонда айтылған мақал-мәтелдерді, келісті айтылған керемет сөздерді санама тоқып, құйып аламын. Ондағы мақсат – қазақтың өнерін дәріптеп жүргеннен кейін шұрайлы тілдің шырқын бұзбай сөйлеу. Қазақтың қасиетті тілін білгенім үшін қуанамын. Қазірдің өзінде де ақындарды оқып, тебіреніп отырамын.

– Отбасыңыз жайында білгіміз келеді…

  – Бір ұл, екі қызым бар. Немере сүйіп, әжелік қуаныш-бақытты сезінудемін. Қазақы дәстүр бойынша келінім Найманның қызы. Отбасымызда қазақы салт қалыптасты. Келінім әлі күнге дейін маған сәлем салады. Алғаш босағамызды аттаған кезде солай тәрбиелеп едім. Қазір жас ұлғайған сайын өзімнің сол ісіме іштей разы болып отырамын. Себебі, баланы да, келінді де бастапқыда қалай тәрбиелесең, солай жетіліп кетеді. Қыздарымды да осы бағытта тәрбиелеп, өсірдім. Өйткені, сүйген жарды қалай сүйсең, оның туғантуысын да, ата-анасын да солай құрметтеу – парыз.

Сұхбаттасқан: Балауса ПУШКИНҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз